Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кәсіпкерлікті қолдау – келелі іс

0 268

Елде жұмыссыздық мәселесі толықтай шешілді деп ауыз толтырып айтпасақ та, жыл өткен сайын жұмыспен қамтылғандардың саны артып келеді.

Сәндібек Піренов

Мысалы, екі қолға бір күрек табылар деген желеумен «құл базарына» барып, тапқан-таянғанын талғажау ететіндер де азайғанын байқауға болады. Елбасының тапсырмасымен 2016 жылдың 29 желтоқсанында 2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бекітілген-ді. Осыдан кейін ел арасында мемлекет тарапынан жасалған қолдаудан құралақан қалмай, жұмысын жандандырсам дейтін кәсіпкерлердің де қатары көбейді.

Бағдарлама аясында шағын несиелер жеке кәсіпкерлерге қаншалықты тиімді үлестіріліп жатқанын бақылау мақсатында Раушан Үсенованың тас төсеніштер шығаратын шағын зауытына бардық. Ол «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан екінші деңгейлі банк арқылы 18 млн теңге несиені 6 пайызбен алған. Қазіргі таңда кәсібінің нәсібін көріп отырған азаматша 10 адамды жұмыспен қамтуда. Раушан Өкімбайқызы несиені 3 аптаның ішінде рәсімдепті. Себебі тас төсеніштерін шығаратын зауыт бұрыннан жұмыс істеуде. Мемлекеттен бөлінген қаржы есебінен кәсібін жаңғырту мақсатында елде санаулы кәсіпкерлер ғана пайдаланатын «Вибропресс» деп аталатын құрылғыны Украинадан 77 мың АҚШ долларына сатып алған. Алғашында аталмыш техниканы Шымкент қаласындағы кәсіпкерден көріп, сапалы өнім шығаратын бірден-бір құрылғы екеніне көзі жеткен. Әрі өндіріс зауыты бұл құрылғының жүйелі жұмыс жасауына 5 жылға кепілдік беріпті. Жаңа қондырғыны елге әкелгеніне үш жылдан аса уақыт өткен. Кәсіпкер осы уақыт аралығында бірнеше мекемемен келісімшарт жасасқан. Мысалы, сапалы тауарларды қала аумағын жаңарту жұмыстарына дайындап, бұдан бөлек, көрші Түркістан облысына шығарумен жүйелі айналысуда. Раушан Өкімбайқызы тауарға сұраныстың жоғары болуынан алған қарызын еш қиындықсыз өтеп отырғанын айтады. Жеке кәсіпкердің жолға қойған жұмысының барысын бақылауға қалалық әкімдікке қарасты Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Батырхан Тоқтағұл да келіпті. Ол да Раушан Үсенованың жолға қойған шаруаларымен таныс.
– «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасымен қала бойынша 54 азамат қаржыландырылып, жобалар жүзеге асуда. Мұнымен қоса ауыл шаруашылық қоры арқылы 30 адамға несие берілген. Биыл жыл басынан бері тағы 20 адам несие алды. Олардың әрқайсысы «Бастау бизнес» жобасы бойынша қысқа оқу курстарын бітірген жұмыссыз азаматтар және басқа да үміткерлер екенін айта кеткен жөн. Қазірдің өзінде өз ұсыныстарын білдіріп, бизнес жоспарын көрсетіп жатқан тұрғындар аз емес. Әрине, микрокредит бермес бұрын барлық мәселелерді комиссияның шешімімен қабылдаймыз, – дейді Батырхан Тоқтағұл.

500 адамға 505 мың теңгеден беріледі

2019 жылы мемлекет тарапынан 276 азамат 505 мың теңге қайтарымсыз грант алған. Бұдан бөлек, 82 азаматқа 252 мың теңгеден қаржылай грант берілді. 2020 жылы осындай грант бойынша 500 азаматқа қолдау көрсетуді жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде Жұмыспен қамту орталығына 300-ге жуық үміткер ұсынысын білдірген. Ендігі кезекте құжаттардың барлығын реттеп комиссияға жіберіп, гранттар бөлу жұмысы жалғасады.

2019 жылға республикалық бюджеттен шағын несиеге «Даму» АҚ екінші деңгейлі банктер арқылы жалпы 896,6 млн теңге бөлінген. Тиімді игерілгені – 649,1 млн, яғни жоспар 72,4 пайызға орындалған. Нақтырақ айтсақ, 54 азаматқа несие беріліп, 247,5 млн теңге келесі жылға өтпелі күйінде қалған. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы 190,0 млн теңге қаражат бөлінсе, игерілген қаражат 295,1 млн теңгені құрайды. Яғни жоспар артығымен 155,3 пайызға орындалған. 2020 жылға республикалық бюджеттен шағын несиеге «Даму» АҚ екінші деңгейлі банктер арқылы 351 млн теңге бөлінген, алдағы уақытта 26 кәсіпкерді жеңілдетілген несиемен қамту жоспарда тұр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.