Қалалық қоғамдық-саяси газет

Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!

0 283

Тараз қаласы аумағында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу бойынша республикалық акция өтті. «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» тақырыбында өткен шараға полиция басқармасы, еріктілер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Іс-шараның мақсаты – тұрмыста құқық бұзушылық жасауға бейім адамдарды, сондай-ақ қолайсыз отбасы мүшелерінің тұрғылықты жері бойынша тексеріп, отбасында әйелдер мен балаларға қатысты озбырлықтың жолын кесу. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының қызметкерлері адамдар көптеп жиналатын «Қайқармет» сауда орталығы, темір жол бекеті маңында жадынама үлестірді. Акция барысында тұрғындардың пікірін білген едік. «Бұл – өте күрделі мәселе. Осы уақытқа дейін шындықты жасырып келдік. Қоғам болып кіріспесек, әйел зорлығы жақын арада азаяды деп айта алмаймын. Көп әйелдер өзінің жәбір көргенін айтуға ұялады, шағымданбайды», – деді қала тұрғыны Диана Молданазар.

Иә, әйелдерге күш көрсету тыйылмай тұрғанына қарағанда, жалпы қоғамның құқықтық сауатсыздығы аңғарылады. Арагідік айтылғаны болмаса, қазіргі кезде әйел мен бала зорлығына қатысты қоғам наразылығы байқалмайды. Халық ішінде қалыптасқан жаңсақ стереотиптер де бар. Оның бас-тысы – әйелдердің ерлерден бір саты төмен тұруы. Әйелдер күйеуімен ажырасуды абыройсыз көріп, соның салдарынан жұбайының ұрып-соққанына көнеді.

– Мойындау керек, зорлық әлемнің барлық елінде кездеседі. Десек те, отбасы құндылығын сақтап қалу – басты міндет. Отбасылардағы күш жұмсау жағдайлары әлі де жиі кездеседі. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұру – әрбір азаматтың міндеті. Өйткені бәріміз бірге жұмылсақ, кез келген қиындыққа тойтарыс бере аламыз, – деді ерікті Болат Тұраров.

Ал Тараз қалалық полиция басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобындағы аға инспектор А.Мусаева: «Бүгінгі таңда бұл мәселе қоғамымызда өзекті болып отыр. Әлеуметтік тұрғыда түрлі келеңсіздіктерге әйелдер жиі тап болады. Отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі – әйел құқығын бұзатын құбылыс қана емес, сондай-ақ өскелең ұрпаққа тәрбие беруде кері әсерін тигізеді. Өкінішке орай, қазіргі кезде отбасыларына зәбір көрсету, күштеу жайттары көптеп кездеседі. Сондықтан да жанұядағы түсініспеушілік оқиғаларын жою жолында құқықтық және практикалық шараларды іске асырып, оның себептерін кешенді түрде анықтап, тоқтатудың амалын жасауымыз қажет», – деді.

Жәбірленушілерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау үшін ішкі істер органдарына, яғни «102», 99-75-05 телефондары мен Жамбыл облысы ПД және полиция басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының байланыс телефондарына 57-60-59, 99-75-34 қоңырау шалсаңыз болады.

Әсем ЖОЛЫМБЕТ,
ТарМУ-дың 1-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.