Қалалық қоғамдық-саяси газет

Желге қарап түкірме!

0 291

Әдеп деген – адамды әдемілеп, әрлеп тұратын үлгілі нәрсе. Әдептілік – кісінің киімі. Әрбір нәрсенің өзінің әдебі бар, өзінің тәртібі бар. Сол секілді түкірудің де әдебі барын біреу білсе, біреу білмес. Адам өзі түкірсе айып емес, ал басқа біреу көз алдында түкірсе жиіркенішпен қарап жатады. Біреу сіз түкіргенде жиіркенішпен қарағанын қаламасаңыз, онда түкірудің әдебін біліңіз. Түкірудің тәртібін сақтамаса, адамның өзіне де зиянын тигізетін сәттері бар.

Арайлым Бақытжанқызы

Редакцияға арнайы келіп, осы тақырыпты көтеруді өтінген оқырман Қымбат Сұлтанқызының өтінішін жерге қалдыра алмадық. Расында, біздің қоғамда көп адам аса мән бермейтін бұл әдептің өзіндік мәдениеті тереңде жатыр. Ауыз қуысынан «цып-цып» деген дауыстар шығарып, есінегенде еңіреген адамдай дыбыс естіртіп, түшкіргенде бар дауысын шығара айқайлауы сырт елге қолайсыз тиеді. Ауыздан тақылдаған, сақылдаған, ыңылдаған дыбыстар шығаруды да ешкім ұната қоймас. Қолдарын сытырлатып, санын сабалап, жүргенде де қалай болса, солай жүру де әдепсіздікке жатады. Қысқасы, әр нәрсенің әдебімен болғаны дұрыс. Жөтелетін ниетіңіз болса да, адам аз жаққа қарап, ауызды жабыңқырап жасағаныңыз абзал. Түкіретін жағдай бола қалса, тасалау жер тауып, қандай мөлшерде түкірік тастасаңыз да, ешкімге көрсетпей, артынша бетін көміп, жасырып кеткеніңіз дұрыс. Олай болса, түкірудің әдептеріне аз-кем тоқтала кетейік.

Құбылаға қарап түкірме!

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Құбыла жаққа түкірген адамның қиямет күні түкірігі екі көзінің арасында болған күйінде махшарға келеді», – деген. Тағы бір хадисінде пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Оң жағына және алдына қарап түкіру исламға жат қылықтардан», – деп ескерткен. Демек, бұдан байқағанымыз, түкіретін кезде сол жаққа немесе сол жақпен артқа қарап түкіру керек екен.
Ертеде мынадай бір қызық оқиға болыпты. Бір күні бір қалаға үлкен әулие келіпті деген сыбыс естіледі. Оны естіген сол қаланың ғалымдары, әулие кісілері барып қолын алып, уағыз-насихатын тыңдап қайтады екен. Бір күні сол елде танымал бір әулие, ғалым кісі өзінің шәкірттерін ертіп, әлгі кісімен жүздесуге келе жатады.
– Ұстаз, ел айтып жүрген әулие кісі әне тұр, – деп бір шәкірті әлгі әулие тұрған жерді нұсқайды. Қараса, шырт түкіріп тұрған бір сәлделі кісіні көзі шалады. Сонда ұстазы:
– Анау сары шапан киген, сәлде таққан кісіні айтамысың? – деп әлгі шәкіртінен анықтап сұрайды.
Сонда шәкірті:
– Иә, дәл өзі.
Ұстаз бірден шәкірттерін тоқтатып, кері қайтуды бұйырады. Себебін сұраған шәкірттеріне ұстазы былай деп жауап береді:
– Көрмейсіңдер ме, әлгі кісінің құбылаға қаратып түкіріп тұрғанын. Ондай адамдар әулие болып жарытпайды, – деген екен.

Тәртіпке бас иген құл болмайды

Еуропаны алып қарайтын болсақ, түкірудің әдебінің қалыптасуы қызықты әрі күлкілі. Мәселен, 1463 жылы Англияда үстелге түкіруге болмайды немесе алысқа түкір деген ереже шықты. 1859 жылдан «жұрттың көзінше түкіруге болмайды» деген қағида кеңінен тарай бастады. Оның үстіне бұл өте дөрекі әрі адамның жиіркенішін тудыратын денсаулыққа да зиян тигізетін әдет болып саналды. Ал Германияда болса, аңшылар XV ғасырда дастарқан басында отырып айналасына бейберекет түкіре беретін. Кейінірек түкіргің келсе артыңа қарап түкір, біреуге тиіп кетуі мүмкін. Жерге қақырып жатсаң аяғыңмен мыжып, сүртіп таста деген секілді әдептер пайда болды. Бұл да Эразмның 1530 жылы шыққан кітабында жазылған. «Дастарқан басында мүмкіндігінше түкірмеуге тырысыңдар» деген ереже Италияда 1558 жылы қабылданды. Бұрын беделді кісілердің алдында отырып жерге «былш» еткізгеннің еш әбестігі жоқ болатын. Ал енді бұл мәдениетсіздік болып саналды. Бұл Францияда 1572 жылы қабылданды. Яғни XVIII ғасырға дейін Еуропада қалай болса, солай түкіруді ешкім жаман әдет деп сезінбеген. Бірақ біртіндеп бұл әдетке тыйым салу ережелері көбейе берді. Сонымен XIX ғасырда түкіруге толықтай тыйым салынады. Әсіресе, туберкулез ауруының таралуынан қорыққан соң, осындай қатаң талаптар қойыла бастады. XX ғасырда түкіруге түбегейлі тосқауыл қойылды. «Түкіруге болмайды» деген ескертулер Лондон автобустарынан 1960 жылы ғана біржола алынып тасталды. Мұсылмандарды түкіру әдебіне шақыру үшін неше түрлі қаулы қабылдаудың қажеті болған жоқ. Мұсылмандар тек қана пайғамбарымыздың (с.а.у.) екі ауыз айтылған хадисіне амал етті. Ертеден мұсылмандық жолды ұстанған дана халқымыз да әрбір нәрсені әдеппен жасау керектігін ұрпағына үйретіп келді. Ал қазіргі кезде түкіру әдебін еске салып қою артық болмас.

