Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алтын Орданың түркілік негіздері

0 503

Биыл Ұлық ұлыс – айбынды Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл толып отыр. Осыған орай Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алтын Орданың 750 жылдығын лайықты атап өту туралы сөздерін зор ықыласпен қабылдадық.

Осы тұрғыда, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Ұлытау төріндегі сұхбатын еске алсақ, онда Елбасы: «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек. Біз кеше ғана пайда бола қалған халық емеспіз. Ал Ұлытау – жоғарыда айтылған ғұндардың да, көк түріктердің де, Алтын Орданың да орталығы болған жер. Өзінің тұрған жері – Қазақстанның кіндік ортасы. Бұл жер сонау Жошы ханның да, Алаша ханның да, Тоқтамыстың да, Едіге батырдың да – бәрінің көзін көрген шығар. Осындай әулиелі жерден қуат алған халқымыз ата-бабалар жолымен жүреді деп санаймын. Ол жол – сара жол, Мәңгілік Елдің жолы!», – деген болатын.

Енді, осы Алтын Орданың құрылу тарихына экскурс жасар болсақ, онда 1227 жылы Шыңғысхан қайтыс болғаннан кейін 1235 жылы Қарақорымда өткен монғол ақсүйектерінің құрылтай жиналысы Шығыс Еуропаға жаңа жорық жасауға шешім қабылдағандығын, монғол әскерлерін Шыңғысханның мұрагер немересі, Жошының екінші ұлы Бату басқарғандығын еске түсіруге болады.

Бату әскері 1236 жылы Камадағы бұлғарларды, мордваларды талқандап, 1237 жылы орыс мекендері Рязань, Мәскеу, Владимирді ойрандаса, 1239 жылдың басында Перяславль қаласын, онан кейін Чернигов қаласын алып, оларды өртеп күлге айналдырды. 1240 жылдың күзінде Бату Киевті талқандады, кейіннен Польшаны, Венгрияны, Чехияны және басқа да елдерді басып алды. Ағылшын тарихшысы Е.Д.Филлипс қыпшақтардың ханы ретінде атаған Батудың екпінді жорығы барысында монғолдар кең-байтақ жерге ие болады.Бұл жерде Филлипстің сөзіне түсіністікпен қарауға әбден болады. Себебі, бағамдап қарасақ, Шыңғыс хан 1219-шы жылы Қазақстан территориясына өзінің әскери жорығын бастағанда, өз вассалдарының жасақтарымен қоса есептегенде әскерінің жалпы саны 150 мың адам болатын. Ал, Русь жеріне шапқыншылықпен қадам басқан Бату әскерлерінің саны орыстың әйгілі тарихшысы Н.М.Карамзиннің жазуы бойынша 500000 адамды құраған. Ортадағы 350000 мың әскердің басым бөлігінде қыпшақтардан, яғни түркілерден құралғаны туралы деректерді қазіргі заманғы ресейлік тарихшы В.В.Трепавлов береді. Оның зерделеуінше Бату әскерлерінің Орталық бөлігін Хан-Шыңғыс тұқымы басқарса, оң және сол қанаттарын түркі тайпаларының көсем-батырлары басқарған. Нәтижесінде Бату басқарған Орда территориясы батыста – Днестрге, шығыста – Ертіске, Солтүстікте – Батыс Сібір ойпатына, Оңтүстікте – Солтүстік Кавказға дейін жетті. Бату иеліктерінің құрамына оңтүстік-шығыста Солтүстік Хорезм мен Сырдарияның төменгі жағындағы жерлер де енді. Осындай аса зор мемлекет шығыс деректемелерінде Көк Орда, ал орыс жылнамаларында Алтын Орда деп аталды. Астанасы алғашында Еділ бойындағы Сарай-Батуда болса, кейін Сарай-Беркеге көшірілді.Сарай–Берке қорғаныс дуалдарымен қоршалмады, қаланы сумен қамтамасыз ету үшін Жайықтың суы енгізіліп, Қарақорымдағыдай қолдан кішігірім көл жасалынды. Хан сарайы өзінің кереметтілігімен көз тартып, оның қиян ұшында исламның жарты айы алтынмен көмкеріліп, жарқырап тұрды. Мемлекеттің Алтын Орда аталуының бір парасы осында болуы да мүмкін. Тіпті, Батудың басындағы алтын дулығасына байланысты, солай аталынды деген пікірлер де бар. Негізінде, алғашында Алтын Орда деген ұғым болмаған. Бұл атау орыс деректерінде тек XVI ғасырдың аяғында пайда болған. Алтын Орда халқы этникалық жағынан біркелкі болған жоқ. Отырықшы аймақтарда – Еділ бұлғарлары, қала қыпшақтары, орыстар, армяндар, гректер, ежелгі хазарлар мен алан ұрпақтары, хорезмдіктер тұрды. Далалық өңірді негізінен мал шаруашылығымен айналысқан түркі тілдес қыпшақ, дулат, қаңлы, найман, қоңырат, керей және т.б. тайпалар мекендеді. Десек те, Сарай-Беркенің негізгі тұрғындары мұсылмандар болды деуге толық негіз бар. Оған қалада үлкен 13 және кішірек басқа да көптеген мешіттердің болуы куә бола алады. Қаланың шамамен 100000-дай халқын 5 ірі базар қажетті тауарлармен қамтамасыз етіп отырды. Саудагерлер мен басқа да шетелдіктер қоршалған, қауіпсіз кварталдарға орналастырылды. Дешті Қыпшақ төңірегі мен Еділ бойына қоныс аударған монғолдар көп болған жоқ. Олар кейін жергілікті түркі тілдес халықтармен сіңісіп кетті.

