Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жошы ұлысы және Қыпшақ даласы

0 866

Айқарадай кең-байтақ кеңістіктің иесі атанған ұлы түркілердің ат тұяғы тиген жерлердің барлығы да орта ғасырлардағы тарихшылардың көзімен қарап, ойымен санаса айтқанда, «Ұлы Дала» деген атауға ие болған-ды. Себебі бұл кең өрісті даланың иесі де, киесі де тек түркілер болуынан еді. Бірақ та, Ұлы Даланың атауы да түркілердің әрбір тайпасының билік басына келуімен бірге әртүрлі аталып келе жатқаны да тарихи шындық. Қыпшақ даласы, Қимақтар мекені, Оғыздар сахарасы, Жошы ұлысы атанып, кейіннен осы одақтардың бәрінің басын қосқан моңғолдардың шапқыншылығынан соң айбарлы Алтын Орда аталса, кейін келе осы даланың тұрақты иесіне айналған тайпалар бірлестігінің ұлттық мемлекеті – Қазақ даласына айналды.

Міне, осылайша Ұлы Даланың иесі болған және Қазақ мемлекетінің қалыптасу тамырының түп негізі ретінде тарихи болмысқа айналған Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының құрған ұлысының тарихын таратып жазуды жөн көрдік.

XIII ғасыр әлем өркениетінде ғаламдық қоғам құрылысының жүз пайыз өзгеруіне алып келген ұлы бетбұрыстардың кезеңі болды. Жайпап жайған дауыл дүлейдей астан-кестеңі шыққан алапат құйынның шығыстан шығып, батысты өзінің шаңды отына ораған сәті ешкім күтпеген жағдай еді. Шыңғыс хан атты қатыгез де қатал тұлғаның шашырап жүрген барша түркі руларының басын бір арнаға қосып, ортақ мемлекет түзген заңына ешқандай ұлыс қарсы шыға алмады. Табиғат жылап, тарих мұңайған, тағдыр талқыға түсіп, жазмыштан озып кете алмаған тайпалар мен рулардың еріксіз өмірдің қатаң да қатал болмысына бас июіне тура келді. Бірақ бұл бірігуден ешбірі де зиян көрген жоқ, есесіне бір орталыққа бағынған, әлем картасында абыройы асқақ биік мемлекеттер пайда болып, түркілердің ғаламды билеген қасиетті саяси-экономикалық дамуының шегіне көтерілді. Осылайша ұшы-қиыры шексіз мына далада ұлы мемлекетке айналған, қазіргі Қазақ сахарасын жайлаған ұлы Жошы ұлысы дүниеге келді.

Шыңғыс хан 1218-1222 жылдары қазіргі бүкіл Орта Азия мен Қазақ жерін толық жаулап біткен еді. Әлем әміршісі өзінің тұяғы тиген жерлерінің бәрін көзі тірісінде төрт баласына бөліп жіберді. Үлкені Жошыға Дешті Қыпшақ даласы, Хорезм жері, Русь, Кавказ және Еуропаның ат тұяғы жеткен жерлерінің барлығын құзыретіне берді. Жошыны Дешті Қыпшақ даласына тағайындап, тек соның ғана құзыретінде болатынын Шыңғыс хан көзі тірісінде табыстап берген болатын. Бұл туралы Өтеміс қажы өзінің «Шыңғыснама» атты еңбегінде: «Жошы хан Шыңғыс хан ұлдарының үлкені болды. Шыңғыс хан оған үлкен әскер беріп, Дешті Қыпшақ уәлаятын бағындырып, сол жерге тағайындап, «сенің жылқыларың үшін жайылым болсын» деді. Сонымен қатар Хорезм аймағын да тұтасымен соған берді», – дейді.

