Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мақтан етем есімін Бауыржандай бабамның!

0 167

Биыл қолбасшы Бауыржан Момышұлының 110 жылдық мерейтойы. Осыған орай, батырдың есімін алған қаладағы №45 мектеп-гимназиясы арнайы жоба әзірлеп, оның аясында түрлі шаралар ұйымдастыруда. Соның бірі ҰОС ардагері Ережепбай Жетібаевпен кездесу болды.

Зере Қуаныш

Аталған жобаның аясында Ұлы Отан соғысының ардагері Ережепбай Жетібаев атаның үйіне гимназия оқушылары арнайы барып, сұхбат жүргізді. Алдымен 6-сынып оқушысы Дастан Бағжан ардагерге арнап өлең оқыса, 6-сынып оқушысы Ислам Лесбек гимназияның білім алушылары атынан болашақ ұрпаққа бейбіт күн сыйлағаны үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар «Қос алқа» күйі де орындалды. Сұхбат соңында ардагерге сый-сияпат жасалып, естелік суретке түскен оқушыларға ардагер өз батасын берді. Сұрапыл соғыстың ортасында болып, бейбітшіліктің ақ таңына жеткен соғыс ардагерінің әңгімесі оқушыларға азық болғаны сөзсіз.

– Гимназия 1990 жылдан бері 30 жыл бойы аты аңызға, сөзі нақылға айналған тұлға Бауыржан Момышұлының есімін иеленіп келеді. Сондықтан ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет еткен батыр атамыздың есімін ұлықтау, өшпес ерлігін дәріптеу, тау тұлғасына тағзым ету – гимназияның әрбір ұланының қасиетті борышы.

Гимназияда 18 тамыздан бастап Бауыржан Момышұлының 110 жылдық мерейтойына арналған «Мақтан тұтам есімін Бауыржандай бабамның!» жобасы бастау алды. Жоба барысында батырдың туған күніне дейінгі «110 жұлдызды күн – 110 іс-шара» жүзеге асырылуда.

Іс-шаралар қатарында тағылымға толы тәрбие сағаттары, тарихи-танымдық сабақтар, интеллектуалды байқаулар бар. Сонымен қоса кітап көрмесі, оқырмандар конференциясы, кітап марафоны, шеберлік заттар көрмесі, спорттық сайыстар ұйымдастырылып, гимназияның жетістікке толы тарихы жайлы жинақ кітап жарық көрмек.

Батырды түлетіп ұшырған Жуалы жеріндегі мұражайға саяхат, ономастикалық-топонимикалық зерттеу жұмыстары жүргізілмек. Гимназиядағы Бауыржан есімді балалар арасында патриоттық челлендж өткізу, тәжірибе алмасу мақсатында Мәскеудегі батыр атындағы мектеп туралы материалдар жинақтау да жоспарда. Өмірінің өзі дастанға айналған батырдың аманатын арқалаған Зейнеп Ахметова, Мекемтас Мырзахметов, Бекет Момынқұлмен кездесулер өткізілмек, – деді шара барысында гимназия директоры Фарида Шортанбекова.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.