Алтын Орда хандығы – Бату (1243-1255) , Берке (1257-1266) , Мөңке-Темір (1266-1280) , Төле Мөңке (1280-1287) , Төле-Бұқа (1287-1291) , Тоқа-Темір (1291-1312) , Өзбек (1312-1342) , Жәнібек (1342-1357) хандар тұсында қуатты кемеліне келіп, билігі мейлінше күшейе түсті. Егер, Жошы мен Бату Монғолиядағы Ұлы ханға белгілі бір дәрежеде бағынышты болса, Беркеден бастап Алтын Орда хандары өздерін тәуелсізбіз деп есептеді. Ол Батыс Еуропамен, Мысырмен, Кіші Азиямен, Үндістанмен, Қытаймен сауда-саттық жүргізді, әр түрлі кәсіппен айналысып, қолөнерді дамытты. Беркенің кезінде Алтын Орда мен Египет сұлтаны Бейбарыс арасында байланыс күшейе түсті. 1262 жылы Бейбарыс Алтын Орда ханы Беркемен өзара достық қарым-қатынас орнату үшін өз елшісін жіберді. Мұнан кейін екі ел арасында әскери, сауда, діни, мәдени байланыстар орнады.Берке хан тұсында Алтын Ордаға жалпылап ене бастаған ислам діні кейін Өзбек хан тұсында үстем дінге айналды. 1312 жылы Өзбек хан исламды Алтын Орданың мемлекеттік діні деп жариялады. Алтын Орданың гүлденген мезгілі осы Өзбек хан (1312-1342) мен оның баласы Жәнібек ханның (1342-1357) билік еткен тұстары болды. Өзбек хан қалаларда медіресе салдырып, мұсылмен дінінің жаппай таралуына септігін тигізді. Яғни, ділі жұмсақ болды деп айтуға болады. Өйткені мұсылмандық пен қаныпезерлік ешқашан қатар тұрмаса керек. Мұны бодандықтағы русичтер де зымияндықпен түсіне қойған еді.Сондықтан да, айлакер Мәскеу князі Иван Калита Өзбек ханның көңілін тауып, (қалталы Иван ғой) оны өзіне Ұлы князь атағын бергізіп ғана қойған жоқ, сонымен қатар Орда ақсүйектері мен басшы-көсемдерінің орыс қалаларына келіп салық жинауын, өздері апарып береміз деген уәдемен , доғартуға да қол жеткізеді. Бұл арқылы, әскерін алып желкілдеп жетіп, ту-талақайын шығарып жүрген жендеттерден құтылған русичтер, әрине ес жия бастайды. Ал, осы аралықты ұтымды пайдаланған Калита ендігі жерде, Орда хандарының қалталарын қалыңдата жүріп, Ұлы княздіктің құрамына басқа да орыс аймақтарын қосып алу арқылы келешектегі азаттық үшін болатын шайқасқа бес қаруын дайындауға мүмкіндік алады.

