Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жүз жыл жырлаған жүрек

0 343

XIX ғасырдың аяғындағы қазақ поэзиясының негізгі тақырыбы қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайы болды. Соған сәйкес ақындар поэзиясының әлеуметтік маңыздылығы олардың халыққа деген көзқарасымен анықталды.

Поэтикалық шығармаларының мазмұны Отанға деген сүйіспеншілік, ерлік, сонымен қатар адамгершілік-эстетикалық тәрбие идеяларынан тұратын Жамбыл Жабаевтың шығармашылығы өзінің шынайылығымен сол дәуірдің дүрбелеңін айна-қатесіз суреттеп бере білді. Суреттеп қана қоймай, сол дәуірдегі халқының басына түскен қайғы-қасіретін шынайы сезініп, зор жауапкершілікпен көңіл бөлген Жамбылдың жырлары әлі күнге дейін өміршең қалпында. Біз ақынның ұлттық рухқа толы өлеңдерінен елге, жерге деген махаббатты бірден аңғарамыз. Оның басты себебі – ақынның жүрегіндегі Отанға деген махаббаттың өлең болып төгілуінде.


Сонымен бірге Жамбыл жырларындағы ақынның шеберлігі де бүгінде өзінің өзекті болмысымен, оқырманның өзіндік ақыл-ойының, азаматтық ұстанымының қалыптасуына оң ықпалын тигізе алатындығымен өміршең. Дәл осы ой белгілі абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлының мына пікірімен сабақтастық жатыр: «Саяси қысымы күшті елде символикалық тәсілдер мейлінше дамиды. Әдебиеттегі астарлап айту, ишарамен жеткізу дегендердің бәрі де автордың еркінен тыс әлеуметтік саяси себептерге тәуелді. Ондай тәсілдер ақынның не жазушының шеберлігіне байланысты көркемдік бағыт деңгейіне дейін көтеріледі. Бұған келісетін болсақ, бір дәуірдің әдебиеті болсын, жеке автордың шығармасы болсын ондағы көркемдік шешімнің бәрі де нақты саяси әлеуметтік тарихи себептерге байланысты болады. Мысалы, Оралхан Бөкеевтің шығармалары түгелдей торығумен, адасумен, трагедиямен аяқталады. Себебі Кеңес Одағы тұсында торықпаған, адаспаған, тірлігі трагедиямен аяқталмаған қазақ болмаған. Болғандарының өзі сол тығырыққа сөзсіз тірелетін жолда еді. Жазушы осыны өз шығармаларымен көркемдік шешімдеріне негіз етіп алады». Ал тек Жетісу өлкесіне емес, барша шартарапқа тараған Жамбыл жырлары әрдайым қазақтың басынан өткен тарихи кезеңдерден сыр шертіп қана қоймай, адамзаттың санасына сілкініс орнатуға қабілеттілігімен көркем һәм маңызды болып қала бермек. Сол себепті Жамбыл жырлары арқылы өзіміздің азаматтық ұстанымдарымызды қалыптастыру ел келешегіне тың серпіліс алып келері сөзсіз.

Мирас АМАНГЕЛДІ,
жас түлек

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.