Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұсталы ел озар…

0 239

Байтақ даламыздың әр бөлігінде түрлі өркениеттің өріс алып, өркен жайғаны тарихтан мәлім. Олардың бүгінге бүтін жетіп, атадан балаға тұтастай мирас болуына, заманалардан сыр шертіп, өткен күннің белгісіндей құнды жәдігерге айналуына бірден-бір себепкер – қолөнер шеберлері. Өткенді жаңғыртып, тарихты уақыт жадында мәңгі қалдыратын да – зергер, ұста, шеберлер. Соңғы екі жылда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен шілденің алғашқы жексенбісі – Ұлттық домбыра күні тойланып келеді. Аталмыш мереке қарсаңында ұлттың төл аспабын ағаштан жонып, басты жәдігердің бағасын арттырып жүрген ағаш ұстасы Серік Бисеновпен тілдесіп, сұхбат құрдық.

– Аға, ұсталық ата кәсіп екені белгілі. Сізге бұл қасиет қанмен дарыды ма әлде арнайы меңгердіңіз бе?
– Қазақ әрдайым ұсталықты қанмен келетін қасиет деп таныған. Мұның біздің әулетке тікелей қатысы бар деп білемін. Атамыз Бисен деген кісі болған. Ұлы Отан соғысы кезінде елдегі ұсталардың бәрін майданға жібермей, броньмен алып қалған. Бейсен атам да сол тізімге еніп, елде қалған екен. Тиісінше ұсталар тылда еңбек етіп, снаряд, оқ-дәрі таситын арбалар жасаған, вагонға тиеп, соғысқа жіберген. Әжем болса тұскиіз, бешпент, тақия, сырмақ сынды дүниелерді шебер тігетін еді. Біз атамыздың көзін көрмедік. Есесіне әжеміздің өсиетімен өстік. Негізі, менің бұл салаға келгеніме бар-жоғы бес жыл болды. Бұған дейін ағаштан түйін түйе алатынымды білсем де, кәсіби түрде айналыспаған болатынмын. 2015 жылы бірден кірісіп кеттім. Ал оған дейін бірнеше қызметте болдым. Қазір ағаш жонып, одан әдемі дүние шығаруды өмірлік кәсібім деп санаймын. Оның үстіне туыстарымда да осы кәсіппен айналысып жүрген шеберлер баршылық. Негізі мамандығым – құрылысшы. Байзақ ауданына қарасты Шахан ауылының тумасымын.
– Жасаған дүниелеріңіз қандай көрмелерге қойылды?
– Әлбетте, әрбір ағаш шебері үшін жасаған дүниесі елдің қолында жүрсе, жетістік сол деп ойлаймын. 2015 жылдан бері бір мәрте Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен мұсылман мемлекеттері арасындағы фестивальде өңір атынан белгілі суретші, мүсінші Қазым Аманқосов менің жасаған дүниелерімді көрмеге апарып келді. Ел ішінде әрбір маңызды даталарға байланысты көрмелер мен жәрмеңкелерде жұмыстарымыз қойылып жатады.
– Ұлттық аспаптарды қандай ағаштан жасайсыз?
– Қолымызға түскен ағаштан жасай салмаймыз, әрине. Өңірде бар материалдан жонуға тырысамыз. Көбіне қарағаштан, жаңғақ, шие, өрік, алма ағаштарын жасайтын аспабымызға қарай пайдаланамыз. Бірақ кейде қолға түсе бермейтін ағаштың келісін қымбат сомаға сатып алатын кездер болады. Ондайда өніміміз мінсіз шығуы үшін барымызды аямаймыз. Өңіріміз ыстық климатты болған соң, ағаштардың структурасы да аспаптарға жақсы келеді. Мысалы, біздің қарағаштар мен Өскеменнің ағаштарын салыстыруға болмайды. Екеуі екі түрлі, тіпті дауыстарында да айырмашылық болады. Сондықтан қолымызға жақсы материал түссе, аспаптың үні, ырғағы мінсіз болуы үшін барынша пайдалануға тырысамыз. Кәсіби музыканттар сапалы аспапты бірден таниды.
– Ағаш ұстасының бастан өткеретін қиындықтары қандай?
– Кез келген салада қиындық болады ғой. Кейде физикалық тұрғыдан шаршаймыз. Кейде материал таба алмай ұзақ бөгеліп қаламыз. Бірақ менің коммерциялық бағыттағы мекемем болмағандықтан, өзіме-өзім басшымын. Жұмыстың бәрін өз қалауыммен жүргіземін. Ең бастысы, нәтиже көзге бірден түсуі керек. Аспап сапалы болса, жұмыс өнімді болғаны. Оған ерекше марқаясың. Елдің қолында жүргенде, «бұл Серік деген ұстаның жасағаны» дейді. Оның өзі – бір қуаныш. Негізі «шебер байымайды» деген тәмсіл бар. Бұл – біздің жанымыздың қалауы. Мақсатымыз – мол пайдаға кенелу емес. Өз жұмысымызды ерекше сүйеміз. Алла осы өнерді бойға сіңірген соң, оның құдіретін ақтау – біздің қасиетті парызымыз.
