Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ортағасырлық қыш құмыра табылды

0 407

Екі мың жылдық тарихы бар көне шаһардың топырағы тарихи жәдігерлерге толы. Тіпті археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан қалашықты айтпағанда, жеке үйлердің ауласынан табылып жатқан құнды бұйымдарды көргенде, таңданысыңды жасыра алмайсың. Бұл жолы бір айдың ішінде екі бірдей үй ауласынан бағалы жәдігердің табылуы көне қалаға қатысты «тасын түртсе тарихы көрінетін» деген теңеудің бекерге айтылмағанын айғақтап тұр.

Сәндібек Піренов

Өткен айда «Барысхан» алқабының тұрғыны Әділет Кесікбаев ерте кездегі қалашыққа жақын орналасқан жер телімінен аң стиліне жататын қоладан жасалған таутеке бейнеленген бұйым, металдан жасалған екі тиын және 15-ке жуық тас бұйымдарының бөліктерін тауып, музейге тапсырыпты. Ал екінші жәдігерді тапқан қала тұрғыны Құндызалы Барбасыновтың айтуынша, ол бақша жұмыстарын жүргізіп жатқанда хұм ыдысын анықтап, музей мамандарына хабарласыпты. Музейдің археолог, қор сақтаушылары хұмды қазып алып, қаз қалпында музейге жеткізген. Мамандардың айтуынша, хұмның ішінде сақталған белгісіз заттардың көмегімен оның нақты қай дәуірге жататынын анықтауға болады. Әзірге хұм ыдысының хронологиялық мерзімін жақсы білетін мамандар оның X-XII ғасырларға тән екенін айтып отыр. Мұндай ыдыстарды ортағасырлық адамдар тағамдарды сақтау мақсатында тоңазытқыш ретінде пайдаланыпты. «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрлан Бықыбаев көне шаһардан әлі де құнды жәдігерлердің табылатынына сенім білдірді.

– Биыл қала тұрғындары 2019-2020 жылдарға арналған «Музейге сый» акциясы аясында кездейсоқ табылған жәдігерлерді музей қорына тапсыруда. Нәтижесінде қаланың белсенді азаматтары осыған дейін 100-ге жуық жәдігер тапты. Әрине, бұл – қуантарлық жағдай. Өткен заманның теңдессіз туындыларын тұрғындар көбіне аула жұмыстарын жүргізіп жатқанда анықтайды. Енді жыл соңына дейін жағымды жаңалықтар күтеміз, – деді Нұрлан Дүйсеналыұлы.
Ертеде Ұлы Жібек жолының бойындағы Тараз қаласына жақын орналасқан 30-ға жуық қалашық пен елді мекен болған. Демек, әзірге табылған жәдігерлер көне мәдениеттің сырын толық ашуға бағытталған жұмыстардың тек бастамасы десек те болатындай.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.