Тіптен, бұл дегеніңіз ешқандай мемлекетте болмаған кең-байтақ территория болатын. Жошы ханға да осы арқалы сары дала қатты ұнағаны соншалық, ол бұл даладай өмірінде тамаша жер көрмегенін айтқан екен дейтін деректер де бар. Ол деректер тарихшы Әл-Джузджанидің «Табакат-и Насири» атты еңбегінде: «Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы қыпшақ жерінің ауасы мен суын көргенде, бүкіл әлемде бұдан асқан жағымды жер болмайтынын, ауасы одан да жақсы, суы бұдан да тәтті, шалғындар мен жайылымдары бұлардың жерлерінен кең екенін көріп таң қалған еді», – дейді. Міне, Жошы хан үшін Дешті Қыпшақтан асқан жер бетінде жәннат бағы жоқ болатын. Ол әкесінің оған осы даланы сыйлағанына дән риза еді. Шынын айтқанда, сонау ортағасырлық тарихшылардың барлығы да қазақтың дәл қазіргі осы даласына қатты қызығып, естері кеткенше танатын-ды. Бәрі де түркінің кең-байтақ сахарасын мақтап, әрқашан өзінің жазбаларында жазып қалдыруға тырысты. Солардың бірі ортағасырлық тарихшы Фазлаллах ибн Рузбиханның «Михманнама-йи Бухара» атты еңбегіндегі: «Бұл кеңістік өзендермен, гүлдермен және қызғалдақтармен жабылған, сондықтан оны Дешті Қыпшақ деп атайды… Бұл қандай Дешті Қыпшақ! Ол – жұмақтың жалғасы. Оның өрістері мен далалары Иранның бақтарынан асып түседі. Дешті Қыпшақ жердің 600 фарсағына тең. Оның көп бөлігі өзендермен жабылған. Осы елдегі гүлдердің әдемілігі әсемпаз бұлбұлдың өзін есінен айырады. Оның барлық гүлдері мен қызғалдақтары әлемдегі басқа бақтардың гүлдері мен қызғалдақтарының мөлшеріне қарағанда бірнеше есе үлкен», – деп тамсана жазғаны осыған дәлел бола алады. Бұл дегеніңіз сонау орта ғасырларда Қыпшақ даласына ағылып келген әлемнің барлық тарихшылары қызыққан қазіргі қазақтың кең-байтақ даласы еді. Осындай сұлу да кербез күйінде көптеген жиһангездерді тамсандырған Дешті Қыпшақ ұлысы Жошыны да өз бауырына тартып алды. Сайын даланың сайыпқыран ұланына айналған Жошы хан да ұрпақтарына осы бір дархан кеңістікті ешкімге бермеуге өсиет етіп кетті. Әке өсиетіне берік болған ұлдары тарих жылнамаларында Алтын Орда деп аталып кеткен ұланғайыр жерді алып жатқан осы мемлекетті, шынында да, биік дәрежеге көтере білді. Жошының ұлдары Бату, Берке хандардың тұсында гүлденудің ең биік шегіне жетті. Тіптен, Еуропадан келген қаншама елшілердің өзі Моңғолиядағы Шыңғыстың ұлы тағында отырған ұлы ханды мойындамай, Алтын Орда хандарының бұйрығына тікелей бағынды. Олар үшін Алтын Ордадан асқан ұлы мемлекет жоқ болатын.
Ортағасырлық деректерде айтылған негізге сүйенетін болсақ, Жошының да батыр, ержүрек және өте мықты саясаткер адам болғанын жазады. Ортағасырлық тарихшы Әл-Джузджани өзінің «Табакат-и Насири» атты еңбегінде: «Жошы Шыңғыс ханның үлкен ұлы болған. Ол өте батыл, батыр және жауынгер еді. Оның күшінен әкесінің өзі қорқатын дәрежеге жетті», – деген деректі келтіреді. Міне, оның абыройының сондай асқақ болғаны соншалық, Шыңғыс ханның өзі қаймыққанын ұғынғандай болдық. Шынында да, ел арасында осындай аңыз-әпсаналардың болғаны шындық еді. Жошыдан қаймыққан інілері Шағатай мен Үкітай да оны әкесіне жамандап, сол өсектің арқасында Жошы мен әкесі Шыңғыс хан арасында алауыздық болғаны, Шағатай, Үкітайлар мен де араздық болғаны тарихтың тылсым дүниелерінің ішінде жасырынып жатқаны айтылып қалып та жүрді. Әрине, мұның бәрі өсек сөз болған күннің өзінде де «Жел тұрмаса, шөптің басы қозғалмайды» деген, ішінде ақиқаты да болуы мүмкін деп тұжырымдауға болады. Өйткені әкесінің осындай кең аумақты алып жатқан елдерді қырғынға ұшыратып, аяусыз қырғанын көріп Жошы да іштей қапа болған еді. Тағы да ортағасырлық тарихшы Әл-Джузджанидің «Табакат-и Насири» еңбегіне сөз берсек: «Дешті Қыпшақ даласында қалу мен оны өркендету туралы ойы оған ақыл болды. Әкесінің қаталдығын көріп, қасындағыларға: «Шыңғыс хан қатты кетті. Осыншама тамаша халық пен жерді және патшалықтарды құртып жатыр. Менің ойымша, әкемді аңшылықта өлтіріп, Сұлтан Мұхаммадқа жақындап, бұл мемлекетті гүлденген күйге келтіріп, мұсылмандарға көмек көрсеткен дұрыс». Оның осылай деп айтқан ойын ағасы Шағатай Үкітайға айтып, әкесіне бұл опасыздық жоспары мен ағасының ниеті туралы хабарлады. Мұны білген Шыңғыс хан өзінің сенімді адамдарын жіберіп, Жошыны улап өлтіру туралы бұйрық берді», – дейтін жазбаның өзі көптеген жайттардың бетін ашатыны ақиқат еді. Жошы мен Үкітай арасындағы мұндай келіспеушілік болғаны туралы ортағасырлық тарихшы Хамдаллах ибн Аби Бакр Мустауфи Казвини де өзінің «Та’рих-и гузиде» атты еңбегінде де айтады. «Шыңғыс ханның ұлы Жошы хан оның үлкен ұлы болды. Әкесінің бұйрығы бойынша оған Хорезм, Дашт-и Хазар, Булғар, Саксин, аландар, Аса, орыстар, Микес, башқұрттар және шеткері жерлердің бәрі сеніп тапсырылған. Жошы мен Үкітай хан арасында үнемі дұшпандық болды. Жошы хан Шыңғыс ханнан алты ай бұрын қайтыс болды. Оның орнына Үкітай хан ұлы Бату ханды сайлады», – дейді. Кім біледі, мұның ақ-қарасын Шыңғыс хан шындап барлай алған да болар, әйтеуір баласы Жошы мен Шағатай, Үкітай арасындағы алауыздыққа мән бермей, өлгенше өз сөзінде тұрып, Жошыға осындай табиғаты әсем, жері кең үлкен алқапты түбегейлі беріп кетті. Жай берген жоқ, ұрпақтарына мирас етіп қалдырды. Бұл туралы тағы да «Төрт ұлыс тарихы» деген еңбек жазған Әмір Темірдің немересі Мырза Ұлықбек те былай баяндайды: «Әділ тарихшылардың пікірінше, Сақыпқыран Ағзам Шыңғыс ханның Жошы ханға деген мейір-махаббаты шеннен артық дәрежеде ұлық болғандықтан, Шағатай мен Оқтай оған қастық етіп, ұлық өсекті таңған еді. Осы жағдай арқылы Жошы хан мен оның туыстары Шағатай мен Оқтайдың араларында көңілсіздік бар еді. Шыңғыс хан Жошы ханды ер және әйел перзенттерінің барлығынан жақсы көрді, тіпті Жошы ханды жамандықпен тілге алған әрбір кісі Шыңғыс хан алдында мақұл болмас еді», – деп Жошы мен екі інісі Шағатай мен Үкітай арасындағы алауыздықты растай түседі.

