Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шығыстың жұлдызы – Әл-Фараби

0 277

Білуге деген құштарлығының арқасында Фараби сол уақыттағы білім мен ғылымның ордасы саналған Дамаск, Халеб, Каир, Шаш, Самарқан, Бұхара, Мерв, Нишапур, Рей, Хамадан қалаларында болып, білімін үнемі жетілдірумен болады. Шығыстың осы шаһарларында ол өз дәуірінің көрнекті ғалымдарымен танысып, олардан дәріс, тәлім-тәрбие алады.

Әл-Фараби білімін жетілдіре жүріп, күні-түні ғылыммен айналысады, өз еңбектерін жазып шығады. Еңбектері шартарапқа тараған соң, есімі әлемге әйгілі болады. Уақыт өте келе ол өз заманының бірегей ғұламасына, біртуар дара тұлғасына айналады. Өз дәуірінің рухани жетістіктерін жинақтаумен қатар озық философиялық жүйе жасады. Сол арқылы әлеуметтік- философиялық, этика-эстетикалық, жаратылыстану-ғылыми ой қазыналарына бағалы үлес қосты.

Көрнекті ойшыл, өз замандастары арасында ең ірі ғалым, философ ұшан-теңіз білімінің арқасында «Екінші ұстаз» атауына ие болады. Ғалымның шығармашылық мұрасы орасан зор. Ғылыми еңбектерінің ең құнды да әйгілісі «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы трактат» деп аталды. Атақты «Музыка туралы үлкен трактат» деген шығармасы әлемнің көптеген тіліне аударылған. Аристотельдің «Категориялар», «Метафизика», «Герменевтика», «Риторика», «Поэтика», бірінші және екінші «Аналитика», «Топикасы» және тағы басқа көптеген еңбегіне түсініктемелер жазды.

Әу Насырдың Платон мен Аристотель философиясындағы идеяларға арналған кітабы оның философия саласындағы аса көрнекті ғалым екенін әрі философия пәнін терең меңгергенін дәлелдейді. Аристотельдің әлеуметтік-қоғамдық идеяларын дамыта отырып, өз тарапынан да «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғылымдардың шығуы», «Бақытқа жету», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері» сияқты көптеген сындарлы да құнды еңбектер жазған.

Ұлы ойшыл шығармаларының санын неміс ғалымы Ш.Штейшнейдер 117 десе, түрік ғалымы А.Атеш 160, тәжік ғалымы Б.Ғафуров 200 трактат деп көрсетеді. Келтірілгін еңбектер санының өзі Әл-Фарабиден бізге мол мұра қалғанын байқатады. Ол Шығыс пен Батыстың ғылымы мен ежелгі мәдениетін ұштастыруда зор рөл атқарды. Сарқылмас мол мұрасының қолдан-қолға өтіп, бізге аман жетуі Әбу Насыр әл-Фарабидің ұлылығының, данышпандығы мен білімпаздығының жарқын айғағы болса керек. Ол өз заманындағы дамыған ғылым салаларының бәріне өзіндік үлес қосып, елеулі із қалдырды. Одан қалған ғылыми еңбектердің өзінің саны жүзден астам. Сол еңбектерді ғылым салаларына қарай бөлетін болсақ, астрономия, астрология, математика, логика, музыка, медицина, табиғат ғылымдары, социология, лингвистика, поэзия-риторика, философия болып келеді.

ХХ ғасырдың екінші жартысынан бері қарай Қазақстан ғалымдары да ұлы ұстаздың бай мұрасын жинап, зерттеп тануға өз үлестерін қоса бастады. Қазір Қазақстан Ғылым академиясының кітапханасында Фарабидің елу шақты еңбегі бар екен. Олардың ішінде басқа тілге аударылмаған, ғалымдар арасында осы күнге дейін белгісіз болып келген «Алмагеске түсініктеме», «Геометриялық сызықтар жасаудың әдістері», «Астрология», «Китаб әл-Мтусики әл-кабир» секілді әрқайсысы бір-бір ғылымның шыңын көрсететін аса ірі туындылары бар. Мұның сыртында соңғы жылдары Қазақстанның Иранда алғашқы Төтенше және өкілетті елшісі болған ғалым Мырзатай Жолдасбеков тауып әкеліп, Алматыдағы Әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің кітапханасына тапсырған. Әл-Фарабидің қолжазбалары – өз алдына бір пара қазына. Олардың көшірмесі (он үш қолжазба) бүгінде Еуразия ұлттық университетінің Отырар кітапханасында сақтаулы.

Әл-Фарабидің ісін жалғастырған, ғылымға берілген шәкірттері көп болған. Олардың ішінен ең алдымен Орта Азияның ұлы ғалымы Әбу Әли ибн Синаның (Авиценна) есімін атауға болады. Кейінгі кездегі шығыс ғалымдары оларды бөліп-жармай «Қос Фараби» деп те атайды. Сондай-ақ еңбектері ұлы ұстаз еңбектерімен сабақтасып жатқан ұлы ғалымдар Беруни, Бозжани, Омар Хайямдар да өздерін Әбу Насыр әл-Фарабидің шәкірттеріміз деп есептеген.

Сағынтай ТӘТТІБАЕВ,
М.Х.Дулати университеті «Құрылыс және материалдар өндіру» кафедрасының аға оқытушысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.