Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қанға бөккен қасіретті жылдар

0 195

Айтар болсақ, Қазақстанның оңтүстік өңірінде өткен ғасырдың 20-30-шы жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың ашық баспасөз және мұрағат материалдары ақпараттары бойынша жасалынған сараптамаға сәйкес, тұтқындалған кездегі әлеуметтік жағдайына байланысты қуғын-сүргінге ұшырағандардың басым көпшілігін мемлекеттік қызметкерлер мен ғылыми-техникалық және гуманитарлық интеллигенция өкілдері құраса, сотталғандардың сапындағы қатардағы колхозшылар мен жұмысшылардың да саны аз емес. Тіпті бұл тізімде «қуғын-сүргінге көбірек ұшырауы тиіс» көрінетін жеке меншік шаруалар мен жеке кәсіпкерлердің жалпы саны 150 адамның шамасында болса, ауыл шаруашылығын ұжымдастыруға және елді индустриализациялауға тікелей қатысқан колхозшылар мен жұмысшылардың жалпы саны 700-ге жуықтайды.

Қызыл империяның құрсауына ілігіп, жапа шеккендердің алғашқы қатарында дін қызметкерлері де болды. Осылай, 1925 жылдың 12 қыркүйегінде Қазақстанның сол кездегі жаңа астанасы Қызылордаға келіп, БК(б)П Орталық Комитеті Қазақ өлкекомының хатшысы қызметіне орныққан Ф.И.Голощекин өз қарамағындағылардан бірінші кезекте өлкедегі діни ахуал туралы мәлімдеуін талап етеді. Хатшыға жергілікті халықтың мұсылман дініне беріктігі өлкедегі жүздеген діни мектептердің жұмыс атқарып, онда мыңдаған шәкірттердің діни сауатын арттырып отырғандығы, ал ақсақалдардың басқаруымен жүргізілетін шариғат соттарының барлық істерді шешетіндігі арқылы көрініс тауып отырғандығы баяндалады. Аталған ақпараттық есепте 1924 жылдың өн бойында молдалардың сабақ беруі үшін жаңадан үйлер тұрғызылып, мұсылмандардың Аллаға құлшылық жасауы үшін жаңа мешіттердің, олардың қайсыбірінің тіпті тастан салынғандығы да мәлімделеді. Әрине, қазақ қоғамындағы діншілдіктің дамуына «кінәлі» топтар да анықталып, олардың қатарына жергілікті буржуазия мен бұрынғы патша билігінің сойылын соққандар және әртүрлі деңгейдегі дінбасылар жатқызылады. Рулық қарым-қатынастардың да діннің тұрақталуына үлкен әсер етіп, осы тұрғыда, әсіресе, шариғат соттарының халық арасындағы беделі жоғары екендігі айтылады. Шындығында да, қарапайым халық арасындағы феодал-бай элементтері мен кулактар ықпалының нығаюының маңызды аспектісі діннің ықпалдылығында, оның осы мезеттегі идеологиялық функция атқаруында еді. Мұсылмандар мен православ христиандары, олардың дінбасылары Кеңес үкіметіне бейтарап немесе теріс көзқараста (қатынаста) болды. Осылай, үкіметтің 1921 жылы мешіттер мен шіркеулердегі мүліктерді тартып алып, оларды ашаршылыққа ұшырағандарға жараттық-мыс деп алдауы үкімет пен дінбасылары арасындағы қарым-қатынасты жақсарта алған жоқ, керісінше, бұл болашақтағы мұнан да ауыр қақтығыстардың басталуына берілген белгі іспеттес еді.
