Қалалық қоғамдық-саяси газет

Батыр туса – ел ырысы

0 328

Ұлы Отан соғысы – тарихта кеңестік республиканың құрамындағы әрбір ұлт еске алғысы келмейтін қаралы жылдар болып қалды. Қираған қалалар, өртке оранған майдан даласы жанын оққа тосқан сарбаздардан бөлек те шығындар аз болмады. Уақыт сәтімен қалалар қалпына келді, жағдай тіктелді. Бірақ халықтың жан жарасын ешкім де емдей алмайды. Жыл өткен сайын сол зұлмат заманды көзбен көріп, ортасында болған ардагерлердің қатары да, өкінішке қарай, азайып барады.

Сәндібек Піренов

Газетіміздің «Менің атам майдангер» айдарының кейіпкері Ережепбай Жетібаев – бозбала шағында соғыстың ортасына түсіп, қолынан жараланған ардагер. Бүгінде Тараз қаласының тұрғыны. Ол 1925 жылы Т.Рысқұлов ауданы Абай колхозында туып өскен. Оған 1943 жылы 13 мамырда 10-сыныпты бітіріп, 18 жасқа толғанда соғысқа шақырту келеді.

– Соғыс, майдан даласындағы қанды алапатты көрмей тұрып, бала кезде көргеніміз де аз болмады. Елдегі аштықтың тауқыметі ауылдағы әр шаңырақты әбігерге түсірді. Әсіресе, отбасының асыраушысы әкеме оңай болмады. Бала болсақ та, бәрін түсінетінбіз. Сол шақта әке-шешем, екі әпкем бар– бәріміз Алатау асып, қырғыз елінің астанасы Бішкек қаласының маңындағы Беловод ауылына табан тіредік.

Бір жылдан кейін елге қайта оралдық. Тұрмыстың тапшылығы анама да ауыр тисе керек, 1938 жылы ол өмірден озды. Жарытып оқу оқығанымыз да жоқ. Көбіне тылдағы жұмыста «Бәрі де жеңіс үшін!» деп ұрандатып астық жинайтынбыз. Сөйтіп жүргенде, 10-сыныпты бітірер шақта 18 жасқа толдым. Содан Меркі ауданындағы военкоматқа аудан-ауылдардан 37 бала жиналдық. Бәрі де өзім секілді 18 жасқа енді толған бозбалалар еді. Сол жерде үш күн жатып, пойызбен жүріп кеттік, – дейді Ережепбай ата.

Майдангердің айтуынша, соғысқа алынғандар әуелі Ақмола облысындағы полкте 6 ай оқу-жаттығудан өткен. Сол жерде ұрыс тактикасына дайындалып, әбден шыңдалған. Ақырында 1943 жылы қыркүйекте Томскіден өтіп, ары қарай Ленинград фронтына түскен. Сөйтіп, полигонда атқыштардың қатарында болған Ережепбай Жетібаев 1071-ші атқыштар полкінде жүріп соғысқа араласқан.

– Ленинградты азат етуге, неміс әскерінің құрсауын бұзуға Қазақстанда құрылған 310 және 314-ші дивизия жұмылды. Мен ол кезде 361-ші атқыштар дивизиясының қатарындағы жауынгер болдым. Неміс басқыншыларына қайта бас көтеріп, Ленинградтағы Псков, Вологда қалаларын азат етуге қатыстым. Екі жақта да жау бағынды. Алғаш майдан даласында СВТ-40 винтовкасымен ұрысқа түссем, кейін ППШ автоматымен жауға қарсы шықтым. Сол 1944 жылдары неміс әскерінің тегеуріні соғыстың басталған шағындағыдай емес еді. Ақырында тоқтаусыз ұрыстан соң, жау жағы батысқа қарай шегінуге мәжбүр болды.

Мұның барлығынан барлаушы топ хабардар еді. Бірақ барлаушының айтқаны айдай келмейді ғой. Бір жолы жау тұтқиылдан төніп, біздің әскерді басып қалғысы келді. Ойламаған жерден біздің взвод жау ортасында қалып қойды. Қиян-кескі ұрыс сонда басталды. Майдан даласы, командирдің бұйрығы талқыланбайды. 1944 жыл 17 шілдесі болатын. Жастық шақ, бойда қаны қайнаған әскерилер Отан үшін бәріне дайын болды.

