Қалалық қоғамдық-саяси газет

Топтық төбелестің төркіні неде?

0 216

Жақында ғана қала маңындағы «Шөлдала» алқабында жасөспірімдердің төбелесіп, ауыр жараланған 15 жасар баланың ауруханада көз жұмғаны көпшілікті шулатқан еді. Қазіргі таңда қаза тапқан №59 мектептің оқушысына қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Орын алған қылмыс бойынша облыстық әкімдік кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша ата-аналармен кездесу өткізді.

Арайлым Шабденова Суреттерді түсірген Сәкен Абжапаров

Жиынды облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев жүргізді. Алдымен сөз алған қала әкімінің орынбасары Қайсар Сарытай топтық төбелес жайлы баяндап берді.

– Жалпы білім беретін 60 мектепті биыл – 73527, кешкі мектепті – 284 (оның ішінде 94 бала – қылмыстық жазалары бойынша колонияда бас бостандығынан айырылғандар) оқушы тәмамдады. Оқу жылы барысында оқушылардың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайына мониторинг жүргізіледі. Қалада аз қамтамасыз етілген 9341 отбасы болса, онда 17888 бала тәрбиеленеді. Ал жайсыз 54 отбасында 1103 бала болса, толық емес 8449 жанұя бар. «Шөлдала» алқабында орын алған жағдай бойынша айтатын болсам, 12 маусым күні түнгі 23:40-та дене жарақатымен №59, №55 орта мектептің оқушылары ауруханаға жеткізіледі. Анықтау барысында белгілі болғандай, оқушылар «Шөлдала», «Казарма» алқаптарында тұратын №19, №56 мектептің оқушыларымен күндізгі мезгілде егіс алқабында сөзге келіп, кешкі 23:00 шамасында «Шөлдала» алқабында мәселені шешуге жиналған. Топтық төбелестен кейін жараланғандар ауруханаға жеткізіліп, біреуі көз жұмады. Орын алған жағдай бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті деген оқушы қамауда, – деді Қайсар Амантайұлы.

Иә, тас түскен жеріне ауыр. Қапылыста ұлдарынан айырылып қалған отбасының халі айтпаса да түсінікті. «Қала мектептерінде орын алған жағдай бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, ата-аналарға ескертілуде» деген сала мамандарының жұмысын сынға алған облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев: «Мектеп пен ата-ана арасында ешқандай байланыс жоқ. Бөлімдер мен әкімдік те қатып қалған формат бойынша жұмыс жасап жүр. Өзгеретін уақыт келді. Оқушылардың қайда, кіммен жұмыс істеп жүргендігі туралы мәлімет болу керек. Кабинетте отырып емес, елдің арасына шығып жұмыс істеңіздер. Балалардың теріс, бұзақылық көрсететін уақыты болмауын қадағалап, тиісті шешімдер шығару қажет», – деді.

Жиынға қатысқан облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қайрат Досаев: «Оқушылар 14 жасқа дейін бір күнде тек 4 сағат, ал 16 жастан 6 сағат қана жұмыс істеу керек», – деді. Өз кезегінде сөз алған облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі ювеналдық полиция бөлімшесінің аға инспекторы, полиция полковнигі Қуанышбек Қалжанов жүргізілген тергеу амалдары туралы айтты.

– Облыстық ПД ЖПҚБ ЮПТ қызметкерлерімен ағымдағы жылдың 5 айында жасөспірімдермен профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде өткізіліп келеді. ІІО-ға 3133 кәмелетке толмағандар түрлі құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жеткізілген. Пандемияға байланысты іс-шаралар тоқтатылып, оқушылар онлайн оқуға көшкелі жасөспірімдер ата-анасының қарауында болады. Алайда қала бойынша 2-ПБ аумағында 2 резонансты өлім дерегімен аяқталған қылмыс орын алды. Қызметтік тексеріс тағайындалды. Екі жағдай да ата-ананың баланы қараусыз қалдырғанының салдарынан болып отыр. Өз қарындасын өлтірген жағдай үйдің ауласында болса, екінші жағдай түнгі кезде ата-ананың қарауынсыз, түнде бейберекет жүргеннің кесірінен орын алып отыр. Облыста 442, қалада 60 мектеп инпекторлармен қамтамасыз етілген. Соңғы 5 айдың ішінде жасөспірімдермен жасалған қылмыстар саны 40,2 пайызға төмендеген, – деді полиция полковнигі.

Полиция басқармасының статистикалық мәліметтеріне сүйенер болсақ, бүгінде құқық бұзушылық пен қылмыс бойынша 69 мектеп оқушысы есепке алыныпты. Ал оқушылардың қатысуымен 9 қылмыс орын алған. Сондай-ақ өз жұмысын дұрыс деңгейде атқармай, мектепішілік басқару мен бақылауды дұрыс ұйымдастырмады деген 13 қызметкерге тәртіптік шара қолданылыпты. Бұл орайда бала тәрбиесіне мектеп пен мұғалім ғана жауапты еместігін ұққан жөн. «Бауыр етім – балам» деп шырылдап жүретін ата-аналар кейде өз жауапкершілігін толық орындамай, тіпті ұмытып та кететін секілді. Жиында бұл тақырып аясында облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнәр Ходжабергенова кеңінен айтып, бірқатар ұсыныстарды ортаға салды. Гүлнәр Махайқызы: «Мектептің көрсеткішін төмендетпеу үшін орын алып жатқан келеңсіздіктерді жасырғанды доғару керек. Жақында облыстық білім басқармасы жанынан екі мобильдік топ құрылды. Алдағы уақытта ата-аналармен, оқушылармен кездесуді бастайды. Сонымен қатар бүгінде балалар карантинде қашықтан оқуға көшті. Мектепте мұғалім жауапты болса, енді балаға толығымен ата-ана жауапты. Сондықтан балаларыңызды интернеттен бір уақыт қол үздіріп, баланың рухани дамуына көңіл бөліңіздер. Ұмыт болған газет-журнал оқуға, кітапқұмарлыққа тәрбиелеңіздер», – деді.

Сонымен қатар қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Күләш Әбдікешова ақсақалдар кеңесінің ата-аналармен атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру қажеттігін және оқу үлгерімі нашар, толық емес отбасының балаларымен жиі кездесуді ұсынды. Ал өз кезегінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев жұмыстарды алдағы уақытта жандандыру қажеттігін айтты.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ержан Жұматұлы:
– Әулиеатаның атын жақсы жағынан шығарып, қоян-қолтық жұмыс жасалу қажет. Тек мектеп директоры болмаса мұғалім емес, бала үшін ата-ана ең жауапты тұлға екендігін қаперінен шығармаған жөн. Қай тұста жұмысты жандандыру қажеттігін сала басшылары ескеріп, ұсыныстарды жергілікті атқарушы органға жеткізіңіздер, – деді.

Жасыратыны жоқ, қоғамдық тәртіпті бұзған, қылмыс жасаған, сөйтіп ішкі істер бөлімдерінде есепте тұрған балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан. Ал енді бір тобы кейбір ата-аналардың бала тағдырына алаңдамауынан, оларды өз беттерінше қалдырып, мектептен тыс уақыттарында немен айналысып жүргендерін қадағаламауынан пайда болады. Сондықтан тәртібі нашар, ішкі істер органдарында есепте тұрған оқушылармен жүйелі жұмыс жүргізуден ата-ана да, ұстаз да жалықпауы керек.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.