Қазір Қазақстанда саяси һәм әлеуметтік болсын, кез келген салада әйелдердің өзін таныту үшін мүмкіндік көбейіп келеді.
Нәзікжандылар еліміздің саяси өміріне белсене араласып, білім беру, денсаулық сақтау, қоғамның өзге де салаларында бизнестерін ашып, биіктен көрініп жүр. Қазақстан Әйелдері Күштері Альянсының Жамбыл облысы бойынша төрайымы ретінде өңірдегі әйел азаматтар қоғамдық-саяси және экономикалық салаларда жетекші орындарды иеленеді деп сеніммен айта аламын. Іскер әйелдер қауымдастығы бүгінде облыстың түкпір-түкпірінен 150-ден астам қоғам қайраткері мен табысты кәсіпкерлердің басын біріктірді. Соңғы жылдары қауымдастық әйелдерді жұмыспен қамту, кәсіпкерлік пен саяси көшбасшылықты дамытуға бағытталған көптеген жобаларды жүзеге асырды. Біздің мұндай ұмтылыстарымызды жүзеге асыру үшін барлық алғышарттар қарастырылған. Мәселен, саясаткер әйелдер клубы құрылып, белсенді жұмыс жүргізуде. Кәсіпқой ханымдардың құрамынан кадрлық резерв түзіліп отыр. Клубтың басты міндеті – әйелдердің шешім қабылдауда жаңа деңгейге көтерілуін қамтамасыз ету. Сонымен бірге әйелдердің саяси көшбасшылығы мектебі де жұмыс ісейді.
Гендерлік теңдік саясаты – әйелдер мен ерлердің мүдделерін тең ескеретін әділеттілі саясат. Біз отбасы институтын нығайтуға және отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған әлеуметтік жобаларды іске асыруға атсалысамыз. Соның ішінде облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысымен қауымдастықтың жүзеге асырып жатқан «Отбасы институтын нығайту және гендерлік мәдениетті қалыптастыру бойынша жұмыстарды ұйымдастыру» әлеуметтік жобасын ерекше атап өтуге болады. Бұл жоба аясында «Отбасын қолдау мектебі» отбасы құндылықтарын насихаттап, облыс тұрғындарының арасында танымдық, ағартушылық бағыттағы жұмысын атқарып жатыр.
Былтыр ғана құрылған Қазақстан Әйелдері Күштерінің Альянсы құрамына 20-дан астам үкіметтік емес әйелдер ұйымдары кіріп отыр. Жақында бұл құрылым аймақтық деңгейде өз жұмысын жалғастырды. Жаңа жоба нәзікжандыларды саясатта, экономикада және әлеуметтік қызметте алға жылжыту үшін мүмкіндіктер ашуға арналған. Альянстың құрамына әртүрлі деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары, мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың өкілдері, облыс әкімдігі жанындағы әйелдер істері жөніндегі комиссия мүшелері, ҮЕҰ, бизнес құрылымдардың басшылары кіреді. Қазақстан Әйелдері Күштері Альянсының қызметі әйелдер құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге, олардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге және шешім қабылдау деңгейін көтеруге, әйелдер мен балаларға қарсы зорлық-зомбылық түрлерімен күресуге, әйелдердің репродуктивті саулығын сақтауға және нығайтуға бағытталған.
Соңғы жылдары Жамбыл облысында әйел кәсіпкерлерге бизнес ашып, табысқа қол жеткізу, экономикаға белсене араласу үшін беріліп жатқан мүмкіндіктер мен қолдаулардың нәтижесінде іскер ханымдар басқаратын кәсіпорындардың саны артып келеді. Бүгінде облыстың шағын және орта бизнес саласында жеке кәсіпкерлер арасындағы әйелдер үлесі шамамен 45пайызды құрайды. Әйелдер кәсіпкерлігін демеу – жұмыс орындарын құру мен экономикалық өсуде шешуші рөл атқарады.
Бизнесте әйелдер үшін тең мүмкіндіктер құру тек гендерлік теңдік мәселесі ғана емес, сонымен қатар экономикалық басымдық деп санаймыз. Қазіргі кездегі күрделі экономикалық жағдайда Қауымдастық мүшелері кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, бәсекеге қабілеттілігін арттырып, дағдыларын жетілдірумен айналысады. Кәсіпкерлеріміз ЕҚДБ-ның «Сандық маркетинг және сату» тренингіне қатысып, бизнесін жаңа бастаған әйелдер үшін оқыту бағдарламалары бойынша консультациялық көмек көрсетеді. Сондай-ақ «Ментринг» бағдарламасы аясында тәжірибелі кәсіпкер әйел ментор болып, өз ісіне енді қадам басқан жас кәсіп иесін қанатына алып, білгенімен бөліседі. Бұл екі жаққа да пайдалы серіктестік дәстүр жалғастығын қамтиды.
