Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қызмет сапалы болса, мәдениет те қалыптасады

0 251

«Автобусқа мінсеңіз, көтерілер еңсеңіз». Бұл сөз қаладағы бірнеше қоғамдық көліктің сыртына жазылған. Рас, ұтымды идея. Бірақ қоғамдық көліктің жолаушыға жайлы болуы көп жағдайда тұрғындар мен жүргізушінің мәдениетіне байланысты.

Сәндібек Піренов

Қоғамдық көлікті қоғамдық орын деп қабылдау керек

Әлеуметтік желіде ереже бұзған жүргізушілер, жанжалдың ортасында жиі көзге түсетін кондукторлардың әрекетін көп кездестіретін болдық. Оның дені – еліміздің оңтүстік аймағындағы қалаларда орын алған жағдай. Алыс кетпей-ақ қоялық, қоғамдық көлікпен қатынайтын тұрғындар күнде бір оқиғаның куәгері болады. Бір автобус уақыттан қалып жылдамдықты үдетсе, енді бірі, керісінше, бір аялдамада ұзақ тоқтап қалады. Сондай-ақ автобустардың жарысы, кондуктордың жолаушылармен жанжалы тұрғындарға жаңалық емес. Тіпті көліктен түсіп, жаға жыртысқандарды да көрдік. Осындайда ашынған жолаушылар кейде межелі аялдамаға жетпесе де, асыққан соң қоғамдық көліктен түсіп, таксимен баруға мәжбүр болады. Қоғамдық көлікте жүргізуші мен кондуктордан бөлек, тұрғындардың да мәдениетіне қайран қаласың. Үлкенге орын бермей жантайып отыратын кейбір жастарға қарап, жаның ашиды. Автобуста адам лық толы болса, балаларға қиын. Ыңғайлы орын таппаса, жарақат алуы да ғажап емес. 10 қаңтарда елімізде Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтіп, қала бойынша автобустар аз шықса да тегін қатынады. Карантин талаптары сақталмады. Сонда кейбір жолаушылардан «бүгін автобус тегін жүреді екен, оны ертерек білгенде таң атпастан баратын жерімізге барып алатын едік қой» деген пікірді естіп, жаға ұстадық. Әрине, кез келген келеңсіз, көмескі жағдайдың өз себебі бар екенін ұмытпаған ләзім. Осы тектес пікірлердің жиі айтылуына халықтың әлеуметтік жағдайы да әсер етеді деп топшыладық.


Өткен жылы қалада қоғамдық көліктің қызметін жақсарту үшін жергілікті әкімдік үйлесімді жұмыс бастады. Бірақ іс ә дегеннен біте қоймады. Электронды жол жүру билетіне ауысамыз дегеннен әуелі маңдайшасына «Saparсard» деп жазылған дүңгіршектер орнатыла бастады. Көп ұзамай электронды билет «Tulparсard» деп өзгертілді. Әлеуметтік желіде тұрғындар түрлі пікір айтты. Бүгінде осы бағыттағы жоспарлы жұмыс толығымен бітті. Жастар бұл өзгеріске тез-ақ бейімделді. Бірақ төлем қабылдайтын арнайы қорапшаны айналып тұрып алатын егде жастағы қарт кісілерді де көріп жүрміз. Одан қалса, төлем жасайтын сәтте жеке картасында ақшасы таусылып қалатындар да бар. Не десек те, электронды картаның пайдасы орасан. Ең әуелі қалта ұрлығынан сақтануға тиімді. Біз қаладағы қоғамдық көліктің жайы мен ондағы тәртіп жайында толығырақ білу үшін қала әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің көлік және жолаушы тасымалы секторының меңгерушісі Ғабит Алтаевты әңгімеге тартқан едік, ол да қоғамдық көлікте жиі орын алатын кемшілікті растады.

– Қоғамдық көлікте жолаушы мен жүргізушінің мәдениетін көтеру – басты орында. Соңғы екі аптада Тараз қаласы «сары аймаққа» енгелі автопарктерді аралап, онда залалсыздандыру жұмысының барысын жіті бақылап жүрміз. Электронды билет те мәдениетті көтеру бағытындағы біткен іс болды. Қазір арнайы ревизиялық бақылау қызметінде 20 адам жұмыс істейді. Олар автобустарға мініп, тұрғындарды карта арқылы жолақы төлеуге және карантин талаптарын сақтауға шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мамандардың міндеті – жолақы төлемейтін жолаушыларды анықтап, шара қабылдау, айыппұл салу. Қоғамдық көлікті қоғамдық орын деп қабылдау керек. Қаладағы автобустардың жайы, тұрғындардың мәдениеті бізге белгілі ғой. Көбіне жүргізушілердің емес, кондукторлардың мәдениетіне көңіл толмайды. Бірақ кондуктор жүргізушінің туысы не танысы болады. Оны жүргізушілер өз жұмысын жеңілдету үшін қажетсінеді. Еңбекақысын да өздері төлейді. Енді электронды билет орнатылғалы төлемді бақылайтын жұмысшыларды көптеп тартып, кондукторларды азайту міндеті тұр. Негізінде көп жағдайда басы дауға қалатындар «біркүндік» кондукторлар. Әрине, жүргізуші мен кондукторларға арналған арнайы оқу жоқ. Сол үшін де біз бұрын автопарктерде жиналыс өткізетінбіз. Кемшілік жасағандардың әрекетін сол кезде ашып айтатынбыз. Жүргізушіге тәртіп бұзғанына қарай тиісті жаза қолданылатын. Тіпті жұмыстан шығып қалғандар да болды. Жалпы кез келген жүргізуші мен тұрғындардың қоғамдық көлікте жүру ережесі бар. Жүргізуші мен жұмыс беруші арасындағы келісімшартта барлық қағида жазылған. Соны біле тұра, ереже бұзатындар бар. Электронды жол жүру билетінен кейін шағымданушылар азайды, – дейді Ғабит Серғазыұлы.

