Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мемлекеттік мәртебесі айшықтала түссін десек…

0 201

Ана тіліміз – әлемдегі әлеуетті алты тілдің бірі

Жалпы лингвистикалық өлшем бойынша әрқайсысында он миллионнан аса адам сөйлейтін әлемдегі қырықтан астам ұлттың сөздік қорына зерттеу жүргізген лингвист-ғалымдар әлемдегі алғашқы алтылыққа кіретін ұлттардың арасында сөздік қорында 12 миллион 300 мыңнан асатын сөз бар араб тілін бірінші, ағылшын тілін (750 мың сөз) екінші, қазақ тілін (600 мың сөз) үшінші, испан тілін (300 мың сөз) төртінші, орыс тілін (150 мың сөз) бесінші, қытай тілін (87019 иероглиф) алтыншы орынға қойған екен.
Ал тіл тазалығына тоқталар болсақ, бұл ретте де қазақ тілінің көптеген өзге тілдермен салыстырғанда шоқтығы анағұрлым биік екендігін айта кеткен жөн. Соның нақтылы айғағы ретінде, күні кешегі унитарлық-тоталитарлық жүйенің кезінде өзімізді ұзақ жылдар бойы тәнті болуға мәжбүрлеп келген орыс тіліндегі төлтума сөздердің ұзын саны жалпы тілдік қорының небәрі 45 пайызға жетер-жетпес бөлігін ғана құрайтындығын, қалғаны термин сөздер және түркі, герман, угор-фин, грек, роман тіл тобындағы халықтардың тілінен ауысқан кірме сөздер болып табылатындығын айтсақ та жеткілікті. Міне осы тұрғыдан келгенде, тіл тазалығы 60 пайыздың үстінде тұрған ана тіліміз тек орыс тілі ғана емес, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері көлеміндегі өзге тілдерден де әлдеқайда зор мүмкіндікке ие.

Сонау ХIХ ғасырдың екінші жартысында-ақ түркі тілдес халықтардың тілін, этнографиясы мен салт-дәстүр үрдістерін, мәдени дамуын зерттеп, ондаған ғылыми еңбектер жазған орыстың ұлы лингвист, этнограф-ғалымы, Санкт-Петербург ғылым академиясының академигі В.В.Радловтың қазақ тілінің сөз байлығына, тазалығына, шұрайлылығына, тіл қолданысындағы икемділігіне таң-тамаша қалып, оны еуропалық тілдердің ішінде сол кездегі халықаралық тіл болып саналатын француз тілімен тең қойғандығы да тегін болмаса керек. Ұлтымыздан шыққан белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың: «Қазақ тілі – аса бай тіл, икемді тіл. Қалай исең, солай иіле береді. Орамын, бұрамын тауып, қисынын, орайын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қашап, ағаш, текемет оюға болады-ау. Бұл тілден май тамады десе де сыяр. Халықтың тіліне, жырына құлақ салсаң, небір алуа шекер балдай татитын нәріне, әріне әсте тоймайсың. Ғашықпын қазақ тіліне… Осындай майда, сұлу тілді қалай өгейсуге болады», – деп айтқаны да сондықтан болар.

Тіл шұрайлылығы, тілдің қоғамдық ортадағы қолданысқа икемділігі ең алдымен көркем әдебиетте көрініс табатынын ескерсек, әлем таныған Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында – 29483, ал орыс әдеби тілінің негізін қалаған Александр Пушкиннің шығармаларында – 21197, ағылшындар пір тұтатын Уильям Шекспирде 15000 сөз бар екен. Міне, осы фактілердің өзі де санасында сәулесі бар, көңілі сергек әрбір жанға көп жайды аңғартатыны анық.
Тіл байлығы зор, сөз қадірін айрықша ұғынатын дана халқымыз ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде-ақ «сауаттылық» деген ұғым тұрғысынан әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің санатынан орын алған. Мәселен, 1897 жылғы бүкіл Ресей бойынша жүргізілген санақтың нәтижелері, негізгі бөлігі деревняда тұратын орыс халқының небәрі 30-ақ пайызының хат танығандығын, ал қазақтардың 2 пайызының орысша сөйлеп, жаза алатындығын, 60 пайызының араб графикасын пайдалана білгендігін айғақтайды. Бұл жайдың өзі, әрине, исі қазақтың перзентін молдаға оқытуға бергенде «Еті сенікі, сүйегі менікі» дейтін тілеулі сөзді неліктен айтқандығын әрі сол түпкі ниет-тілегінің зая кетпегендігін дәлелдейді.