Сіздің түкірігіңіз қанша тұрады?

Қоғамдық орында адам өзін ұстаудың ережесін ұстамақ түгілі кейбірі тіпті білмейді. Мәселен, кешқұрым мөлтек ауданда есіктің алдына шыға қалсаңыз, топ-топ болып жиылып әңгіме-дүкен құрып отырған азаматтарды көресің. Олар отырған орындыққа арттарынан барып жайғасу мүмкін емес. Шеккен шылымы бар, атқан насыбайы бар, отырған жердің айналасын ластап, ойларына келгенін істеп кетеді. Ескерту жасасаң, жағаңнан алуға дайын тұратындарды да көз көріп, құлақ естіп жүр. Бұл – мәдениетсіздіктің ең төмен белгісі. Ал сіз қоғамдық орында отырып түкіргеніңіз үшін ақша төлейтініңізді білесіз бе?

– Бұл ереже бұзушылықтардың барлығы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте көрсетілген. Осы заңның 434-бабы бойынша қоғамдық жерде қоқыс, коммуналдық қалдықтарды тастау, айналасындағы адамдарды сыйламау, құрмет білдірмеу, балағат сөздер айту, рұқсат етілмеген жерде шылым шегу сияқты ереже бұзушылық жасаған адамға 13890 (5 АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін. Мұның барлығын әкімшілік сот шешеді. Яғни оқиға орнында хаттама толтырылып, материалдар әкімшілік сотқа жолданады. Ол әрекеттер бір жыл ішінде тағы қайталанса, ереже бұзушы 15 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін, – дейді заңгер Нүриддин Сабыржанұлы.

Көпшілік не дейді?

Жоғарыда айтқанымыздай, түкірудің де өз тәртібі бар. Бұл тәртіпті қала тұрғындары біледі ме? Әдебімен әдемі болып жүрген көпшіліктің тақырып бойынша пікірін білу мақсатында арнайы «Жеңіс» саябағына барып, демалып, серуен құрып жүрген халықтан «Түкірудің де тәртібі барын білесіз бе?» деп сұрап көрдік.
– Жасым алпыстан асып, ол тәртіпті білмегенім өзіме сын, айналайын. Шыны керек, бүгінгі жас-тарды түсіну қиын. Тәртіпсіздігін көріп, ескерту жасасаң, «ақылыңды қалтаңа салып қой» дейді. «Не деген тәрбие» деп іштей құса боласың. Ал түкірудің «көкесі» көпқабатты тұрғын үйлердің алдындағы орындықтардың айналасы. Отырған адамдарға таң қаламын. Сол жерде өздерінің балалары мен бауырлары ойнайды. Кішкентай бала не білсін, олар да ертең көргенін істейді. Сондықтан айтарым, мәдениетті болуды табалдырықтан бастайық! – дейді Қасым ақсақал.

Саябақты аралап жүріп, қос ғашыққа жолықтым. Олар отырған орындыққа қарама-қарсы отырып, біраз бақыладым. Жігіт шылым шегіп отырып, кемінде 5-6 рет аузын шалпылдатып түкірді. Қасында отырған қызды қайдам, өзім жігіттен пікір алмақ түгілі қасына жақындаудың өзі орынсыз деп білдім. Одан әрмен жүріп, кішкентай балалардың ойын алаңшасына келіп тоқтадым. Алаңсыз ойын қуалып жүрген балапандар. Сырттан бақылап отырған ата-ананың көңілі тоқ. Сырттан қарасаң әдемі көрініс. Жақындай түскенімде, орындықта отырған сары шашты шешейдің қолында шылым, қасындағы қоқыс жәшігіне түкіріп, баласына «играй аккуратно» деп айқайлап қояды. Ал одан әрі ұлын жетектеген әке де тәртіпсіздікке бой алдырып, айналасының тазалығын бұзуда. Ал осының барлығын көріп жүрген балалар қандай тәрбие алады деген ой санамда сайрап тұрып алды.

Түйін:
Айналып келгенде, мәдениет тәрбиеден бастау алады. Осы тұста «Балаңды емес, өзіңді тәрбиеле!» деген нақыл сөз бекер айтылмаса керек. Әдептілік кісінің киімі болса, киіміңізді кірлетпеңіз, ағайын!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.