Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әйелді қорғау – әлемді қорғау

0 222

«Жақсы әйел жаман еркекті адам қылады, жаман әйел жақсы еркекті ада қылады» деген дана бабамыз отбасын айрандай ұйытатын да, жылуымен үйдің ішін жарық қылатын да әйел екенін айтып кеткен. Қырықшырақтыларына деген құрмет пен қамқорлық ұлтымыздың басты ұстанымдарының бірі еді. Жетімін жылатпай, жесірін қаңғыртпаған қазақ бүгін сол құндылықтарын сақтап қала алды ма?

Эльмира Мырза-Ғали

Ұлы даланы мекендеген дархан халықтың өткені мен бүгінгі тарихына үңілсек, «бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» қазақ әйелдері тек бас июге лайықты. Қазіргі қазақ қоғамындағы аруларымыз да өмірдің сан саласында аянбай еңбек етіп келеді. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына 9,7 млн әйел айтарлықтай үлес қосып, олардың өндіргені ЖІӨ 40 пайызын құрайды. Алайда әйелдердің айлық табысы әлі күнге ерлердікінен 33 пайызға кем. «Барға – шүкір, азға – қанағат» етіп дағдыланған бұрымдыларымыз тұрмыстың тауқыметіне қарамастан бала тауып, отбасының берекесін кіргізіп отыр. Әсіресе, мына пандемия тұсында көпшілігі өзін-өзі жұмыспен қамтып, жоқтан бар жасап, бала-шағасын асырау үшін қолынан келген істі табысқа айналдыруда. Тоқсаныншы жылдардың тығырығында ала дорба асынып, саудаға бет бұрған қазақ әйелдері қазір интернет кеңістігін игеріп, әлеуметтік желі арқылы пісірген тәтті тоқаштарын, тіккен көрпе-жастығын, киім дейсіз бе, тұрмысқа қажетті заттар дейсіз бе, бәрі-бәрін «Инстаграмда» алып-сатып күн көруде.

«Жақсы әйел жаман еркекті адам қылады, жаман әйел жақсы еркекті ада қылады» деген дана бабамыз отбасын айрандай ұйытатын да, жылуымен үйдің ішін жарық қылатын да әйел екенін айтып кеткен. Қырықшырақтыларына деген құрмет пен қамқорлық ұлтымыздың басты ұстанымдарының бірі еді. Жетімін жылатпай, жесірін қаңғыртпаған қазақ бүгін сол құндылықтарын сақтап қала алды ма? Анасын ардақтап, жарын аялап, қызын мәпелеп отырғандар ортамызда бар шығар. Бірақ статистикалық мәліметтер жан түршігерлік. Өкінішке орай біздің еліміздегі қылмыстың үштен бір бөлігі нәзікжандыларға қарсы жасалған болса, оның 83 пайызы жыныстық зорлыққа жатады. Қазақстанда жылына 500 әйел жұдырығын ала жүгіретін, мейірімсіз антұрғандардың қолынан қаза тапса да, 15 пайызы күйеуі оны тоқпақтауға хақысы бар деп есептейді, ал ауылдағы әйелдердің әрбір бесіншісі таяқ жеумен өткен тағдырына бойұсынып қойған. Әлеуметтік талдаулар нәтижесіне сүйенсек, өзге ұлт өкілдеріне қарағанда, өзіміздің қаракөздеріміз соққыға көп жығылады және болған жағдайды «бөрік ішінде, жең ішінде» сақтағанды жөн көреді екен. Әрине, тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесі – тек бізде ғана емес, бүкіл әлемде өзекті проблема. Дегенмен жақсысын асырып, жаманын жасыруды кішкентайынан бойына сіңіріп өскен біздің қыздарға жаның ауырып, кейде қынжыласың. Көбіне жарияға жар салып айтуға ар-ұяты жібермейді. Алайда аталған әлеуметтік проблеманы шешу үшін әлеумет болып ашық талқылап, көп болып күресуіміз қажет. Отбасылық құндылықтарды насихаттау жеткіліксіз, қыз-келіншектердің құқықтық сауаттылығын арттырып, заңды құқықтарының тапталуына жол бермеу керек. Бұл тұрғыда қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңды қабылдаудың маңызы зор. Өйткені жаңа заң жобасында ұтымды өзгешеліктер жетерлік. Мәселен, бұрын себеппен емес, салдармен күресіп келсек, енді мәселенің алдын алуды ерте кезеңнен бастау көзделіп отыр. Сондай-ақ Қазақстанда тұңғыш рет бұл сұрақпен тікелей және кешенді түрде айналысатын уәкілетті орган құрылатын болады. Ең маңыздысы, отбасының шырқын бұзар агрессорлармен психологиялық жұмыс жүргізу қолға алынбақшы. Тағы бір жетістік – ендігі жерде айыптыға қатысты шараларды қолдану үшін тек жәбірленушінің арызы немесе хабарламасы ғана емес, отбасы мүшелерінің, көршілерінің, білім беру, денсаулық сақтау, жергілікті басқару органдарының хабарламасы да негіз бола алады. Жаңа заңнамаға енгізілетін бұл өзгерістер қоғамда зорлық-зомбылыққа төзбеушілікті қалыптастыратын бірден-бір құрал болмақ.

Мақалаға арқау болған мәселеге қатысты облыстық іскер әйелдер қауымдастығы да аз жұмыс атқарған жоқ. Осы жылы Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша «Отбасын нығайту және гендерлік мәдениетті қалыптастыру жұмыстарын ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы аясында «Отбасын қолдау мектебін» ашты. Наурыз-тамыз аралығында аталған мектепке 32 әйел қайырылып, оларға заңгерлік, психологиялық кеңестер берілді. Ал қыркүйек-қараша айларында облыстық полиция департаментінің әйелдер құқығын қорғау бөлімшесінің қызметкерлерімен, отбасылық психологтармен, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандарға көмек көрсету облыстық әлеуметтік орталығының мамандарымен бірігіп онлайн-семинарлар өткізді. Оған Тараз қаласы мен аудандардан 360 әйел қатысқан болатын. Осыған орай өңірдегі іскер әйелдердің көшбасшысы, облыстық мәслихат депутаты Гүлдара Нұрымова: «Қыз-келіншектердің отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастарды реттейтін заңнаманы білуі, құқықтық сауаттылық деңгейінің өсуі түйткілді мәселелердің алдын алып, шаңырақ астында кикілжіңнің болмауын қамтамасыз етеді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарымызды жалғастыра береміз», – дейді.

Қайғыны бөліссең азаятынын, қуанышты бөліссең көбейетінін бағзыдан білеміз. Бірақ қолында барымен бөлісіп, білгенін үйрететіндер көп емес. Жылағанның көзін құрғатып, сұрағанға іздегенін тауып беріп, шапағатын тигізіп жүрген жандарға рақмет. «Көп қорқытады, терең батырады». Көп ішіндегі тентекті тезге салу үшін қоғам болып атсалысқанымыз абзал. Сонда ғана бұл әлеуметтік зауалдың алдын аламыз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.