Ашығын айту керек, тілдік әлеуетінің осындай аса қуатты болуының арқасында ғана қазақ тілі әуелі Ресей империясының, кейін коммунистік режимнің тарапынан ұлтымызға қатысты жүргізілген отаршылдық қитұрқы саясаттың зардаптарына төтеп бере алды.

Асылы, әлемдегі ұлы ойшылдардың пікірінше, бір елге баса-көктеп кірген екінші елдің жаулап алушылары бодан елді тек экономикалық қанауға ғана салып қоймайды. Олардың басты мақсаты бағынышты халықтың ұлттық құндылықтарын жадынан өшіру және тілінен айыру болып табылатын көрінеді. Біздің елімізде де халқымыздың едәуір бөлігін «мәңгүрттік» дертіне ұрындырған қасіретті іс-шаралар кешені 1926 жылдан бастау алған. Ең алдымен «ескіліктің қалдығы» деген желеу-мен Наурыз мерекесін өткізуге, ұлттық салт-дәстүрлерді ұстануға тыйым салыныпты. Оған қарсылық білдіріп, наразылығын танытқан ұлттық ақыл-ойдың бетке ұстар өкілдері итжеккенге жер аударылған. Онымен де қоймай, 1929 жылы халқымыздың 900 жылдан астам уақыт бойы пайдаланып келген араб графикасы негізіндегі жазу-сызуы латын графикасына алмастырылды. Соның зардабынан халқымыздың тек араб графикасын пайдаланатын 60 пайызы сауатсыздар қатарына қосылып, орысша хат танитын екі-ақ пайызы сауаттылар санатына ілікті.
Іле, қолдан жасалған сауат-сыздықты жою мақсатымен елді сауаттандыратын арнайы мемлекеттік құрылымдар құрылып, халықты латын графикасына үйрету жұмыстары жаппай басталып кеткен. Бірақ түпкі мақсаты тұтас ұлттарды зердесіздендіруді көздеген империялық саясат 1940 жылы латын графикасын кириллицамен ауыс-тырып, он жыл бойы ел арасында жүргізілген сауатсыздықты жою жұмыстарының нәтижелерін бір-ақ күнде нөлге апарып тірейді. Ал 1955-60 жылдардың аралығында Мәскеудің бастамасымен 700-ден астам қазақ мектебі жабылып, жұмыс істеп тұрған қазақ мектептерінің едәуір бөлігі аралас тілде оқытатын білім ұяларына айналдырылған-ды. Облыс орталықтары мен ірі қалалардағы қазақ тілінде оқытатын мектептердің саны барынша шектеліп, ұлты қазақ ата-аналар балаларын амалсыз орыс мектептеріне беруге әрі соның салдарынан республика бойынша 650 мыңға жуық қазақ баласы өзге тілде білім алуға мәжбүр болған.

Мысалы, сол тұста тұрғын-дарының тең жартысынан астамын қазақ ұлтының өкілдері құраған қазіргі Тараз, бұрынғы Жамбыл қаласында небәрі үш-ақ қазақ мектебінің (Жамбыл атындағы және теміржол мектебі, шопандардың балаларына арналған мектеп-интернат) жұмыс істегендігі де көп жайды аңғартса керек. Сөйтіп, бұрынғы унитарлық-тоталитарлық орталық жалпы білім беретін орта мектептерді ірілендіру, оларды білімді және кәсіби білікті кадрлармен қамтамасыз ету, оқу-өндірістік базаларын жетілдірілген заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтауды жақсарту деген сияқты сылтаулармен сансыз қаулы-қарарлар шығару арқылы қазақ мектептерін бір-біріне қосып, санын азайтты, мектептердің жанынан интернаттар ашып, балаларды ата-аналарынан алшақтатты, қазақ және орыс тілді сыныптарды бір мектепке тоғыстырды, осылайша төрде отырған қазақ тілін босағаға қарай жылжуға мәжбүр етті. Міне, бүкіл Қазақстанды қамтыған мұндай келеңсіз тенденция әлемдегі соңғы империялық құрылымның бодан халықтарды орыстандыруды көздейтін аса зымиян саясатының соңғы қадамдары болып табылатын еді. Дегенмен отаршыл жүйенің осынау қолданған өрескел шараларының әкелер зардаптары қаншалықты қатерлі болғанымен, дені ауылдық жерде тұратын, ондағы тілдік ортасының қаймағына қылау түспеген қазақ ұлтының 60 пайызы ана тілін сақтап қала алған-ды.

