Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жұмыссызға жәрдем – басты міндет

0 201

Азаматтарын нәтижелі жұмыспен қамту – әрбір мемлекеттің саясатында маңызды рөл атқаратын миссия. Ал Қазақстанда бұл миссиямен Халықты жұмыспен қамту орталықтары тоғыз жылдан бері жүйелі түрде айналысады.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Мемлекеттік халықты жұмыспен қамту орталығы «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңы негізінде жұмыс істейді. Орталықтары аудандарда, облыстық маңызы бар қалаларда, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында жергілікті атқарушы органдармен 2011 жылы құрылды. Ал Қазақстанда бүгінде 200 Халықты жұмыспен қамту орталығы бар. Мекеменің негізгі мақсаты – азаматтар мен жұмыс берушілерге еңбек делдалдығын көрсету, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын жүзеге асыру, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды ұйымдастыру. Орталықтар халыққа және жұмыс берушілерге қызмет көрсетеді. Барлық қызметтер тегін ұсынылады.

Бүгінде Тараз қаласында 360 мыңға жуық адам тұрады. Ал шаһардағы Халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде 3932 адам тіркелген. Статистика бойынша өңірде жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыз болса, қала бойынша бұл көрсеткіш 5,6 пайызды көрсетіп тұр.

Жұмыссыз жүрген адам желкенсіз қайық сынды. Бағытты қай арнаға бұрарын білмей адасады. Ал нарық өз дегенін жасататын капиталистік қоғамда адамға жұмыссыз қалу – үлкен күйзеліс. Осындай қиыншылықтардан мейлінше алып шығуға жәрдемдесетін орталық жыл басынан бері 7158 адамның екі қолына бір күрек тауып беріпті. Оның ішінде қысқа мерзімді оқытуға – 468, жастар тәжірибесіне – 341, әлеуметтік жұмыс орындарына – 39, ақылы қоғамдық жұмысқа – 990, кәсіпкерлікке оқытуға бағытталған «Бастау бизнес» жобасына – 225, тұрақты жұмысқа 2268 адам тартылса, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 477 грант берілген екен.

Азаматтарға арналған қызметтер

Орталықтың негізгі жұмысы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы арқылы жүзеге асырылады. Бұл нәтижелі бағдарлама үш бағыт бойынша жұмыс істейді. Алғашқы бағыты – қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтамасыз ету. 2020 жылға қысқа мерзімді кәсіптік курстарды ұйымдастыруға облыстық бюджет есебінен 76,7 миллион теңге бөлініп, 465 адамды оқыту жоспарланып отыр. Бүгінгі күнге сұранысқа ие 20 мамандық бойынша 8 оқу орны таңдалып, ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 468 адам жолданды. Жолданған 468 азаматтың ішінен 53 тыңдаушы оқуын аяқтап шықты. Сонымен қатар мерзімінен бұрын оқуын 17 тыңдаушы аяқтап, 38,8 миллион теңге игеріліпті.
Бағдарламаның екінші бағыты – гранттар беру. Бүгінгі күнде шағын несие беру жөнінде республикалық бюджет есебінен орналастырылатын қаражаттың көлемі және өз ісін ашуға немесе кеңейтуге шағын несие алушылардың саны анықталуда.

Былтырғы жылға республикалық бюджеттен шағын несиелендіруге «Даму» АҚ екінші деңгейлі банк-тер арқылы 896,6 миллион теңге бөлініп, 54 азаматқа несие түрінде 503,3 миллион теңге берілген. Ал қалған сома биылғы жылға өткен. Ағымдағы жылдың қаңтар айында аталған бағыт аясында 21 азаматқа несие берілді. Ал 2020 жылғы шағын несие алуға 26 адамға 351,0 миллион теңге қарастырылды. Сонымен қатар мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ағымдағы жылға жоспар бойынша 265,0 миллион бөлініп, 500 адамға грант берілу жоспарланған. Маусым айында 477 адам грант иегері атанды.

