Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ата-аналар алғысқа бөленді

0 349

Қала күні қарсаңында Б.Момышұлы атындағы №45 мектеп-гимназиясында білім беру ұйымындағы белсенді ата-аналар марапатталды.

Арайлым Бақытжанқызы. Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Жиынға қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаев, шаһардың бас ұстазы Саясат Есеев пен белсенді ата-аналар қатысты. Алдымен сөз алған қала әкімдігі білім бөлімінің басшысы Саясат Керімбекұлы:

– Жалпы білім беретін мектептерде білім алатын 76926 оқушы 41342 отбасында тәрбиеленеді. Білім мекемелерінде оқушы мен сынып жетекші, ата-ана мен педагог арасында байланыс орнату мақсатында ата-аналар комитеті құрылған. Онда 541 ата-ана қоғамдық бағытта мектеп әкімшіліктерімен етене тығыз байланыста жұмыс атқарып келеді. 2020-2021 оқу жылының басында жас ұрпақты өсіру мен білікті азамат тәрбиелеуде қоғамдық жұмыстарға белсене қатысу үшін комитет төрайымын (төрағасын) анықтау (сайлау) жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 60 мектептің комитеттері анықталып, Ғалия Рысбаева қалалық комитет төрайымы болып сайланды, – деді бөлім басшысы.

Өткен оқу жылы ата-аналар тарапынан тәрбиелік, парасаттылық пен қауіпсіздікке негізделген шаралар аясында 121 кездесу, 10 дөңгелек үстел, 146 жиналыс және 5 үндеу жарияланып, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында 25 рейдтік жұмыс атқарылыпты. Нәтижелі жұмыстың барлығын тыңдаған шаһар басшысының орынбасары Алмас Садубаев: «Ұстаз – мектептің жүрегі болса, ата-аналар мұғалімдерге қашанда қолдау көрсету керек. Атқарылып жатқан жұмыстар аз емес, бірақ мұнымен тоқтамай, ата-ана, ұстаз, мектеп басшылығы қоян-қолтық жұмыс жасау керек. Бала біздің болашағымыз. Сондықтан белсенді ата-аналар үйде отырған, көпбалалы ата-аналарды ортаға қосып, оларды да қоғамдық жұмыста белсенді болуға шақырайық» – деді.

Бұдан кейін қала әкімі Айтқазы Қарабалаевтың арнайы Алғыс хаттары 10 ата-анаға тапсырылды. Олардың ішінде №3 мектеп-лицейінің ата-аналар көмитетінің төрағасы Ринат Нұрақбаев, №8 мектеп-гимназиясының ата-аналар көмитетінің төрайымы Ғалия Рысбаева, №5 мектеп-гимназиясының ата-аналар көмитетінің төрайымы Ләззат Сейсембекова, №45 мектеп-гимназиясының ата-аналар көмитетінің төрайымы Дина Сарсенова, №53 мектеп-гимназиясының ата-аналар комитетінің төрайымы Гулиса Халықтаева мен №44 орта мектептің ата-аналар көмитетінің төрайымы Айнаш Сарманқұлова, №25 орта мектептің ата-аналар көмитетінің төрайымы Айткүл Қосарова, №12 мектеп-гимназиясының ата-аналар көмитетінің төрайымы Шарбану Желдібаева, №1 мектеп-гимназиясының ата-аналар комитетінің төрайымы Елена Байжанова және №60 орта мектептің ата-аналар комитетінің төрайымы Гүлпар Қапбарова бар. Жиын соңында әр ата-ана алғыстарын білдіріп, комитет құрылғалы алғаш рет Алғыс хатқа ие болып жатқандықтарын жеткізді. Сонымен қатар комитет төрайымдары өз ұсыныстарымен де бөлісті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.