Тіл түйткілінің түйіні тарқатылмай тұр

Екі жүз елу жылдан астам уақыт отаршылдық бұғауында болып, небір қысталаң кезеңдерді бастан өткерген әрі соған қарамастан басым бөлігі бас-ты рухани құндылығы – тілін сақтап қала алған сауатты, зерделі, зейінді халқымыздың ана тілі Қазақстан тәуелсіздігін жариялап, егемендігін алған отыз жылға жуық уақыт аралығында неліктен шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне жете алмай келеді деген сауалдың бүгінде кім-кімді де толғандыратындығы белгілі. Әрі оның жөні де бар.

Біріншіден, республикамызда бұрынғы унитарлық-тоталитарлық жүйенің ұзақ жылдар бойғы өктем үстемдігі кезінде позициясын жоғалтқан қазақ тілінің төрт аяғынан тең басып кетуіне қажетті құқықтық база жасалынды. Ең алдымен мемлекеттік мәртебесі 1995 жылдың 30 тамызында өткен бүкіл республикалық референдумда қолдау тапқан Қазақстан Республикасының Конституциясында атап көрсетілді. Соның негізінде 1996 жылы еліміздің «Тіл саясаты туралы» Тұжырымдамасы, 1997 жылы «Тіл туралы» Заңы қабылданды. Оны жүзеге асыруға қатысты арнайы мемлекеттік құрылымдар құрылып, жұмыс істеуде. Осынау игі іске арналып жылма-жыл республикалық және жергілікті бюджеттерден қыруар қаржы да бөліну үстінде. Оның үстіне Мемлекет басшысы мен елдегі өкілді және өкілетті органдар тарапынан да қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге ықпал ететін нормативтік-құқықтық актілер шығарылуда.

Екіншіден, мемлекеттік мәртебе алуына байланысты тәуелсіздік жылдары қазақ тілінде тәрбиелейтін, білім беретін балабақшалардың, жалпы білім беретін мектептер мен лицейлердің, колледждердің, жоғары оқу орындарының саны әлденеше есе артты. Мысалы, 1991-2019 жылдар аралығында елімізде жаңадан 1500 мектеп салынып, пайдалануға беріліпті. Тұран университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Рахман Алшановтың келтірген деректері еліміз тәуелсіз ел атанған 1991 жылы республика мектептеріндегі оқушылардың 37 пайызы ғана қазақ сыныптарында оқығандығын, ал 2018 жылы бұл тілде білім алушылардың үлесі 65,6 пайызға жеткендігін көрсетеді. Сондай-ақ мектеп жасына дейінгі мекемелердегі қазақ топтарында тәрбиеленетін бүлдіршіндердің саны да 26 пайыздан 67,2 пайызға дейін өсіпті. Оның үстіне республикамыздағы әртүрлі меншік нысанындағы колледждер мен жоғары оқу орындарындағы қазақша оқитын студенттердің үлес салмағы да артқан. Статистикалық деректер колледждердегі 489,8 мың студенттің 59,1 пайызының, университеттер мен институттардағы 542,4 мың студенттің 64,6 пайызының қазақ тілінде білім алатындығын айғақтайды. Ал Жамбыл облысы бойынша қалыптасқан жағдайға тоқталсақ, өңірдегі 551 балабақшаның 434-і, яғни 78,7 пайызы мемлекеттік тілде тәрбие беруде. Соның нәтижесінде мектепке дейінгі мекемелердегі 56616 баланың 86,8 пайызы қазақ тілінде тәрбиеленуде. Сонымен қатар Тәуелсіздіктің 30 жылында қазақ тілінде білім беретін мектептердің санының да өсіп, 160-тан 308-ге дейін артқандығын тілге тиек еткен жөн.
Үшіншіден, соңғы жылдары белең алған оң тенденцияның бірі – Қазақстанда тұратын өзге ұлт диаспоралары өкілдерінің балаларын қазақ мектептерінде оқытуға ден қойғандығы. Бүгінде орыс, неміс, татар, өзбек, ұйғыр және өзге де ұлттардан шыққан 130 мыңға жуық оқушының қазақ тілінде білім алуы ел аумағында қазақ тілі беделінің жылдан-жылға өсіп келе жатқандығын көрсетеді.
Төртіншіден, орыс тілі басымдыққа ие болып отырған еліміздің солтүстігіндегі Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар облыстары болмаса, республикамыздың қалған өңірлерінің денінде іс қағаздары қазақ тілінде жүргізілуде, мәдени-көпшілік шаралары мен әрқилы форматтағы жиындар мемлекеттік тілде өтуде. Солардың санатында облысымызда да ішінара кейбір қаржы және коммерциялық ұйымдар мен «Қазфосфат», «Еврохим» сияқты ірі өндіріс орындарынан өзге мекеме-ұйымдардың, кәсіпорындардың, әлеуметтік нысандардың, мемлекеттік басқару органдарының ұжымдары күнделікті тыныс-тіршіліктерінде мемлекеттік мәртебеге ие – ана тілімізді кеңінен қолдануда.