Дегенмен, саяси өмірдің ерекше маңызды кезеңдерінде билеуші Шыңғысхан әулетінің өкілдері бастаған феодалдық алпауыт бектердің құрылтайы шақырылып тұрды. Мемлекет құрылысы әскери негізде болды. Қарулы күштер оң қол, сол қолға бөлініп, оларды ханзада-ұғландар, түменбасы, мыңбасы, жүзбасы, онбасы басқарды. Аса маңызды әлеуметтік қызметтерге билеуші топтың өз адамдары – ұғландар, әмірлер, даруғабектер қойылды. Мемлекеттік мекемелердің басында атақты билер мен олардың көмекшілері – бақауыл, тұтқауыл, жасауыл, қази, муфти, диуан игітіршілері, тамғашы, тартынақшылар отырды. Қалалар мен бағынышты аймақтарды басқару үшін даруғашылар (даруғабектер), басқақтар тағайындалды. Олардың негізгі міндеті жергілікті халықты бұғауда ұстау, әскердің күшімен алым-салық жинау еді. Алтын-Орда халқының қоғамдық және мәдени даму дәрежесі әркелкі болды. Монғолдар жаулап алған елдерін арнайы тағайындалған әкімдер-даруғашылар мен тамғашылар арқылы басқарды. Басқа елдердегі сияқты, монғолдар бұл жерлерде де басқарудың бұрынғы жүйесін өзгерткен жоқ. Жергілікті басқару қызмет орындарының көпшілігінде бұрынғыша жергілікті феодалдар болды, бірақ оларды монғол шенеуніктері қадағалап отырды.Қазақстан жеріне монғолдар Шыңғысханның құқық нормаларын «Ясыларын» енгізді, онда феодал шонжарлардың артықшылықтары белгіленді. Ол бойынша жергілікті халық соғыс жорықтарына қатысу үшін әрбір он үйден (түтіннен) бір жауынгер беруге міндеттелді. Бүкіл халықтан хан әулетіне сыбаға тиіс деп есептелді және оларға ауыр алымдар мен міндеттемелер түсіп отырды. Көшпелі мал өсірушілер «копчур» деп аталатын салық төлеуге тиісті болды, оның мөлшері жүз бас малдан бір бас мал беру. Егіншілерден де астықтай салық алынды. Әрбір он тугар егістен қазына пайдасына бір тугардың өнімі, кейбір жерлерде харадж (жер салығы) алынды. Зерттеушілер жер-жерден жаппай алынған, монғолдар белгілеген салықтың кемінде 20 түрін атап көрсетеді.

