Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербейді. «Адамдық негізі – әйел» дегенді Әуезов неткен даналық, тапқырлықпен айтқан! Аяулы жар, қамқор ана, білікті кәсіпкер. Осының бәрі бір әйелдің бойынан табылса, керемет емес пе?!
Арайлым ШАБДЕНОВА
Нәзікжандылар отбасының ырыс-берекесін сақтап, өскелең ұрпаққа тәрбие берумен қатар, қоғамның сан алуан саласында да белсенділік танытуда. Еліміз іскер әйелдерге көрсетілетін қолдаудан кенде емес. Қолға алған кәсібін кеңейтіп, әр ісін тыңғылықты жүргізетін кәсіпкер әйелдер біздің өңірімізде де жетерлік. Кәсібін дөңгелету екінің бірінің қолынан келе бермейтін, кім кімнің де алақанына қонбайтын, етегіне жармаспайтын бақ десе де болады. Бағалағанға алтын, табалағанға тас құм болатын кәсіпті игеру нәзікжандылардың барлығына бірдей бұйыра бермейтіні де шындық. Кәсібімен қатар үйдің ұйтқысы болып, қоғамда өз орнын ойып тұрып алған бұрымдылар арамызда жоқ емес. Бүгінгі таңда өңірдің аруларын бір шаңырақ астына жинаған облыстық іскер әйелдер қауымдастығының қатары күн санап артып келеді. Аталмыш қауымдастықтың «Jas kanattar» секциясының өзінде 15 қыз-келіншек бар. Солардың арасындағы жарқын өкілі – Камила Жарқымбекова. Өзінен кейінгі қыз-келіншектерге табысқа жетудің жолын көрсетіп жүрген Камила төрт баланың анасы. Бала тәрбиесін жіті қадағада ұстайтын бизнесвумен «COME AND COOK» асханалық студиясын ашқан.
– Шымкент қаласының тумасымын. Алматы қаласында КИМЭП-те білім алып, магистратураны да тәмамдадым. Негізгі мамандығым «Маркетолог- қаржыгер». Асханалық студияны ашудағы ең басты мақсатым – құрбы-замандастарымның ас әзірлеуде біліктілігін артыру. Мен үшін асхана ол әйел адамның шығармашылық орны. Ас үйге кірген әрбір әйел заты жоқтан бар жасап, отбасы мүшелерінің, әсіресе жолдасының көңілін табу керек. Асханалық студияда қыз-келіншектерге арналған түрлі шеберлік сағаттары өтеді. Онда әртүрлі тақырыптарды қамтып, келген арулар өздеріне жан-жақты қор жинап қана қоймай, олармен түрлі салада табыс табуға болатындығы туралы да әңгіме өрбітеміз. Ең қызық әңгіме, негізі, шәй үстінде айтылады ғой. Біздің шеберлік сыныптарына келген қыз-келіншектер өсеміз, дамимыз, үйреніп қана қоймай, сол арқылы ақша табамыз деп келеді. Негізгі мамандығым қаржыгер болғандықтан олармен бар білімімді бөлісіп, жол сілтеуден жалықпаймын, – дейді Камила Сұлтанғазықызы.
Әрбір жасаған ісінен шабыт алатын Камила бүгінде төрт қыздың анасы. Айзере, Хадиша, Сафия есімді аруларды тәрбиелеп отырған ананың бүгінде емізулі Айша есімді бүлдіршіні бой жетіп келеді. «Адамның қолы қаншалықты бос болмаса, ол барлық жұмысына үлгереді. Менде артық уақыт жоқ. Мен теледидар, сериал, кино көріп, телефонға себепсіз телмірмеймін. Тек шаруам болса ғана сымсыз телефонымды қолыма аламын. Ал бала тәрбиесі, мен үшін, бірінші орында. Мен қыздарыммен тікелей байланыстамын. Біздің арамызда телефон, планшет деген дүние жоқ. Балаға неқұрлым ашық әрі шынайы қарым-қатынас жасап, оның өмірінің әрбір маңызды сәтінде қасынан табылсаң, ол баланың болашақтағы тәрбиесіне алаңдамауға болады. Сол үшін мен уақытымды тиімді өткіземін» – дейді көпбалалы ана.
Камиланың хоббиі – тәтті торттарды әрлеу, түрлі ұлттардың асханасынан тағамдар әзірлеп, экперимент жасау және сурет салу екен. Бала күнінен суретке деген қызығушылығы оның қолынан шыққан торттардың дизайнының ерекше әсем болуына үлкен септігін тигізіпті.
– Бүгінгі таңда қыз-келіншектерге мүмкіндік көп. Түрлі сайттар, инстаграмда асханалық шеберлікті үйрететін әртүрлі акаунттар барлығы қол жетімді. Бұрын аналарымыз ас мәзірі арнайы жазылған кітаптарды көтеріп жүретін. Ал қазір жасаймын деген адамға барлығы бар. Тек ерінбей, алға мақсат қойып, соған жету жолында барлық қиындықтан қорықпау керек. Мені алаңдататын мәселенің бірі – ер баланың тәрбиесі. Аналарымыз да қоғам да осы мәселе жөнінде ойлану керек деп ойлаймын. Баланы о бастан жауапкершілікке үйретіп, отбасы үшін жауапты азамат екендіктерін бала күнінен айтып өсіру керек деп ойлаймын. Бүгінгі қоғам тек қыздар мен қыз-келіншектерді кінәлап үйренген. Осы тұста ойланатын мәселе көп. Ең бастысы бұл өмірде өз жолыңды табу. Өзіңнің сүйікті ісіңмен айналысу. Әлемде барлық нәрсе махаббатқа негізделген. Кез келген істі махаббатпен істесеңіз, жемісін береді, – дейді Камила Жарқымбекова.