Қалалық қоғамдық-саяси газет

Вальс королінің құрметіне

0 315

Кейде өнер өмірдің өзіндей көрінеді. Әннің ырғағы бірде баяу, кең даланың үніне ұласып биікке көтерсе, бірде буырқанып барып төпелеп жауған жауындай әсер етеді. Әннің құдіреті де осында. Ел арасында «Вальс королі» атанып кеткен композитор Шәмші Қалдаяқовтың да өлмес мұрасы талай жанды тебірентіп, жанын жылытқаны рас.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Қазақ даласына Шәмшіден кейін есімі әніне үндескен композиторға еліктеп, жолын қусам деп қаншама жас буын келді. Олардың қатарында композитор, әнші, Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы директорының орынбасары Жандос Омаров та бар. Ол осыдан тура екі жыл бұрын Нұрлан Нұрмахановтың сөзіне жазылған «Ән падишасы – Шәмші аға» әнін дүниеге әкелді. Бұл әннің тууына себеп болған – Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығы. Ол Шәмшінің әндерінің шығу тарихымен етене таныс. Бұл әнді ол ән падишасының шығармашылық кештерінде фольклорлық жанрда әнші Мадина Сағымбековамен дуэт болып орындап жүр. Осы орайда әннің әсерлі шығуына атсалысқан «Алатау» ән-би ансамблі екенін де айта кеткен жөн. Аталмыш туындының фольклорлық ансамбльге нотасын түсірген фольклортанушы Дастан Көреген деген азамат екен.

– Бұл ән арнау болғандықтан, Шәмшінің шығармашылық кештерінде орындап жүрмін. Қазірдің өзінде елдің де, композиторлардың да көңілінен шыққан сәтті туынды болды десек болады. Жалпы жұмыс процесі кезінде аталмыш әннің қайырмасына сөзді өзім жаздым. Себебі әннің қайырмасы бойыңнан өтсе, сезінсең, тыңдарманға жүрекпен жеткізу қиынға соқпайды. Әннің сөзінде Шәмшінің табаны тиген өңірлер, сондай-ақ әндерінің бағыты сипатталады. Қыркүйектің 25-інде «Ән падишасы – Шәмші аға» атты дәстүрлі концерт биыл да облыстық филармонияда өтеді. Әрине, ән кешін халық онлайн форматта тамашалай алады, – дейді Жандос Омаров.

Айта кетейік, Жандос Омаров өзінің Шәмшіге арнаған әнін осы күнге дейін фольклорлық жанрда орындаса, алдағы ән кешінде эстрадалық бағытта шырқауды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Ал сол кештен кейін өзге орындаушылар мен тыңдармандар әнге лайықты бағасын береді деген ойдамыз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.