Тағы бір әңгіменің бұл жерде қозғалуы – оның мұсылмандарға көмектесу туралы айтылған ойы. Кейіннен Хорезм жерін жаулап алғанда, Хорезмшахтың Айсұлтан атты қызын қатындыққа алып, одан мұсылман әлемінің қорғаушысы болған Берке хан туғанын да тарих жақсы біледі. Қалай болғанда да, Жошы хан өзінің көзі тірісінде Шыңғыс ханның ең сүйікті ұлының біріне айналып, ұрпақтарының ішінде ең үлкен аумаққа ие болған жалғыз хан болды. Артына әлемді аузына қаратқан көреген де батыр, саясаткер де ақылды ұрпақтары қалды. Олар да бабалары Жошы хандай үлкен бедел мен абыройға ие болып өтті. Жошы көп ұзамай өлген соң, орнына екінші ұлы Бату хан отырды. Бату хан тұсында Жошы ұлысы Алтын Орда аталып, әлемді шулатқан үлкен империяға айналды. Қалалар салынып, отырықшылықтың негізі қалана бастады. Алтын Орда экономикалық-саяси тұрғыдан гүлденіп, дамып, өркендеудің биік шыңына жетті. Бату ханның да мұсылман әлеміне іш бұрғанын Әл-Джузджани «Табакат-и Насири» еңбегінде тиянақтап айтады. «Ол (Бату) өте әділ және мұсылмандардың досы болды. Оның қамқорлығымен мұсылмандар еркін өмір сүрді. Қосындарда және оның тайпаларында намаз оқитын қауым, имам және му’аззин мешіттер салынды. Оның билігінің жалғасуында және өмір бойы ислам елдеріне оның (өз еркімен), бағыныштыларынан да, оның әскерлерінен де бірде-бір бақытсыздық болған жоқ. Түркістанның мұсылмандары оны қорғау шатырының астына алып, үлкен тыныштық пен қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етті. Моңғолдардың қол астына түскен әр Иран аймағында оның белгілі бір бөлігі Батуға бағынышты болды. Ал оның аймағын құрған округтің үстіне оның мұсылман уәзірлері қойылды. Моңғолдардың барлық басшылары мен әскери басшылары оған (Батуға) бағынышты болды және оған әкесі Жошы сияқты қарады», – дейді. Яғни біз жоғарыда айтып кеткендей, Жошы хан да мұсылмандарға қарсы болмай, керісінше, олардан қолдау тауып отырғанын байқаймыз.