Бағдарламаның үшінші бағыты шеңберінде жастар тәжірибесіне 947 адамды қамтуға республикалық бюджеттен 376,6 миллион теңге бөлінді. Қаржыландыру кестесіне сәйкес 85 мекеменің тізімі бекітіліп, үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап 947 түлек 69450 теңге жалақыны толығымен субсидиялау шартымен жастар тәжірибесіне жолдану жоспарлануда. Бүгінгі таңда 341 түлек жастар тәжірибесіне жолданды. Игерілген қаражат 48 миллион теңгені құрап отыр.

Сонымен қатар аталған бағдарлама аясында әлеуметтік жұмыс орындарына 25 жұмыссызды жолдауға республикалық бюджеттен 5,3 миллион теңге бөлінген. Есепті мерзімде әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға ниет білдірген 3 жұмыс берушіге 2020 жылдың қаңтар айынан бастап есепте тұрған 39 жұмыссыз азамат жолданды. Игерілген қаражат 3 миллион теңгені құрайды. Ақылы қоғамдық жұмысқа 2800 жұмыссыз азаматты жолдау жоспарланса, қазіргі уақытқа 990 азамат жолдамаларын алды. Оған республикалық бюджеттен 726,2 миллион теңге, жергілікті бюджеттен 79,8 миллион теңге бөлініп, 8 айдың қорытындысымен республикалық бюджеттен 116,1 миллион теңге, жергілікті бюджеттен 79,8 миллион теңге игерілді.

Сондай-ақ «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында Тараз қаласында 2020 жылы 94 жоба бойынша 5664 жұмыс орны ашылып, оның ішінде жұмыспен қамту орталығы арқылы 2822 адамды жұмысқа тарту көзделген. Ағымдағы жылы 93 жобада жұмыстар басталып, іске асырылып жатқан жобаларға бекітілген жоспардың 83,3% немесе 2350 жұмыссыз азамат жұмыспен қамту орталығы арқылы жолданды. Орталық директоры Батырхан Тоқтағұлдың айтуынша, мекеме карантин кезінде де өзінің әдеттегі жұмыс жүйесінен ауытқымаған. Орталыққа қайырылған азаматтар өздеріне қажетті қызметтерді дер кезінде алып, ұдайы байланыста болған.

– Халықты жұмыспен қамту орталығының негізгі міндеті – жұмыссыздар санын азайту, олардың тұрақты және нәтижелі жұмыс орындарына ие болуына жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы халықтың табысын арттыру болып табылады. Халықты жұмыспен қамту орталығында пандемияға уақытында да жұмыс жүйелі жүргізілді, – дейді директор.

Жұмысынан қысқарту немесе басқа да себептермен айырылып қалған азаматтар да орталық қызметіне жүгінуіне болады. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылатын, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік төлемдері бар азаматтар жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемге өтініш бере алады. Жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемнің ұзақтығы орташа айлық табыс пен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты 1 айдан 6 айға дейін болуы мүмкін. Әлеуметтік төлемнің мөлшерін есептеу міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының әлеуметтік төлемге құқығы туындаған күнге дейінгі және тиісті коэффициенттер негізге алына отырып жүргізіледі.
Мұнымен қоса, Халықты жұмыспен қамту орталығы жыл сайын бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін тұрақты ұйымдастырып отырады. Ал биыл жыл басынан бері 3 жәрмеңке ұйымдастырылған. Жәрмеңкеге 96 мекеме қатысып, 674 бос жұмыс орны ұсынылыпты. Нәтижесінде тұрақты жұмысқа – 214 адам, ақылы қоғамдық жұмысқа – 40 адам, жастар тәжірибесіне 51 адам жолданған екен.

Бүгінде орталық ұсынатын қызметтерге ғаламтор арқылы қол жеткізуге де болады. Соңғы жылдары Enbek.kz порталы арқылы бос жұмыс орнын тауып, түйіндемелерін интернетке орналастырып жүргендер аз емес.

