Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ерлік ұмытылмайды

0 160

ҰОС жылдарындағы жәдігерлер сақталған «Жеңіс» саябағындағы «Даңқ» залы «Марс» операциясына қатысқан жауынгерлердің деректерімен толықты.

Сәндібек Піренов, суреттерді түсірген Юрий ЕФИМОВ

Жамбылдық жастар осыдан 10 жыл бұрын «Марс» операциясына қатысқан майдангерлерге қызығушылық таныта бастаған еді. «Марс 2009-2010» жобасы аясында жастар ұйымының белсенділері тарихи оқиғаға қатысқан сарбаздар мен оның туған-туыстарын да іздестірді.

Нәтижесінде атқарылған қыруар жұмыстар еш кетпей, жәдігерлер «Даңқ» залының музейіне қойылды. Осыған орай батыр бағландардың отбасы да музейге арнайы келіп, аталарының естеліктерімен бөлісті. Олар ардагерлерге ерекше құрмет көрсетіп отырған жастардың ісіне табыс тіледі. Құнды тарихты ұрпаққа аманаттауды көздеген көшбасшылардың қатарында Әлия Арзымбетова да болған.

– «Марс» операциясына қатысқан жауынгерлерді іздестіру жұмыстарына 39-шы Калинин майданының құрамында 100-ші және 101-ші атқыштар бригадасында 124 жамбылдық азаматтың болғаны туралы ақпаратты естігенде, бел сыбана кірістік. Аталған екі атқыштар бригадасы Ақтөбе облысы мен Алматы қаласында құрылған екен. Жалпы іздестіру жұмыстары кезінде «Марс» операциясына қатысқан 14 жауынгердің отбасын тапқанбыз. Сосын батырлардың ұрпақтарымен бірге Ресей жеріне барып, соғыста қаза тапқан аталарымызға тағзым етіп қайтқанбыз, – дейді Әлия Арзымбетова.

Сол сапарда экспедиция мүшелері тарихи оқиға болған майдан даласынан жауынгерлердің каскаларын, оқ гильзаларын, сондай-ақ бір уыс топырағын құтыға салып алып келген екен. Сол естеліктер «Даңқ» залынан ашылған бұрышта сақталып тұр. Батырлар жайында деректерді жинақтаған Мақұлбек Рысдәулет ағамыз да біраз дүниелер жазып қалдырған екен.

Бүгінде арнайы «Марс» операциясына қатысқан жауынгерлер жайлы деректер де музейге тапсырылыпты.

ҰОС ардагерлерінің өшпес ерліктерін өскелең ұрпаққа насихаттау аясында бірқатар ілкімді жобалар жүзеге асты. Бірақ соның ішінде «Марс» операциясына қатысқан жауынгерлер жайлы деректер аз. Осыдан тура 10 жыл бұрын қолға алынған жобаның жақсы нәтиже бергені қуантады. Енді алдағы уақытта бастаған іс соңына дейін жетіп, «Марс» операциясына қатысқан жауынгерлер жайлы деректер көптеп табылса, «Даңқ» залына қойылса деген тілек бар.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.