Бату хан өмірден өткен соң, інісі Берке хан таққа отырған кезде Жошы ұлысы ислам мәдениетінің өзегін негіз етіп алып, одан әрі гүлдетті. Қыпшақ даласы өркениеттер тоғысындағы мәдениет пен білімнің, ғылым мен өнердің шоғырланған ордасына айналып, әлем өркениетін бір жерге тоғыстырған орталыққа баланды. Шыңғыс хан тарихы туралы жазған Әл-Джузджани өзінің «Табакат-и Насири» атты кітабында Берке хан туралы да былай дейді: «1259 ж. 658/18 Желтоқсанда – 1260 ж. 5 желтоқсанда Мөңке хан өлгеннен кейін, Шығыс пен Батыстың барлық қалаларында, сондай-ақ Иран жерінде де (‘Ад-Жам), Мауараннахр мен Хорасанда да, барлық хутбалар (дұға, тілектер) Берке ханның есіміне айтылып, сұлтанға Джамал ад-Дин Ибраһим деген лақап ат берілді», – дейді. Міне, осы бір тарихи деректен-ақ Берке ханның ислам өркениетін көтеріп, дамытқанын байқауға болады.

Осылайша күннен-күнге күшейе түскен Алтын Орда мемлекеті Берке ханнан кейінгі Мөңке Темір, Өзбек хандардың тұсында да шексіз билік пен иелікке ие болып, дамыған үстіне дами берді. Ақыр аяғында хандардың тақ таласына ұласқан Алтын Орда мемлекеті өз ішінен бірте-бірте ыдырай бастады. Көптеген тайпалар мен ұлыстар, елдер мен мемлекеттер тәуелсіздікке ұмтылып, ұсақталған хандардың дәрменсіздігінің арқасында бөлініп тынды. Бөлінудің алғашқы шегі Жошы ұлысының өз ішінен екі ордаға Ақ Орда және Көк Ордаға бөлінуінен басталды. Алтын Орданың соңғы ханы деп айтуға болатын Жәнібек ханнан кейін осылайша Жошы ұлысында ырду-дырду басталып, аяғында осылай екі ұлысқа бөлініп тынды. Ол Бату ханның ұрпағы еді, оның ататегі былай таратылады: Шыңғыс хан – Жошы хан – Бату хан – Тоқан – Мөңке Темір – Тұлышы – Өзбек хан – Жәнібек хан. Бұл туралы сол заманның куәгері Му‘ин ад-дин Натанзи өзінің «Мунтахаб ат-таварих-и Му‘ини» деп аталатын еңбегінде толық баяндайды: «Осыдан кейін Жошы ұлысы екіге бөлінді. Сол қанатқа жататындар, яғни Ұлытау, Сегізағаш және Қаратал шектері Түйсен шегіне дейін, Женд және Баршынкенд төңірегі Ноғайдың ұрпақтарына бекітіліп, олар Ақ Орданың сұлтандары деп атала бастады. Ал Ібір-Сібір, Рус, Либка, Үкек, Маджар, Бұлғар, Башғұрд және Сарай-Беркеге жататын оң қанат Тоқтайдың ұрпақтарына бекітіліп, оларды Көк Орда сұлтандары деп атады», – дейді. Міне, бұл – Жошы ұлысының өз ішінен екі жікке бөлініп, айбарлы Алтын Орданың ыдырауының басы болды. Осыдан бастап Ноғай ұлысы, Ұрыс хан ұлысы, Әбілқайыр хан ұлысы сияқты бірнеше тармақтарға ыдырап, жеке-жеке хандықтардың құрылуына алып келді.

Иә, тарих бір орнында тұрмай дүние дөңгелегімен бірге дөңгеленіп, талай-талай тарихи оқиғалар мен тұлғалардың өмірде қалатын алтын атағы мен ұмытылмас тарихын жіптей тізіп жазып кетерін ешкім білген жоқ. Бір кездері атағынан ай қорыққан Алтын Орданың уақыты келгенде ыдырап, Бату, Берке хандардың кезіндегі дәуренінен айырылып, ұсақталып кететінін тарих тебершегі де білмеді. Бірақ осы ыдыраулардың соңы ататегі бір рулар мен тайпалардың қайта бастарын қосып, тарих сахнасында жаңа ұлттық мемлекет қазақ халқының басын қосып, ел болып ұйысуының негізі болып қаланды.

Асылжан Дулати,
Ш.Мұртаза атындағы
руханият және тарихтану
орталығының меңгерушісі,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.