Білікті әйелдер өздерін саясатта да сынап көруде. Оған нәзікжандылардың жақында ғана өткен «Nur Otan» партиясының праймеризіне белсене қатысуы дәлел. Әсіресе, бұл тұста Қазақстан Әйелдер Күштері Альянсы жанынан құрылған саяси көшбасшылық мектебінің ықпалы зор болды.
Праймеризге біздің облыстың Іскер әйелдер қауымдастығы мен Әйелдер Күштері Альянсынан 35 әйел қатысты. Әйелдер Күштері Альянсы әлеуметтік жағдайды жақсы жаққа өзгерткісі келетін нәзікжандыларды көш басына жеткізіп, алға жылжыту бойынша бағыт-бағдар беруді бастады.
Менің ойымша, бұл әйелдердің барлығы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде және түрлі деңгейдегі мәслихаттарда өз аймақтарының атынан лайықты кандидат бола алады. Біз сайлау науқанына нық қадам бастық және ел ішінде көш басынан табылдық. Тұңғыш рет біздің облысымыз гендерлік көрсеткіштер бойынша екінші орыннан көрінді. Бұл «Nur Otan» партиясы мүшелерінің сіңірген еңбегі мен облыс басшылығының оларды жан-жақты қолдауы. Ендігі жердегі мақсатымыз – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Осы бағытта, халық игілігі үшін жұмыс істегіміз келеді және солай жасай алатынымызға сенімдіміз. Нәзікжандылар бұл мәселеде ерлермен бәсекеге түсе алатындығын бірнеше рет дәлелдеді.
Облыстық Іскер Әйелдер Қауымдастығы бизнес климатты дамытуға ғана емес, сонымен қатар әйелдер құқығын қорғауға бағытталған көптеген жобаларды жүзеге асырды. Гендерлік теңдік мәселесі бұрынғыдан да үлкен маңызға ие болған бүгінгі таңда осы бағыттағы әлеуметтік жобалардың өзектілігі жоғары. Қазақстандағы гендерлік теңдікке қатысты масштабты өзгерістердің бастамашысы ҚР Тұңғыш Президенті екені айдан анық. Оның тапсырмасына сәйкес елімізде ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия құрылып, гендерлік теңдік стратегиясы қабылданып, оның ережелері бойынша көптеген бағдарламалық құжаттарға негіз болды. Алайда бұл бағытта проблемалар әлі де бар. Мәслихат, әкімдік пен атқарушы билік басшылығында әйелдер саны аз. Жамбыл облысында барлық деңгейдегі мәслихаттағы әйелдер өкілдігі тек 19,5 пайызды құрайды.
Десек те, әйелдердің қатысуынсыз іскерлік әлемінде де, қоғамдық өмірде де ешқандай іс оңға баспайды. Үйдегі атмосфераны дұрыстап, жақындарына жылылық сыйлап, өз отбасы, ошақ қасында жайлылық құрып, балаларын тәрбиелеп, тіпті ауыл мен қаланы жарқырата жабдықтап, дамытатын да солар екені аян. Расында, әйелдер негізгі жұмысты атқарумен қатар, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, барлық мәселені қатар алып жүруге қауқарлы. Сондықтан әйел адам барлық заман сынақтарына төтеп беріп қана қоймай, қоғамдық-саяси өмірдің кез келген саласында көшбасшы бола алатындығы анық.
Біз әйелдерге және жастарға арналған партиялық тізім бойынша 30пайыздық квотамен жаңа құқықтық нормаларды қабылдағанымызға өте қуаныштымыз. Өйткені бұл нақтылықтар әйелдер мен жастардың саясатқа белсенді араласуын ынталандырғаннан бөлек, елдің саяси жүйесін жаңғыртуға да жаңа серпін береді. Қазақстанның жетістіктері әйелдердің көшбасшылық әлеуетін қоғамның әлеуметтік-экономикалық даму процесіне белсене араласуымен байланысты десек, артық айтқандық болмас. Әйелдердің тұлғалық қарым-қатынастарды сақтай отырып басшылық жасау стилі ерекше болып келеді. Әр іске жан тәнімен кірісетін нәзікжандылар әлеуметтік саясатта, әлеуметтік мәселелерді шешуде табысқа көбірек жетеді. Расында олар отбасы мәселелеріне, балалар тәрбиесіне, халықтың денсаулығына үлкен көңіл бөлетіні бұрыннан белгілі.
Біз ортақ іске үлес қосу үшін «Бақытты әйел – бақытты қоғам, тұрақты мемлекет» қағидасы бойынша отандастарымыздың өмір сапасын жақсартуға атсалысамыз!
Гүлдара Нұрымова,
Қазақстан Әйелдері Күштері Альянсының Жамбыл
облысы бойынша төрайымы, облыстық мәслихаттың
депутаты