Қалалық қоғамдық-саяси газет

Анасын көріп, қызын ал!

0 2  183

Тұлымшағы желбіреген, балауса күніне ұқсайтын күн бейнелі күлімкөз қыз мейірбан анасының аузынан түскендей. Айна мен тарақ, әсем киім мен әшекейге әуес бойжеткеннің ақылына көркі сай болса құба-құп.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Дегенмен жасөспірім кезеңнен өтерде қыздың қылығы өзгерері анық. Ерсі қылыққа бой алдырып, дөрекі, тұрпайы әдет танытып жатса ше? Сол тұста ақыл айтқан ана мен өзі біларман қыздың арасындағы қарым-қатынасты тұнық күйінде сақтап қалу үшін не істеуге болады? Қызғалдақтай жайнаған қыр гүлінің үлкенге сөз қайырып, ақылына құлақ аспайтын мінезі байқалса, анасы қандай жағдайға түседі? Жүректері жылылыққа, ілтипат-ізетке, ықылас пен мейірімге толы болуы үшін не істеу керек?

«Анасын көріп, қызын ал». Осы сөздің төркініне үңілсек, осы бір ауыз сөзге қаншама мән-мағына сыйып тұр. Бірақ кейде жасөспірім қыздардың қылығы кей аналарды делқұлы күй кештірсе, енді бірінің самайын ағартады. Бірінің жүрегіне жүк түсірсе, енді бірі анасымен қастасып та үлгереді. Осы тұста өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай ақырын жүріп, анық басудың амалын табу керек.

Анасы мен қызының арасында келіспеушілік туындауы қазіргі таңда көп кездесетін проблемалардың біріне айналды десек те болады. Ал мұндай жағдай орын алса, оны қалай реттеуге болады?

Сынған гүлдің сабағы

Шұғылалы күн туып, жеті ұлдан кейін көрген қызын бауырына басқан ата-анасы оны еркелетіп өсірді. Айтқанын екі етпеді. Табанына тас, маңдайына күн түсірмей мәпеледі. Есімін Арай деп қойды. Арай бала күнінен құрбыларынан ерекшеленді. Ол киген әсем көйлек ешкімде болмайтын. Ол ұстаған қар ең аппақ, ол көрген гүл ең әсем, ол отырған орын зәулім сарай болуы керек-ті.

Иә, ерке қыздың айтқаны – атылған оқ. Ата-анасы қызының тілін тауып, тілегін орындау үшін күні-түні еңбек етті. Алайда Арайға бәрі аз болып көрінетін. Әсіресе, күйбең тіршілікпен бірде нан пісіріп, енді бірде қамыр илеп, от жағып, кір жуып жүрген анасына көңілі ауып көмектесейін демейтін, жаны да ашыған емес. Қайта анасының айтқан ақылы оның шамына тиетін. Ал анасы құшағына алса, самайындағы ақ шашы жұғып кетердей ұшып тұрып, үйден шыға жөнелетін.
Түнгі клубтан шықпайтын қиқар қыздың мінезі күннен-күнге өзгеріп, дөрекіленіп, айтқанынан қайтпайтын қырсыққа ұласып жатты. Ол анасының ақылын тыңдамай, түн қата серуендеп жүріп Марспен танысты. Сөйтіп жүріп Марсты сүйіп қалды. Сөйтіп жүріп аяғының ауыр екенін бір-ақ білді. Ал бәрін біліп, естіген соң Марс ұшты-күйлі жоқ болды.

Сол сәт Арай әлемде ана жүрегінен асқан мейірім ошағы жоғын мойындап, ақыра жылап, анасынан кешірім сұрады. Бірақ бәрі кеш еді. Еденде сынған гүлдің сабағы солып жатты…

Шектен тыс бақылау

Дәл осындай өрескел қателікке бой алдырмас үшін мамандардың кеңесіне құлақ түріп көрелік: «Ана біткен қызын қорғау мақсатында, бір қателікке ұрынып қалмауы үшін ақылын айтады, ал қызы болса анасынан өздеріне қолдау күтіп, аналарының мұнысын түсінбейді және сынға алып отыр деп ойлайды. Осындай жағдай орын алғанда өзара түсінісу қаншалықты қиын сияқты көрінсе де, шешудің жолы – жыныстық жетілу кезеңі басталмай тұрып жақсы арақатынас сақтауға тиіс. Қыздар жыныстық жетілу кезеңінде сезімге бой алдырғыш келеді. Аса сезімталдық, болмашы нәрсеге ашушаңдық сияқты кез келген сезім жоғары деңгейде болады. Егер сіз қызыңызбен арақатынасыңызды осы бір кезең басталмай тұрып өзара реттеп алсаңыз, оның сізге деген сенімі артып, бұл кезеңді жеңілдеу өткізеді. Қызыңызға қол жұмсау дегенді тіпті соңғы бір әрекет ретінде де ойламаңыз. Егер осылайша қызыңызға ақыл кіреді деп ойласаңыз, өкінішке орай, қателесесіз. Бұл әрекетіңіз оған психологиялық травма әкеліп қана қоймай, сізден алыстап, тіпті үйден кетіп қалуына да апарып соғуы мүмкін. Кез келген оңтайлы сәтте «жұрт не дейді?» деген сияқты сөзді қолданып қалуға тырыспай, керісінше, мүлде ойдан шығарып тастаңыз. Аналардың көбісі «басқалар не ойлайды?» деген ойды өз пікірінен де жоғары қояды. Егер сіз бір нәрсені дұрыс деп қабылдасаңыз, басқалардың не ойлайтыны сіз үшін маңызды болмауы керек. Өзіңізге ұнамайтын тұстарды сізге ұнамайтынын айтып, «басқалар не ойлайды?», «жұрт не дейді?» деген сияқты әңгімелерді қозғамаңыз», – дейді мамандар.

