Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жанна – ас үйдің ханшайымы

0 282

Жанна Әмірханқызы деген есім әлеуметтік желі арқылы Жамбыл жұртшылығына жақсы таныс. Әсіресе, әдебиет, сөз өнеріне жақын жандар үшін жаны жайсаң, дастарқаны мол, қонақжай һәм сұлулыққа жаны құмар ас үй ханшайымын білмейтіндер кемде-кем. Әр дәмін асқан талғаммен дайындайтын нәзік жанның шаңырағында болып, дастарқанынан дәм таттық.

Құралай ІЗЕТБАЕВА

Ол өзі дайындаған әр тағамның ерекше болуын мұқият қадағалап, әсемдігіне қатты мән береді. Жанна жайған ақ дастарқан дәмге ғана емес, әсемдікке тұнып тұруы керек. Өзі соны қатты қадағалайды. Сондықтан үйінен кісі үзілмейді, қолынан дәм татқан адам міндетті түрде екінші рет шаңырағына бас сұғып, баппен құйған күрең шайын ішіп, ерекше талғаммен сүрленген еттен сыбағасын жеп кетуге асығып тұрады. Бұған дәлел – біз Жаннаның шаңырағына барған сәтте ас үй ханшайымы әр қонаққа нақты уақыт белгілеп, әрқайсысына өзінше мән беріп, әркімді өз қадір-қасиетімен күтіп алып, шығарып салып жүргені еді.

Иә, әйел жаны қашаннан сұлулыққа, әсемдікке құштар. Ас үйге жаны жақын. Көбіне барлық нәрсені мұқият, асқан талғампаздықпен дайындап, тіпті банкіге жапқан тосаптарын ерекше әсемдікпен әдіптеп кесіп, гүлдендіріп, түрлендіріп жіберетіні әйбат көрінді. Мәселен, жарты сағаттық уақыт бөліп, қызанақ, қияр, сәбізді бүтіндей салып жаба салатын тұздықтарға екі есе ұзақ уақытын бөледі. Себебі Жанна әр жемісінің ұшын сүйірлеп кесіп, гүлдеп, әрлеп жасағанды ұнатады. Сондықтан болса керек, сәбізі күлтесінен қылтиып жаңа көрінген дала гүлін елестетсе, қызанағын тау бөктерінен арнайы терген алқызыл қызғалдақ дерсің. Ал қияр бірде жапыраққа айналса, енді бірде жасыл түсті лала гүліне айналып кетеді. Ал осындай қызықты тағамдарды жасауды жаны сүйіп, қонақтарына ерекше дәм ұсынып қана қоймай, сол дәмнің ыдыста тұрған келбет-көрінісіне де ерекше мән береді.

Жанна Әмірханқызы Жамбыл облысы, Талас ауданы, Кеңес ауылында дүние есігін ашып, Жамбыл педагогикалық колледжін тәмамдаған. Жанна отағасы екеуі бүгінде бір ұл, бір қыз тәрбиелеген асыл жар. Ол анасының өзін қаршадайынан ас үйдің тыныс-тіршілігіне баулығанын, қазақ қызы қашанда отбасы, ошақ қасында тындырымды әрі қай нәрсені болсын асқан талғампаздықпен жасағанын қадағалап, үйреткен. Бұл күнде Жанна Әмірханқызы өзі де қыздарға ас үйдің «гүлі» болуды үйретуден алдына жан салмайды. Өз қызын да қамыр жайып, ас дайындауға бала кезінен баулығанын айтады. Осыған орай апайға туған-туыс, жақындары: «Қай қызды болсын саған беру керек. Нағыз ас үйдің маманы етіп шығарасың», – деп әзіл-шынын араластырып айтып отырады.

– Менің анам сондай биязы әйел еді. Әр істеген тағамын асқан ұқыптылықпен, байыппен, тіпті зор махаббатпен дайындайтын. Мені ертеден тамаққа араластырды. Анам құрт жайып, күбі пісіп, май шайқаса да, әсемдіктің символындай көрінетін. Ол жасаған астың міндетті түрде дәмі тіл үйіру керек. Осыған асқан ыждағаттылықпен кірісетін. Тірлігі табиядай. Ет сақтап, қонақ күтуі ерекше еді. Мен қазақтың барлық ұлттық тағамдарын, одан бөлек қандай да бір жаңа, заманауи тағам көрсем, соны үйренуге, жасауға жаным жай таппай құлшынып тұрамын. Мен барлық нәрсені қолдан дайындаймын. Дүкеннен дайын нәрсені алған мүлде ұнамайды. Үйден жасалған дәмді тағамның берекесі бар. Ұлым мен қызымның ас пісіруге икемі бар. Мен қызыма дәл өзім іспетті барлық тағам түрін үйреттім. Кішкентайынан қыздың қонақ екенін айтып, қай тағам түрін болсын дәмді дайындауға баулыдым. Ал ұлым Шығыс, Еуропа тағамдарын жақсы жасайды. KFC, донер, сушидің бәрін үйден жасаймыз. Сондықтан болар, сырттағы тағамдарды ұната бермеймін. Асхана, мейрамханадан дәмін татқан дүниелерді үйге келген соң міндетті түрде жаңаша дәм қосып, өзгешелеп дайындап, өзгеріс енгізіп, еркшелеп қонаққа ұсынғанды ұнатамын, – дейді Жанна апай.

Ас үй ханшайымының тағы бір ерекше қасиеті – қай уақытта болсын оның дастарқаны қонақ күтуге сақадай сай. Мәселен, Жаннаның тоңазытқышында жартылай дайын тағам толып тұр. Ол үнемі қамыр ашытып, оны целлофанға салып қояды. Кісі келе қалған жағдайда әп-сәтте ыстық бауырсақ пісіріп бере салады. Әрі уақыт үнемдеуге де пайдалы. Тұшпара, орама, котлет те алдын ала жасалып, түйіліп, бір пісуі кем күйінде тоңазытқышта, арнайы ыдыстарда дайын тұрады.

– Әрине, қапталған, өңделген, әрленген, әдемі әрі дайын нәрсені оп-оңай сатып алуға болады. Бірақ қызым екеуміз үйде қолдан күніне бір рет жаңа әрі дайын тағам дайындауды жақсы көреміз. Менің балаларым сырттан тамақ ішіп, әлденені тіске баса салып жүруді ерсі көреді. Мен солай үйреттім. Оның себебі менің анам мені солай баулыған. Баланың әлденені жеп ойнап жүруі мәдениетке жатпайтын сияқты. Барлық нәрсе дастарқанның үстінде дайын тұрады, сондықтан ас үйімнің дастарқаны берекеге толып тұр. Мейлі күн, мейлі түн, кез келген уақытта қонақ күткенді жақсы көремін. Өзіме қонаққа барғаннан гөрі, қонақ күткен көбірек ұнайды. Менің ойымша, бұл менің қазақи болмысымнан. Қазақ қашанда қонақжай болғаны анық қой, – дейді Жанна апай.

Ақ жүзі нұрланып, үйінен дәм татқан бізді шығарып салып тұрып, келесі қонақтарын күтіп алып жүрген Жанна апайға қарап тұрып, дастарқанынан дәм үзілмей, меймандос пейілмен жүрген қазақ әйелінің образын көрдім. Ас үйдің ханшайымдары жасай берсін!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.