Ол жерден де дін-аман шықтым. Одан кейін немістер басып алған тағы бір Псков деген қаланы азат ету керек деген тапсырма келді. Бұл 1944 жылдың қыркүйек-қазан айлары еді. Командирдің бұйрығымен алға ұмтыла жүріп «уралап» соғыстық. Ілгері жылжып, жата қалып жау жаққа оқ жаудырып жатырмыз. Кенет жүгіре басып, жерге аунағаным сол еді, қолыма ауыр нәрсе тигендей болды.

Қарасам, қан ағып жатыр. Жараланғанымды білдім. Сол кезде қырағы командир, кіші сержант Соколов мені байқап қалды. Олар алға шығып, жауды ығыстырып жатты. Мен қайда жүрерімді білмей қалдым. Сол жерде аз жатпадым. Ымырт жабылды. Алдыма қарай бергенім сол еді, үш кісінің төбесі көрінді. Бірден жау жағы ма екен деген ой келді. Мылтығымды оқтап дайын жаттым. Сөйтсем, жараланған біздің жауынгерлер екен. Оның ішінде командир де ауыр жараланып, екі жағынан сарбаздар демеп келе жатыр екен. Содан жараланғандар әуелі Ленинградтағы әскери госпитальге жөнелтілді. Кейін мені Вологда қаласына ауыстырды, –дейді ардагер.

Вологда қаласында 6 ай жатқан Ережепбай Жетібаевтың мәселесін комиссия қарап, жарақатына байланысты елге оралады. Ауылға келген соң, аудандық білім бөлімі 10 жылдық білімі бар Ережепбайға бастауыш сынып мұғалімі болуды ұсыныпты. Ол Қазақ колхозында бір жыл ұстаздық етіп, кейін бала саны көп Жалпақсаз ауылына ауысады. Сол жерде 8 жыл еңбек етіп, отбасын құрған. Кейін өзі туып өскен Абай ауылына көшіп келген.

Майдангер соғыстан кейінгі жылы Жамбыл педагогикалық училищесін бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша оқып бітірген. Өз ауылындағы мектепте 55 жасына дейін еңбек етіп, зейнетке шыққан. Одан кейін 25 жылында ұстаздық еткен Ережепбай Жетібаев 6 жыл ауылдық кеңестің төрағасы болған. 2001 жылы облыс орталығы Тараз қаласына көшіп келген. Қазір екі ұл, бір қызынан 12 немере мен шөбере сүйіп отыр.

Ардагердің кіші қызы, екі келіні, немересі мен өзін қосқанда бір шаңырақтан бес бірдей мұғалім шыққан. Балаларының барлығы да өмірден өз жолын тауып, іске бірден араласып кетті. Бұралаң қилы тағдырдың басқа салғанын көрмейсіз бе, ардагердің кіші ұлы Есенғали Жетібаев шілде айында елде тараған індетпен ауырып, бақилық болыпты. Артында әйелі мен бір қызы қалған. Бұл оқиға Жетібаевтар әулетінің қабырғасын қайыстырды.

Ардагердің өмірлік серігі Мәншүк Жетібаева да Ережепбай атаның жағдайын бақылап, қарайласудан жалыққан емес. Әрі учаскелік дәрігерлер де атаның жағдайын жиі сұрап тұрады екен. Ардагердің өзі жер үстінде ешбір адам баласы соғыстың зардабын көрмесін деп тілейді.

– Майдан даласы, ажал қайдан төніп келетінін білмейсің. Қарша бораған оқ, жарылған снарядтар, жараланған сарбаздар – сол далада күнде көретін жағдайға айналды. Тіпті кейде кіммен алысып жатқаныңды ұмыттырып жібереді. Бірақ жүрегіңнің түбіндегі ой маза бермей, Отанға деген құрмет пен елді жаудан босату міндеті тұрғанын түйсінесің. Қару алып майданға кіріп, жауға ұмтыласың. Бірақ бұл ұмтылыс соңғы шабуыл болып қала ма, ол да белгісіз. Әйтеуір үміт оты ешқашан сөнбейді. Біз бұған шүбәсіз сендік,– деп ардагер жүрек түбіне бойлап сыр ақтарды.

Бүгінде Ережепбай Жетібаевтың үйіне жағдайын сұрап келетін азаматтар көп екен. Бұдан бөлек, мемлекет тарапынан да қолдау көрсетілуде. Бұл, әрине, майдан даласында Отан үшін жанын беруге дайын болған майдангерге көрсетілген құрмет. «Батыр туса – ел ырысы» деген осы екен.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.