Тиісінше, оңтүстік өңірдегі негізгі діни бағыттардан бөлек, діни секталар да Кеңес үкіметі әрекеттеріне теріс пиғылда еді. Дегенмен қайсыбір жағдайда олар жаңа билік тұсында да өздерінің экономикалық құрылымдарын құрып жатты. Мәселен, баптистер, негізгі орталығы Шымкентте болып, 181 адамды біріктірді және уездердегі өз бөлімшілерімен проповедниктер (уағыздаушылар) арқылы байланысты. Олар ауыл шаруашылығы артелін құрып, ұста-арба ( кузнечно-бричечная) шеберханасын ашты. Адвентистердің аз бөліктері Ташқазақ және Әулиеата уездерінде болды. Еговистер жеке жанұя болып 6 адам бірігіп өмір сүрді, бірлестіктері болмады. Қызметтері діни әдебиет таратумен шектелді. Қызыл армияда қызмет етуден бас тартқан екі жайт тіркелінді. Құжаттарда евангелистер мен православ шіркеуінің старообрядшылары туралы да мәліметтер берілген. Ал жаңа басшыларының ығына жығыла отырып, сол кездегі коммунистік басшысымақтардың исламға берген қорытынды «сипаттамасы» мынадай: «Мұсылман діні жергілікті халықтың мәдениетсіздігіне және білімсіздігіне қарай өте күшті ықпалға ие. Ауыл коммунистері көпшілік жағдайда діншіл». Мән берер болсақ, жоғарыдағы құжаттар коммунистік идеологияның қай дінге, қандай көзқараста екендігін анық көрсетіп тұр. Келімсектердің артель құрғанын байқамағансыған олар мұсылман дінінен шошуы қатты. Голощекиннің қарастырылып отырған мәселеге байланысты кесімі келте болғаны тарихқа белгілі. Хатшы өлкедегі дінге қарсы жұмысты жан-жақты өрістетіп, атеизмге негізделген кеңестік мектептердің санын ұлғайтуды тапсырады. Барлық діни-қайырымдылық қоғамдар мен медреселер жабылып, олардың орнына мәдени-ағартушылық бірлестіктер құру міндеттелді. Осы бағыттағы жұмыстарды атқару партия мүшелері мен комсомолға жүктелді. Әрине, хатшыға жалтақтаған жандайшаптардың өз істерін ыждағаттылықпен атқаруға кіріскені бүгінгі күні баршамызға белгілі. Осыған орай нақты мысал келтіре кетсек, онда Сырдария округі Әулиеата ауданының шаруасы БК(б)П мүшелігіне қандидат, 1903 жылы туған Жамбыловтың (құжатта аты жазылмаған) мәселесін қараған партиялық тазалау комиссиясы мәжілісіндегі сұрақ-жауапқа мән бере отырып, мынадай жағдайларды аңғарамыз. Біріншіден, Жамбыловтың баймен бірігіп, көк базарда сауда жасауға қатыстылығы; екіншіден, Аллаға сенетіндігі; үшіншіден, Әулиеата қаласының базарында сауда жасайтын діншіл әкесімен қарым-қатынасын үзбегені; төртіншіден, 18 жасар қалыңдығын мекеменің атымен (жылқысымен) алып келгендігі; бесіншіден, атқарған жұмыстарына тиесілі нан берілмеген кезде (кәртішке бойынша) бүлік шығарғандығы аталған азаматтың партияға мүшелікке үміткер қатарынан шығарылуына алып келеді. Комиссия мүшелері Наумкин, Лихушин, Лозовский және Шоқымбаев (құжатта Чокамбаев) жоғарыда көрсетілген жайттарды Жамбыловқа «кінә» ретінде тағады. Тіпті Шоқымбаев: «Мен Жамбыловтың қазір де мешітке баратынын, бес уақыт намазын үзбейтінін біліп те, көріп те жүрмін, бірақ бұл туралы ол партияға шындықты айтқысы келмейді», – деп өзеурейді. Бүгінгі күннің көзқарасымен таразыласақ, Жамбыловтың тірліктерінде күстаналайтындай ештеңе жоқ. Дегенмен кәлиманы айтқан мұсылмандардың жаппай қуғын-сүргінге ұшырай бастауы да осы тұс болатын. Аталған жылдары тек оңтүстік өңірде 48 молда мен 9 дін қызметкері қуғын-сүргінге ұшырап, кейіннен баршасы дерлік атылады. Солардың қатарында Әбдіжәмілов Ғаниқожа, Ақназаров Жақып, Алтабаев Бабақұл, Аманов Ақмұрат, Әбдиев Жұман, Әзімбаев Нарымбек сынды Хақ жолынан таймай қаза болған бабаларымызды айта аламыз.
Халықты қасіретке ұшыратқан келесі бір науқан ірі байлар шаруашылығы мен жартылай феодалдарды кәмпескелеу мен жер аудару туралы қаулыны жүзеге асыруы болды. Осы мәселе бойынша Декреттің жобасы 6-шы шақырылған Қазақ орталық атқару комитеті мен Қазақ халық комиссарлар Кеңесінің 1928 жылдың 27 тамызындағы біріккен мәжілісінде Нұрмақовтың баяндамасы бойынша қарастырылған еді. Декретке сәйкес кәмпескеленген малдарды бөлу «… аты жоқты атпен қамтамасыз етіп, сиыры жоққа сиыр беріп (түйесі жоққа да солай), ал ұсақ малға келсек, жеке шаруашылыққа 10 қойдан үлестіру дұрыс (ірі қара мал алмағандарға)» деп есептелінді. Іс жүзінде олай болмағаны кәмпескелеуден кейінгі Қазақстанды жайлаған алапат аштық арқылы көрініс тапқан еді. Мәселен, Әулиеата ауданында 1929 жылы 1,5 миллион бас қой болса, 1934 жылы оның 7-ақ мыңы қалған.