Әйтсе де, Хан Кеңесінің тұрақты мүшесі болып табылатын 4 уәзір (қарашалар) жергілікті халықтың қатаң қанауға түсуін болдырмады десек те қателеспейміз. Себебі, монғол хандарының шапқыншылық жорықтағы әлеуетін көтере отырып, жергілікті көсемдер мен рубасылары өз қандастарын тонау әрекеттерінен қорғап қалуға шамалары келді.Тіпті, көп жағдайда монғолдарға келіссөз арқылы қосылған қазақ рулары Орыс жерлері мен Кавказды, Еуропаның біраз бөлігін жаулап алушылар ретінде,трофей иеленгендері де анық. Сталиннің Тұрар ағамызды «Түркістанның Шыңғыс ханы», – деуі де осы оқиғаларға байланысты туындаған іш қыжылынан деп ұқсақ та әбден қисынға келеді.Әрине, оқыған-тоқығаны көп Кеңес басшысы Алтын Орданың негізгі орналасқан жері Тұран Елі екендігі, ал мемлекеттің негізгі халқы түркілер болғандығын білмеді емес, білді.Ал, Тұрардың оны өзінен жақсы білетінін және түсінді. Себебі, бұл тұрғысындағы түсініктер орта ғасырлардағы мысыр ғалымы, мамлюк дәуірінің соңғы үлкен энциклопедиясының авторы Шихаб ад-Дин Абу-л-Аббас Ахмад ибн Али ал-Калкашандидің (1355-1418) еңбегінде нақты берілген болатын. Ол Ресейде 1884-ші жылы алғашында араб тілінде және шығыстанушы В.Г.Тизенгаузеннің тәржімасында орыс тілінде жарық көрген еді.
Алтын Орда хандығы біртекті берік мемлекеттік бірлестік бола алған жоқ, оның әлеуметтік және мәдени даму дәрежесі әртүрлі, экономикалық негізі төмен болды. Феодалдық қатынастар дамыған сайын ішкі-сыртқы байланыстар шиеленісе түсті. 1342-1357 жылдары Алтын Орданы билеген Жәнібек хан өлгеннен кейін, Шыңғыс тұқымынан тараған билеуші топтар арасындағы хан тағына таласқан феодалдық қырқыс өріс алды. Бір кезде күшейіп дәуірлеген Алтын Орда мемлекетін іштегі алауыздық жегідей жеді. Тек, 1357 -1380 жылдар арасында Алтын Орда тағында 25 хан ауысты. Оған қоса Алтын Орда қарауындағы езілген бұқара халықтың азаттық күресі өрістеді. ХIV ғасырдың аяқ кезінде Мәуереннахр билеушісі Әмір Темірдің күшті шабуылдары да Алтын Орданы әлсіретпей қоймады. 1380 жылы Куликово даласында Мамай хан бастаған монғол әскерлерін талқандаған орыс княздары Алтын Ордадан тәуелсіздік алды. Алтын Орда тарихында «дүрбелең кезең» басталды. Осындай қат-қабат қайшылықтар мен тартыстар нәтижесінде әлсіреген Алтын Орда ХV ғасырдың ортасында ыдырап, бірнеше дербес мемлекеттерге бөлініп кетті. Алтын Орда – Ақ Орда, Ноғай Ордасы, Сібір, Қазан, Қырым, Астрахань хандықтары болып бөлініп кетеді. Хорезм Ақсақ Темір мемлекетінің құрамына кірді. Сөйтіп ішкі және сыртқы факторлар нәтижесінде Алтын Орда мемлекеті күйреді.

Монғол шапқыншылығы жергілікті халықтар мен елдердің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына орасан зор шығын әкелді. Елдің саяси және мәдени байланыстарын үзіп, шаруашылығын күйретті. Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыстағы отырықшы, қала мәдениеті мен егіншілігі гүлденген аудандары тапталды. Қалалар мен елді мекендер Отырар, Тараз, Сауран, Сығанақ, Жент сияқты ірі орталықтар қиратылып, Жетісу бойындағы Баласағұн, Алмату, Қаялық, Ілебалық және басқа да үлкенді-кішілі қалалар аймақ картасынан жоқ болып кетеді.

Зерттеушілір монғол шапқыншылығы қазақ халқының қалыптасуының аяқталуын екі жүз жылға кешеуілдетті деп есептейді. Әрине, кез-келген сырттан таңылған әскери іс-қимыл басқыншылық соғыс болып саналады. Оны еш сылтаумен ақтауға болмайды. Шыңғысханның батысқа жорықтары да ғылымда өзінің тиісті бағасын алған. Солай бола тұра, қарудың күшімен құрылған мемлекет жергілікті халықтың топтасуын жеделдетіп, оның өз тәуелсіздігі үшін толассыз күрес жүргізіп, міндетті түрде, ерте ме, кеш пе өз мемлекетін құруына алып келеді. Шыңғыс хан негізін қалап, ұрпақтары жергілікті түркілермен бірлесе отырып құраған Алтын Орданың да тағдыры осылай аяқталды. Нәтижесінде, Қазақстан аумағында XІΥ-XΥ ғасырларда қайта қалыптасып құрылған, Қазақ хандығы өмірге келген еді.

Сейдахан Бақторазов,
М.Х. Дулати атындағы
Тараз өңірлік университетінің профессоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.