Қыз тәрбиесіне қашанда анасы жауапты. «Қызым үйде, қылығы түзде» деп қарап отыруға болмайды. «Қызға қырық үйден тыю, қалса қара күңнен тыю» деген сөз бекер айтылмаса керек-ті. Ана мен қыздың ізгі ниеті, жылылығы, бір-біріне жасаған жақсылығы қаншалықты биік, таза болса, қыз да соншалықты анасынан сыр жасырмайды, қалай бар, солай айтып, шынайы пікірлеседі. Кейде анасы қызын тыңдай алмай жатады. Тыңдай білу – кез келген мәселеде жақсы бір шешім жолы.
Әйгерімді анасы қатал ұстады. Қатарымен қыдыртпады. Ешқайда жібермеді. Қызынан өз миындағы ибалы, инабатты аруды жасап шығарғысы келді. Жасаған тамағын ұнатпай: «Көршінің қызын көрмейсің бе? Тамақты қандай дәмді дайындайды! Киген киімі қандай жарасымды! Ән салғаны, боянғаны, жүріс-тұрысы қандай! Менің қызымның бар болмысы түйеден түскендей, олпы-солпы, қиқы-жиқы», – деп үнемі жақтырмай отыратын. Бәлкім, өз қызынан лидер жасағысы келді ме? Әйтеуір мектепті кілең бестікке бітіруді талап етті. Алайда Әйгерім мектеп бітірерде бір пәннен төрттік алып қалды. Сол күні анасынан қорыққанынан уыс-уыс дәрі ішіп, есінен танып жатқан жасөспірім қызды жол бойынан жолаушылар тауып алды.

Әйгерімнің анасының қателігі шектен тыс бақылау жасауға тырысқандығында еді. Сын көзбен қараймын деп қызын қалай сындырып алғанын білмей қалды.
Әйел ана болып тумайды. Өмір ана етеді, үйретеді. Тоңдырып, солдырып, сүйдіріп тұрып күйдіре де, күйдіріп тұрып сүйсіндіре де біледі. Қылықты қыздың анасы болу үшін ешқандай мектептің қажеті жоқ. Курс оқып, кітап қарап отырып жақсы көруді үйрене алмайтының сияқты ол өзінен-өзі болатын құбылыс. Тар құрсағыңды кеңітіп, тас емшегіңді идірген қара қозыңа елжіреу – ана атаулының өмірге келгендегі миссиясы, жанының қалауы.

Егер:

  • Қызыңыз сіздің көңіліңізге келетін жаман сөз айтпасын десеңіз, ең алдымен өзіңіз қызыңыздың көңіліне қараңыз. Дөрекі сөйлеп, көңіліне тиюден аулақ болыңыз.
  • Әлденені жасай алмай, шамасы келмей жатса, мүсіркей қарап, жаныңыз ашып, өзіңіз кірісіп кетпеңіз. Жай ғана бірлесе жасап, үйрете отырып, үйреніңіз.
  • Үнемі «қолыңнан түк келмейді» деп ренжіп немесе «қолынан бәрі келеді» деп қатты аспандатып жіберудің қажеті жоқ. Мән мен мағынаның, бар мен жоқтың арасын ажырататын алтын көпір бола біліңіз. Қызыңызды өзіңізге тартып, қызықтыра алмасаңыз, алыстауына апарып соғады.
  • Әрбір бойжеткен өзінің достарымен уақыт өткізуді қалайды. Кіммен, қайда жүргенін тәптіштеп қайта-қайта сұраудың қажеті жоқ. Не істеп жүргенін білсеңіз жеткілікті.
  • Көңіліне келмейтіндей түсінікті тілмен үйден ерте шығып не кеш келуін қаламайтыныңызды, сіздің шешіміңізге құрметпен қараса, сіз де оған құрметпен қарайтыныңызды білдіріңіз.
  • Егер қателікке ұрынып жатса, одан сайын қарсылық көрсетпеңіз. «Болары болды, бояуы сіңді» дегендей, енді оны өзгерте алмассыз. Қателескенін өзі де түсінетін болады. Сіз тек оған алдын ала ескерткеніңізді, егер сіздің сөзіңізге құлақ асқанда осындай нәтиже болмас еді, бірақ соған қарамастан, сіз оған қолдау көрсететініңізді айтыңыз. Қызыңызға еш нәрсеге қарамастан, өзі сенім арта алатын анасы бар екенін сезініп-ұғынуына жол ашыңыз.
    Ана мен қыздың сыңғырлай күліп, сыпайы сөйлескені қандай жарасымды. Олар ең алдымен дос болуы шарт. Қыз анасының өзін ешқашан кінәламайтынын, қандай жағдай болса да жақсы көретінін жеткізіп отыруы тиіс. Кез келген жағдайда ақ сүтін беріп, ардақтап өсірген анасынан артық адам таппайтынына сенімді болғанда ғана қыз бен ананың арасында шексіз үйлесім орнайды.
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.