– Ұлттық аспаптарға сұраныс көп пе?
– Жер бетінде қазақ деген ұлт барда аспаптарға сұраныс әрдайым болады. Мысалы, елімізде мыңдаған студент өнерге байланысты мамандық алып жатады. Консерваториялар мен колледждерге мыңдаған студент оқуға қабылданады. Оған қоса өнер мектептері бар. Солардың бәріне аспап керек. Қазақстандағы шеберлермен тығыз байланыстамыз ғой. Ешқайсы тапсырыстан, аспапқа деген сұраныстан құралақан емес. Құдайға шүкір деймін. Домбыра бұрыннан күн тәртібінен түспейді. Кейінгі жылдары қобызға сұраныс бірнеше есеге көбейді.
– Жалпы бір аспапты дайындауға қанша уақыт жұмсайсыз?
– Біз машина сияқты жұмыс істемейміз. Өзі бір уақыт болады. Кейде бір айда бес-алты аспап жасап тастайтын шақ болады. Кейде айлап түрлі себеппен жүріп аламыз. Белгілі бір мекеме ретінде жұмыс істемегендіктен, жеке болғандықтан, емін-еркін, жайбарақат жұмыс істейміз. Уақытты өлшемейміз.
– Өзіңіз жасаған аспапты танымал жандардың қолынан көріп, танып жататын сәттер бола ма?
– Мен мұндайға аса назар салмайды екенмін. Білетінім, бірнеше Сенат депутатында менің домбыраларым бар. Кейде бақуатты кәсіпкерлер сыйға беруге алып жатады. Оны ізін сұратып, кімге сыйлағанын зерттемейді екенмін. Кейінгі жылдары Тұрар Рысқұлов ауданындағы Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық мектептің қобыз сыныбына арзан бағаға аспап жасап бердім. Қазір аспаптар істен шыққан жағдайда тегін жөндеп беріп жүрмін. Өткен жылы мен жасаған қобыз Ықылас Дүкенұлы атындағы байқаудың бас жүлдесіне ие болып, сол қобызды дәулескер күйшінің шөбересі, белгілі аспаптанушы Ақнар Шәріпбаева сатып алған болатын. Сонымен қатар «Руханият» орталығында тұрған Ықылас атамыздың қобызының көшірмесін де мен жасадым.
– Ұлттық домбыра күнін тойлау үрдісі сіздердің жұмыстарыңызда соны серпін болған шығар…
– Бұл датаны тойлағалы көп уақыт бола қоймады ғой. Бірақ қуантарлығы, көрмелер жасалып, ұлттық өнімдерді ұлықтауға арналған символикалық күн белгіленді. Мысалы, былтыр Атырауда «Үкілі домбыра» деген ауқымды республикалық сайыс өтті. Сонда еліміздің түкпір-түкпірінен 30 шебер қатысып, облыстың намысын қорғадым. Домбыра күнінің игілігі осындай шаралар деп білемін. Сұраныс артпаса, кеміген жоқ. Домбыра күнінің тойлану деңгейі бұдан да ұлғайып, әр адам өзінің жаны қалайтын азаматына домбыра сыйға тартатын дәрежеге жетсе деген арман бар.
– Ұстазыңыз бар ма?
– Белгілі бір шеберге барып арнайы сабақ алған емеспін. Суретшілер одағының мүшесі, қолөнер шебері Қазым Аманқосов, Асан Бисенов – менің бауырларым. Жоғарыда атағандай, қанмен берілген шығар. Сонымен қатар әр шебердің өз қолтаңбасы болады. Ол үшін ізденіс пен еңбек керек.
– Бір аспаптың орташа бағасын айта аласыз ба?
– Жаңа атап өткендей, музыкалық мектептің шәкірттеріне арзан бағада жасадым. Олар да үмітімді ақтап, екі жыл қатарынан республикалық байқауларда жүлдегер атанып жүрді. Бір қобызды 50 мыңға жасадым. Сұраныстың дені облыстан түседі. Біздің әлеуметтік жағдайымыз айтпаса да түсінікті. Аса қымбат бағаға жасауға ыңғайсызданамыз. Бір аспапты 100 мыңнан жасаймыз. Ерекше зейініміз бен бар фантазиямызды салып жасаған кей аспаптарды 200-300 мыңға алып кететін ұлттық өнімді бағалайтын жомарт жандар кездесіп жатады.
– Мәнді әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Арайлы Жақсылық

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.