Қалалық қоғамдық-саяси газет

Абысын тату болса…

0 617

Қаласа қос үйді қоса қондырып, жекжат-жұрағаттың арасына дәнекерлік танытып, татулығын дәріптеп, бітімін біріктіреді, қаламаса ағайынның арасын ажыратып, мәңгілік қырғи-қабақ, айтыстырып қоюға да қауқары жетеді. Қоғамның айнасы, отбасының ұйытқысы әйел-аналардың қолында екені осыдан көрінеді. Бүтін бір әулеттің кескін-келбеті әйел-аналардың қабағында тұрғанын осыдан-ақ түсінуге болады.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Суретті түсірген Дионисий ПЛЯШЕШНИК

Күлсе күн, жабықса дауыл, толқытса теңіз болып тербелетін әйел атаулы – бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді қозғаушы күш. Ұлжан мен Гүлбану – абысындар. Олар нағашы мен жиенге тұрмысқа шығып, отбасының өрісін кеңейтіп отырған аяулы арулар. Бірінің тіршілігін екіншісі жауып, бірінің төркінін екіншісі демеп, жүгі жиюлы, ыдысы жуулы күйде, біріне келген қонақты бөліп-жармай бірлесе құрметтеп қарсы алып, бірлесе шығарып салып та жүр. Осы екі келіннің татулығы екі шаңырақтың адамдарының басын бір жерде тоғыстырып, татулықтың озық үлгісін көрсетіп тұр.

Ауызбіршілігі жарасқан абысындар туралы жуырда қала әкімі Ержан Жылқыбаев өзінің «Facebook»-тегі парақшасында жариялаған болатын. «Абысынның татулығы бүтін бір әулеттің бірлігіне әсер етеді. Бірге бизнес ашқан қазақтың қайсар қыздары Таразда тұрады. Ұлжан Баяділ абысыны Гүлбанумен осы істі 1 жыл бұрын үйде отырып бастапты. Алғашында балаларының жөргегі мен күнделікті шығынын өтесе деген істері айтарлықтай сұранысқа ие кәсіпке айналған. Грант иеленіп, қамыр илеп-жаятын құрылғы сатып алған. Жарты жыл ішінде дүкенді жалға алып, тағы 1 адамға жұмыс орнын ашқан. Арнайы тамақ өндірушісі ретінде сертификат алған. Ендігі мақсаттары – аудандар мен қаланың әр аумағынан дүңгіршектер ашу. Ұлжан мен абысыны Гүлбануға заңға сәйкес барлық қолдау көрсетілетінін айттым. Өнімдерінің бір түрін тұтынушы ретінде сатып алдым», – деп ізгі ниетін білдіріпті шаһар басшысы.

Біздің ұжым да қазаны оттан түспеген қос абысынмен танысу мақсатында «АсКөп» дүкеніне бет алдық.

– Бірде ойламаған жерден бір келі ет сатып алып, тұшпара жасап сатайық деп шештік. Сөйтіп, қазанды отқа қойып, тұшпараны даярлап, сатуды қолға алдық. Уақыт өте келе көрші-қолаң, туған-туыстар тапсырыс бере бастады. Күннен-күнге тасымыз өрге домалап, тек тұшпара ғана емес, самса, мәнті сынды түрлі тағамдарға да тапсырыс берушілердің саны көбейді. Сатып алушы көбейген сайын үйдегі үлкендердің біздің ісіміздің нәтижелі болатынына сенімі артты. Ата-енеміздің бізді қолдағаны күш-қуат берді. Үй шаруасы, бала-шағаның қамы мен үлкендердің қабағына қарап жүріп, сатуға арналған қамырды илеп, жайып, ет тартып, қазан асып, бәріне үлгеріп, ақша табуға да икемделдік. Тұшпарадан түскен қаражаттың бір тиынын шашау шығармай жинадық. Себебі өзіміз қолдан жасаған өнімдерді сатуға арналған дүкен ашсақ па деген ой бар еді. Қаражатты сол дүкеннің керек-жарағына жұмсауды жөн санадық. «Бастау бизнес» жобасына қатысып, грант иелендік. Сөйтіп, «АсКөп» атты полуфабрикаттар дүкенін аштық, – дейді абысындар.

Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлігі мен бесігін бірге тербетіп, тіршілігін бір табыс көзінен бастаған абысындардың ісі – көпке үлгі.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.