Десек те, соңғы жылдары қазақ тілінің тынысын кеңейтуде мемлекет тарапынан ауқымды пәрменді шаралардың қолданылғанына, тіліміздің қолдану аясының тасбақа қадаммен болса да алға ілгерілеп келе жатқандығына, тілдік ортаның біршама кеңейгендігіне қарамастан тіліміз республикамыздағы ресми тіл – орыс тілінен теңдік ала алмай, оның көлеңкесінде қалып қойып отыр. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома – ащы шындық. Соның бір нақтылы айғағы ретінде, бүгінгі таңда кейбір қазақ мектептері оқушыларының, қазақ тілінде білім беретін бірқатар колледждер мен жоғары оқу орындары студенттерінің, көптеген отбасыларындағы ата-аналар мен балаларының өзара орыс тілінде түсінісетіндігін, әлеуметтік және тұрмыстық қызмет көрсететін нысандар мен халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметкерлерінің тұтынушылардың тарапынан қойылған сұрақтарға көбінесе орыс тілінде жауап қайтаратындығын, Үкімет құрамына енген және әрқилы деңгейдегі билік тұтқасын қолдарына ұстаған ірі шенеуніктердің біразының ана тілінен мақұрым қалып, үлкен жиындарда қазақша былдырлап сөйлеп, ел-жұртқа күлкі болып жүргендігін айтсақ та жеткілікті. Ал олардың арасында тарихи зердесінен айырылғандары қаншама.

Аралас мектептерді жабу алынбас асуға айналуда

Расын айту керек, қазіргідей қос тілділік жағдайының өзінде де қазақ тілінің тіл ретінде құрып кету қаупі сейілген жоқ. Өйткені мұндай қалыптасқан жағдай лингвистикада «тілдердің тоғысуы» деп аталады. Әрі ориенталист-ғалымдардың айтуынша, осы үдеріс кезінде белгілі бір тіл үстемдік етіп жеңіп шығады да, өзінің негізгі сөздік қоры мен грамматикалық құрылымын толық сақтап, жеңілген тілдің есебінен байи түсетін көрінеді. Тоғысу кезінде белгілі бір тілдің бәсекелесін тұқыртуы сол тілде сөйлейтін халықтың санының көптігі, саяси үстемдігі немесе сырттан көрсетілетін қолдаудың пәрменділігі сияқты мәселелермен тығыз байланысты. Ол ең алдымен екі тілдің бір дәрежеде қатар өмір сүруінен басталып, «жеңілетін» тілдің қос тілділік дәуірін бастан өткізеді де «жеңілген» тіл бірте-бірте үстем тілге бірігіп сіңісіп кетеді, яғни өмір сүруін тоқтатады. Өкінішке қарай, біздің ана тіліміз қазіргі кезеңде осы үдерісті бастан кешіруде. Бұл тенденцияға еліміздегі қазақ және орыс тілдерінде білім беретін аралас мектептердің санының да жылдан-жылға өсуі себепші болуда.
Шығыстанушы ғалымдардың айтуынша, республикамыздағы аралас тілде білім беретін мектептер Ресей империясының түркі тілдес халықтарды отарлауын жеделдетуге ықпал ететін жергілікті кадрлар даярлау мақсатымен ашқан орыс-қазақ және орыс-түзем мектептерінен бастау алады. Татар, башқұрт және қазақ сияқты «бұратана» елдерді бөлшектеп, орыстандыру саясатында тілді «қару» ретінде қолдану жөніндегі идеяның авторы, Қазан рухани академиясының ислам ілімін уағыздауға қарсы бөлімінің алғашқы оқытушысы, профессор, императорлық академияның корреспондент-мүшесі Н.И.Ильминскийдің бастамасымен ХIХ ғасырдың соңғы ширегінде тек Түркістан өлкесінде ғана 14 орыс-түзем мектебі ашылыпты. Кейін қанды төңкеріс арқылы билік басына келіп, КСРО-ны құрған бұрынғы БКП(б), кейінгі СОКП белсенділері бұл үрдісті үдере жүзеге асырып, саяси қуғын-сүргін оқиғалары белең алған, аз ұлттарды орыстандыру шаралары пәрменді түрде жүргізілген 1937-38 жылдары Қазақстандағы аралас мектептердің санын 437-ге жеткізген көрінеді. Ал өткен ғасырдың елуінші-жетпісінші жылдары аралығында қазақ-орыс тілдерінде оқытатын 1,5 мыңнан астам аралас мектеп ашылып, республика үкіметінің қаулысы бойынша қазақ мектептерінде 1-ші сыныптан бастап орыс тілі оқытыла бастаған.

