Қалалық қоғамдық-саяси газет

Баға неге бас бермей тұр?

0 225

Биыл елде тараған коронавирус індетінің салдары бірқатар кәсіп иелерінің қолын байлады. Осылайша ел азаматтарының бірқатары жұмыссыз отыруға мәжбүр болды. Сәйкесінше, елде азық-түлік бағасы да көтерілді. Базар мен дүкендердегі өнімдердің құны қысқа азығын қамдаған тұрғындарға қаншалықты тиімді? Осы мәселе бойынша Тараз қалалық мәслихатының депутаттары, Қалалық қоғамдық кеңестің мүшелері, жергілікті билік өкілдерінен құралған топ ірі сауда орындарындағы азық-түліктің бағасын бағамдап қайтты.

Сәндібек Піренов

Облыс орталығындағы дүкендердің дені көкөністерді «Ауыл-Береке» базарынан алып сататыны белгілі. Осы ретте бақылаушы топ, алдымен, осы базардағы көкөністің нақты бағасын білуге тырысты. Сол аумақтан жағдайдың бәрін мейлінше бақылауда ұстап отырған базардың құрылтайшысы Алтай Қарабеков те табылды. Белгілі болғандай, қазірде пияз бен қырыққабаттың бағасы сауда нүктелерінде біршама тұрақты. Ал картоп пен сәбіздің бағасы апта сайын құбылып тұр. Мұның басты себебі, өңірде пияз бен қырыққабат жеткілікті, ал, картоп пен сәбіз басқа өңірлерден тасымалданған соң, бағасы да соған сай жоғары. Тараз қаласы әкімдігінің ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Сәкен Нұржаубаевтың мәліметінше, қала базарына аптасына 150 тонна картоп кірсе, соның шамамен 15 тоннасы жергілікті диқандардың өнімдері. Сондай-ақ 70-80 тонна сәбіз жөнелтілсе, соның 7-8 тоннасы өз облысымызда өсірілген. Демек, базарға кіретін картоп пен сәбіздің 10 пайызы ғана Жамбыл жерінің өнімі. Базар басшысы мен саудагерлер мұның себебін өз өнімдеріміздің сыртқы пішіні саудаға сүйкімсіз, ал сырттан келген азық-түліктің түрі де, түсі де тартымды болуымен түсіндірді.

«Ауыл-Береке» базарында пияздың бағасы 45-50 теңге, жергілікті сәбіздің келісі 60 теңгеден сатылса, Павлодардан жөнелтілген сәбіздің бағасы 95 теңгеге жеткен. Сондай-ақ Жуалыдан келген картоптың бағасы 85 теңге болса, Павлодардың картобы 105-110 тегеден сатылуда. Осы орайда бақылаушылардың ойында «бағаны қалай тұрақтандыруға болады?» – деген сауал тұрды. Бұл жайында базар құрылтайшысы Алтай Қарабеков өз ойын ортаға салды.

–Қазірде бағаның мезгіл сайын ауа-райы секілді құбылмалы болуының басты себебі, өнімдердің дұрыс сақталмауында. Өңірде көкөністерді наурыз айына дейін сақтауға болады. Ал сол уақытқа дейін өнімдер сатылмаса, диқаншылар шығынға белшесінен батады дей беріңіз. Осы мәселені тиімді шешу мақсатында, «Ауыл-Береке» базарының маңынан 5 тоннаға дейін өнім сақтауға болатын қойма құрылысы жүргізілуде. Бұл әрине жеткіліксіз. Сол үшін де алдағы уақытта 50 тонналық қойма салу жоспарда бар. Осы ретте біз жергілікті билік тарапынан қолдау сұрап отырмыз. Себебі берешегін ай сайын сұрайтын екінші деңгейлі банктерден несие алу тиімсіз болып отыр,– деді Алтай Зауытбекұлы.

Бақылаушы топ «Ауыл-Береке» базарынан кейін, «Қайқармет» базарына ат басын тіреді. Мұндағы саудагерлердің бірді-бірге қосып, кейбір өнімдердің бағасын 100 пайызға дейін асқақтатып жібергені жаға ұстатты. Мәселен, «Қайқарметтегі» бір сауда нүктесінде тұрғындар жиі пайдаланатын өнімдерден картоп 130, сәбіз 150, пияз 100 теңгеден сатылып жатқаны белгілі болды. Бір қызығы, осы нысандағы екінші бір сатушы ұсынған өнімдердің бағасы мүлде басқа. Нақтырақ айтсақ, картоп 120, пияз 70, сәбіз 120 теңге. Айырмашылығы көзге ұрып тұр. Осы ретте сатушы бақылаушы топқа бағаны негізсіз көтеруінің себебін «сауда жасап отырған орынды жалға алып отырмын» деумен ақталды. Сауда орнындағы жайсыздықтан кейін бақылаушылар базар басшылығын шақыртып еді, алайда ол өз орнында болмай шықты. Дейтұрғанмен қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов базардың есепшісіне сауда нүктелерін жалға алушылардың айлық өтемақысын қысқарту керектігін айтты.

Екі бірдей базарды аралап, келеңсіздіктерге тап болған бақылаушылар, «әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сататын дүңгіршектердегі баға тұрақты болар» деп сенім білдіріп еді, бірақ бәрі біз ойлағандай болмай шықты. Қазірде қала бойынша осындай он дүңгіршек болса, соның жетеуінде жұмыс сол қарқынмен жалғасып келеді. Ал, «Астана» шағын ауданындағы облыстық бағаны тұрақтандыру қорына тиесілі дүңгіршектің сыртына қарасақ, сүт өнімдерін сататын орынға айналыпты. Алайда, шағын ғана дүкеннің сөрелерінен әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерді арзан бағада кездестіре алмадық. Дүңгіршектегі қолқаны алатын иісті айтпағанда, 305 теңгеге қант пен 450 теңгеге қарақұмық көргенде бақылаушылардың айтарға сөзі де қалмады. Осыдан кейін бақылаушылар қала орталығындағы «Smart» супермаркетінің жанында орналасқан дәл осындай дүңгіршекке де баруды ұмытпады. Белгілі болғандай ол жердегі баға базардағы бағамен бірдей, сатушылар өз тауары мен әлеуметтік тауарды саудалап отыр.

Апта сайын аспандап бара жатқан өнімдерді бақылаудан шығарудың басты себебі неде? Қойманың салынбауынан ба? Әлде, бұл сатушылардың әрекеті ме? Хош, әйтеуір бақылаушы топтың анықтағанындай, барлық сауда нүктелеріндегі баға бір-бірімен қабыспай тұр. Әрине, мұны короновирус пандемиясымен байланыстыруға да болар еді. Енді бағаны тұрақтандыру қоры қандай қадамға бармақ? Қақаған қыста соның зардабын халық тартып жүрмесе игі. Оның үстіне жұқпалы індет қайта жағадан алса не болмақ? Дәл осы жағдайда «бәрін уақыт көрсетеді» деп қолды бос қойған жарамас. Алдағы уақытта осы мәселе бойынша нақты шаралар қабылданады деп сенеміз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.