Жолақы төмен, ұтымды бастама аяқсыз қалмаса игі

Әрине, қоғамдық көліктердің қызметінде көңіл көншітпейтін мәселелер бар. Десек те, Тараз қаласы еліміздегі жолақысы төмен қалалардың қатарында. Тіпті бұрын тұрғындарға 12-13 санат бойынша жеңілдік жасалған кездер болған. Оны серіктестіктер өз қаражаты есебінен жүзеге асырыпты. Заңда көрсетілгендей, егер азаматтардың санаты бойынша жеңілдік қарастырылса, үстіндегі ақы бюджеттің есебінен өтелуі шарт. Қазір заң жүзінде автобуста жүру 7 жасқа дейінгі балаларға тегін, ал 15 жасқа дейінгі балаларға 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. Карантин кезінде бірқатар қызметтер электронды форматқа ауысып, білім беру мекемелері де қашықтан оқыта бастады. Қалаға сырттан білім алуға келетін жастар азайды. Бұл автопарктердің жұмысына тұсау болды. Жолаушылар тасымалына жауапты серіктестіктер «елдегі ахуал тұрақталса, жағдай тіктеледі» деп отыр. Былтыр коронавирус инфекциясы тараған тұста тұрғындар автобуста арақашықтық сақталмайтынын және тозығы жеткенін әлеуметтік желіге жариялап, жергілікті әкімдікке де сұрау салған. Сонымен автобустарды жаңарту мақсатында «СарыарқаАвтоПром» (Қостанай), «СемАЗ» (Семей), «Hyundai Trans Auto» (Алматы) жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдерімен кездесу ұйымдастырылып, артынша аталған компаниялардың автобустары қала көшелерінде сынамадан өтті. Тұрғындар да таңдау жасап, ақырында автопарктерге қосымша 100 автобус сатып алынатын болды. Қаладағы автопарктер соңғы рет 2018-2019 жылдары 153 жаңа автобуспен толыққан екен. Енді сынамадан өтіп, тоқтам жасалған «Hyundai Trans Auto» серіктестігінің «Golden Dragon» маркалы автобустары қашан пайдалануға беріледі?

– Иә, бізде отандық автобус-тар сынамадан өтті. Жүз автобус алу жоспарда бар. Бұл бастаманы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қолдап отыр. Жүргізуші мен жолаушы мәдениетін арттыруға оң ықпал ететін жоспарлы жұмыстың бірі – осы. Қалада жолаушылар тасымалымен айналысатын тоғыз серіктестік бар. Олардың ішінде тек бесеуі ғана бәсекеге қабілетті. Ал қалған төртеуіндегі автобустар тек бір-екі бағытта қатынайды. Енді қордаланған мәселені тиімді шешу үшін автобус әлеуметтік кәсіпкерлер корпорациясы арқылы алынады. Тек, кейін серіктестік белгілі бір уақыт аралығында автобустың құнын өтейді. Талап бойынша отандық автобустарды алу қажет. Бірақ оның бағасы қымбат, тараздық серіктестіктерге тиімді емес. Олар белгіленген жеті немесе он жылда автобустың ақысын ақтай алмаймыз деп отыр. Қазір осы мәселені оңтайлы шешудің жолы қарастырылуда, – дейді Ғабит Серғазыұлы.

Жүргізушіге жете алмай жүр

Қазір бір-екі ірі тасымалдаушы компанияның 6 автобусы бос тұр, себеп – жүргізуші жоқ. Неге? Соңғы екі-үш жылдың бедерінде өңірдегі жүргізушілердің көбісі Алматы, Астана қалаларына қоныс аудара бастапты. Тәжірибелі жүргізушілер 150 мың теңгеден аспайтын жалақыға жұмыс істеуге келіспеген. Бұл туралы көлік және жолаушы тасымалы секторының меңгерушісі Ғабит Алтаев: «Менің естуімше, Астанада жүргізуші талапқа сай жұмыс істесе, ай сайын 200-300 мың теңгені субсидия ретінде алып отырады», – деп пікірін айтты. Автобус жүргізушілерінің күрт азаюына тағы бір себеп – жүргізуші куәлігіндегі санатқа байланысты екен. Қысқа есеппен алғанның өзінде автобус тізгіндейтін азаматқа куәлік бойынша «D» санатын алу үшін кемі 6 жыл күту қажет. Бұл мәселе министрлікте де көтерілген. Бірақ жолаушылар тасымалына жауапты серіктестіктердің оң жамбасына келетін шешім әлі де қабылданған жоқ.
Жоғарыда тізіп көрсеткен мәселелердің түйіні жүргізуші мен жолаушылардың мәдениетіне тікелей қатысты. Демек, қордаланған шаруалар шешілсе, қоғамдық көліктердегі мәдениет те уақыт сәтімен жақсаратынына сенім мол.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.