Ең өкініштісі, ел егемендігінің соңғы он жылында қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге тосқауыл болып отырған аралас мектептер санының азаю орнына 108-ге көбейіп, 2255-ке жеткендігі болып отыр. Оларда оқитын балалардың қарасы да артып, 1 миллион 380 мыңнан асып жығылған. Солардың тек 691,7 мыңы ғана қазақ тілінде білім алуда. Қалғаны – орыс тілді сыныптарда оқитындар. Әрі олардың едәуірі өзіміздің қаракөз қандастарымыздың балалары.
Мұндай тенденция Жамбыл облысының білім беру саласына да тән көрініс деуге болады. Өйткені өңірдегі 122 аралас мектептің орысша оқытатын сыныптарында 10367, 11 орыс мектебінде 2938 қазақ баласы білім алуда. Бір атап өтетін жай, олардың ата-аналары орыс мектептерінің деңгейі қазақ мектептерінен жоғары деп санайды және перзенттерінің ресми тілде дәріс алып жүргенін мақтан тұтады. Әйтсе де, еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің Azattyq Rýhy сайтына берген сұхбатында ҰБТ нәтижелері бойынша қазақ тілінде оқытатын мектептердің өзге тілдегі білім ұяларына қарағанда әлдеқайда бәсекеге қабілетті екендігін айтып, ата-аналарды балаларын мемлекеттік тілде білім беретін мектептерге беруге шақырғандығы, қазақ мектептері туралы жаңсақ ойлайтын біраз адамды ойлантып тастаған сыңайлы.

Бүгінгі таңда аралас мектептерде орын алып отырған еліміздің Ата Заңына және мемлекеттік тіл туралы заңнамасына кереғар қарама-қайшылықтар республикамызды мекендейтін өзге ұлт өкілдерінің де алаңдаушылығын туғызуда. Соған орай олардың арасында аталған білім ұяларын мемлекеттік тілде білім беруге көшіру қажеттігі туралы ой-пікір білдірушілер де бар. Мәселен, өзіміздің жерлесіміз, дүнген ұлтының өкілі, Тараз қаласындағы №34 орта мектептің директоры Динара Нуралиева Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысында аралас мектептерді мемлекеттік тілде білім беруге көшіру қажеттігі жөнінде ұсынысын ортаға салып, оның бастамасы Ассамблея мүшелерінің едәуірінің тарапынан қолдау тапты.

Негізі, лингвист-ғалымдардың тұжырымдауынша, егер өсіп келе жатқан ұрпақтың 40 пайызы ана тілінде сөйлемесе, сол тілдің болашағына үлкен қауіп төнетін көрінеді. Олай болса, мемлекеттік тілдің мәртебесіне елеулі нұқсан келтіріп отырған аралас мектептерден арылудың жолдарын да қарастыра берген жөн. Бұл ретте ең алдымен Нұр-Сұлтан қаласындағы № 90 гимназияның директоры Аятжан Ахметжан мен белгілі ғұлама ғалым, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, филология ғылымдарының докторы Мекемтас Мырзахметұлының атап көрсеткеніндей, батылсыздық жасап, соның салдарынан аралас мектептердің қазақтануына тосқауыл болып отырған жергілікті білім басқармаларының жалтақтығын доғару керек. Екіншіден, республикадағы халық санының өсімі негізінен қазақ тілді ортада орын алып отырғандықтан, өңірлердегі білім беру басқармаларының басшылары мен мектеп директорларын қазақ тілін жетік білетін педагог кадрлардың арасынан іріктеп таңдап, тағайындау қажет. Тек сонда ғана аралас тілді мектептердегі қазіргі 100 пайызға жуық орыс тілінде өткізіліп жүрген мұғалімдер кеңесінің отырыстары және басқа да мектепішілік шараларын біртіндеп қазақ тілінде өткізуге көшіруге мүмкіндік туады. Әрі мұндай қадам аралас мектептерде мемлекеттік тілдің басымдыққа ие болуының басы болмақ. Үшіншіден, ұлтжанды азаматтар ата-аналарға олардың балаларының қазақ мектептерінде оқып, білім алуының ұлт келешегі және мемлекет мүддесі үшін қаншалықты маңызды екендігін түсіндіріп ұғындыру бағытында белсенді жұмыс жүргізуі қажет. Мұндай жағдайда оқушылар контингенті жетіспегендіктен, аралас мектептердегі орыс сыныптары жабылып, ондай білім ұяларын тек қана қазақ тілінде білім беруге көшіруге тура келетіндігі сөзсіз.