– Enbek.kz порталы жұмыс іздеп жүрген жұмыссыздарға қажетті бос жұмыс орнын немесе жұмыс берушілерге қажетті түйіндемені табуға көмектеседі. Порталдың бас-ты бағыты – жұмыс беруші мен жұмыс іздеушіні байланыстыру. Enbek.kz заманауи сервистердің деректер базасының көмегімен жүзеге асырылады. Сондай-ақ бос жұмыс орындары мен түйіндемелерді тегін орналастыруға болады, – дейді болжау және мониторинг бөлімінің басшысы Жанерке Досжанова.
Жұмыс беруші мен жұмысқа орналасушы арасында жемқорлық жағдайлары орын алғаны анықталғанда жасалатын әрекеттер туралы сұрағанымызда Жанерке Досжанова: «Жасалған жемқорлық заң бұзушылық жөнінде біз Экономикалық қылмыстар мен жемқорлықпен күрес департаментінің сенім телефоны – 1424, сонымен қатар әр мемлекеттік органдардағы сенім телефондары арқылы хабарласа аламыз», – деп жауап берді.

Жұмыс берушіге арналған қызметтер

Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушіге оның белгілеген талаптарын ескере отырып, бос жұмыс орындарына жаңа қызметкерлерді табуға көмектеседі. Жұмыс берушілер бос жұмыс орындары мен біліктілік талаптары туралы ақпаратты «Жұмыс» интернет-порталы (www.enbek.kz) арқылы онлайн бағыттай алады.
Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыскерлерді Халықты жұмыспен қамту орталығында және «Жұмыс» (www.enbek.kz) интернет-порталында тіркелген адамдардың арасынан іріктейді. Қызметкерлерді таңдау жұмыс іздеушінің кәсібі (мамандығы), қалайтын лауазымы, қызмет түрі, кәсіптік дайындық және біліктілік деңгейі, жұмыс тәжірибесі мен дағдылары, қалаған жалақы деңгейі, жұмыс уақыты режимі ескеріле отырып, сондай-ақ жұмыс берушілер еңбек қызметтерін орындауға және жұмыс іздеушілерге қойған талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

Жұмыс берушінің өтініші бойынша Халықты жұмыспен қамту орталығы білім беру ұйымдарында немесе жұмыс берушілердің оқу орталықтарында жұмыссыздар үшін қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастыра алады. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытудың ұзақтығы кәсіптің (мамандықтың) ерекшеліктеріне байланысты бір айдан алты айға дейін. Оқу құны мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен төленеді. Халықты жұмыспен қамту орталығымен келісім бойынша жұмыс беруші әлеуметтік жұмыс орындарын құра алады, жастар практикасын немесе қоғамдық жұмыстар ұйымдастыра алады. Әлеуметтік жұмыс орындарында жұмыс істейтін немесе қоғамдық жұмыстарға және жастар практикасына қатысатын адамдардың еңбекақысы мемлекет тарапынан ішінара субсидияланады. Қоғамдық жұмыстарға, әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар практикасына қатысатын жұмыссыздардың еңбекақысын төлеу Халықты жұмыспен қамту орталығымен ай сайын жүзеге асырады. Азаматтардың әлеуметтік жұмыс орындарына қатысу ұзақтығы 12 айдан аспайды. Жастар практикасының ұзақтығы 6 айдан аспайды. Қоғамдық жұмыстарға қатысу ұзақтығы 12 айдан аспайды. «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жұмыс беруші Халықты жұмыспен қамту орталығына келесі жағдайларға байланысты алдағы уақытта жұмыскерлердiң жұмыстан босайтыны туралы ақпаратты ұсынуы тиіс:

  • жұмыс беруші – заңды тұлғаның таратылуы не жұмыс беруші – жеке тұлға қызметінің тоқтатылуы;
  • адам санының немесе штаттың қысқартылуы;
  • жұмыс берушінің экономикалық жағдайының нашарлауына әкелетін өндірістердің және орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемінің төмендеуі. Ақпаратта жұмыстан босатылатын жұмыскерлердің саны мен санаттары болуы тиіс.
    Елдің әлеуметтік ахуалы жұмыссыздық деңгейімен тікелей байланысты. Бұл ретте жоғарыдағыдай ауқымды істер атқарып келе жатқан мекеме елдегі бұл мәселеден жүйелі жол табу мақсатында жыл сайын жаңа нәтижелерге жетіп жатқанын аңғаруға болады.
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.