Құлықсыздықтан арылар кез жетті

Негізгі Заңымыз бойынша Қазақстан Республикасының федерациялық немесе конфедерациялық ел еместігі, оның унитарлық мемлекет екендігі белгілі. Нақ сондықтан да еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде мемлекеттік тіл мәртебесі тек қана қазақ тіліне берілді. Бірақ күні бүгінге дейін тіліміздің Конституцияда белгіленген гегемондық рөлін тиісті деңгейде атқаруына, бір жағынан, былқылдаған жұмсақ креслоларда отырған лауазым иелерінің мемлекеттік тіл туралы заңды жүзеге асыруға асықпауы кедергі жасаса, екінші жағынан, көптеген қандастарымыздың азаматтық белсенділігінің, ұлтжандылығының төмендігі себепші болып келеді. Тіпті олардың арасында этносаясатшы, тарихшы, бірнеше кітаптың авторы Нуртай Мустафаевтың «тілін жоғалтқан орыс тілді қазақтарды ұлттық бірегейлігінен айырылмаған қазақ қоғамындағы ерекше этникалық топ ретінде тану қажеттілігі туралы» концепциясын қолдаушылар да аз емес. Міне, осындай ілгері басу орнына кері кетуге даяр тұратын құлықсыздығымыздың салдарынан қазақ тілінің де бір кездегі шумер, арамей, латын, майя, сабей, микей тілдері сияқты өлі тілдердің қатарына қосылмасы үшін, тіліміздің өміршеңдігін қамтамасыз етуге мемлекет тарапынан қолданылатын іс-шаралармен қатар, исі қазақ атаулы қоғамдық ой-санасының деңгей-дәрежесінің жоғарылығын танытып, белсене қатысуы шарт. Осы ретте әр қандасымыздың саны аз ғана авар халқының біртума перзенті, ұлы ақын Расул Ғамзатовтың «Білсем ертең өлерін ана тілім, жаным құрбан, жолында өлем бүгін», Алашорда арыстарының бірі Халел Досмұхамедовтің «Тіл – жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел болмайды. Тілінен айрылған жұрт – жойылған жұрт», еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде. Тілсіз ұлт болмайды. Өз тілімізді сақтау, өз тілімізді құрметтеу отаншылдық рухты оятуға қызмет етеді. Әрі ол – ата-баба алдындағы ұлы парызымыз» деп айтқан және Мемлекет басшысының «Біз барлығымыз бүкіл қазақстандықтарды біріктіруші негізгі фактор – мемлекеттік тілді дамыту үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз қажет» деген ой-тұжырымдарын әрдайым жадыда ұстап, ұлттың қамын, тілдің сақталуын, дамып өркендеп қоғам өмірінен тиісті орнын алуын бүгіннен бастап ойластырып, атсалысқаны абзал. Өйткені ұзақ жылдар бойы туған топырағымызда өгейлік көріп, шетқақпай болып келген қазақ тілінің ендігі келешегі қазақ атаулының ана тіліне деген ұстанымына, көзқарасына, арақатынасына және азаматтық белсенділігі мен жан-жақты талқылаудан өткен латын графикасының жаңа нұсқасының тездетіп қолданысқа енгізілуі нәтижелеріне тікелей тәуелді.

Сапарғали ӘЛІБАЙ,
Қазақстанның құрметті журналисі,
Қазақ журналистикасының қайраткері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.