1932 жылғы аштықтың немесе басқа да себептерге байланысты болар, кеңестік репрессиялық аппарат 1932 жылдың «7 тамыз Заңын» күшіне енгізді. Халық арасында «бір түйір дәнді алғаны үшін сотталу» ретінде белгілі осы «7 тамыз Заңы» бойынша мемлекет мүлкіне қандай бір мөлшерде болмасын қол сұққандығы үшін 10 жылға немесе одан да көп мерзімге бас бостандығынан айыратын. Архив құжаттарында осындай «ұр да жық» саясаттың құрбандарының қалай сотталғандықтары туралы мәліметтер көп. Соның біріне мән берсек, қыр қазағы Бекболатов Хамит Ақыртөбедегі интернатқа шаруашылық жөніндегі меңгеруші болып (завхоз) жұмысқа кіреді. Хамит жұмысқа кіре салысымен жүргізілген тексеру интернаттағы көп былықтың басын ашады. Әйтсе де, осыған дейін интернаттың майы мен шайын ішіп-жеп, көйлек-көншегін керегіне жаратып, тіпті қазақ балаларына сойып бердік деп шошқаларды сатып, мұрттарын майлаған интернаттың директоры Дуванов пен оның оқу ісі жөніндегі орынбасары Хусаинов (сірә, еврей мен сарт болар) аман қалып, Бекболатов Хамит 10 жылға бас бостандығынан айырылып, мал-мүлкі кәмпескеленеді. Бұл жерде санкцияны аудан прокуроры Сенников берсе, үкімді аудандық сот Аверкиев шығарғандығын айта кетуге болады. Дегенмен кеңестік «халық сотының» Михаил Гриневич сияқты қылмыскерлерге құлқы бөлек сияқты. Оны Полюкович есімді жанашырының кепілдікке босатып алуы өз алдына, тіпті кейін кассациялық өтініш арқылы қаралған Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының 1-ші сот алқасы (төрағасы – Мұхамеджанов, мүшелері – Есенов пен Владимиров) Гриневичтің жазасын 3 жылға дейін төмендетеді. Құжаттарда аталған азаматтардан басқа, 1932 жылдың «7 тамыз Заңы» бойынша Ысқақов Оспан, Көшеров Дәулет, Байбеков Аязбек, Мырзақұлова Алуа, Саймұратов, Тілегенов, Исмайлов, Көшенов, Райсов, Шубашев, Досжаев, Қамұрзақов, Есдәулетов, Дәрменқұлов, Хасенова Салима (тектері құжаттарда осылай жазылған) және басқалары да сотталғаны туралы мәліметтер бар.
Сонымен қатар қуғын-сүргін нәубеті кезеңінде отқа да күймейтін, суға да түспейтін «ерекше» қызметкерлердің де болғаны білінеді. Соның бірі Лев Моисеевич Хайкин «Қосшы» одағының Әулиеата бөлімінің меңгерушісі. Еврей. Әрине, халықпен, соның ішінде қазақы ауыл халқымен жұмыс істеуге еврейдің таңдалынуы ол кезде кездейсоқ емес. Тек большевиктердің туын көтеріп жүрген уездік басшы қызметкердің (айлық жалақысы – 154 сом 80 тиын) 1925 жылға дейін партия қатарына өтпей, оның себебін «кездейсоқтық, әзірге кепілдік беретін ешкім болмай тұр» деуі аярлықтай көрінеді. Хайкин өзінің Кеңес үкіметіне көзқарасы дұрыс екендігін, сонымен қатар еңбекшілер мен езілген халықты қорғау жолында жан аямайтындығын жазады. 37 жасар патша дәуірінде мақта фирмасында приказчик болып жұмыс істеген, ендігі жердегі Кеңес аппараты қызметкерінің бұл шыны ма, жоқ па, әйтеуір, Хайкин әртүрлі сындардан сүрінбей өтіп отырған.
Дәл осы «Қосшы» одағында басшылық қызмет атқарған Жүзбай атамыздың өмірбаяны басқаша өріліпті: Ж.Мыңбаев 1896 жылы Әулиеата уезі Қарабақыр болысында дүниеге келген. Кеңестік билікті халыққа теңдік әпереді деп түсінген Жүзбай атамыз жастардың «Бұқара» революциялық одағының мүшесі ретінде тұрғылықты халықтың арасында большевиктер саясатының оң тұстарын түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Осындай белсенділігімен танылған Ж.Мыңбаевты кеңестер билігі әртүрлі мемлекеттік органдарға қызметке тартады. Өзіне тапсырылған жұмыстарды тиянақты атқарған Жүзбай Мыңбайұлы, әсіресе, 1917-1918 жылдардағы ашаршылықтың зардаптарын жеңілдету бағытында шаршамай, шалдықпай еңбек етеді. Аштарды тамақтандыру орталықтарының жұмысын жиі-жиі тексеріп, нәтижесін сол кездегі Әулиеата Депутаттар Кеңесі атқару комитетінің төрағасы Тұрар Рысқұловқа жеткізіп, тиісінше іс-шаралар қабылдап, халықтың басына түскен ауыртпалықты жеңілдету үшін бар күш-жігерін аямайды. Осылай, қажырлы да қайратты еңбегімен көзге түскен Жүзбай атамызды жергілікті билік Әулиеата уездік «Қосшы» одағы басшылығының құрамына енгізеді. Мұнан кейінгі кеңестік эксперименттер науқанында Қарабақыр болысында басшылық қызметте жүріп те халқының қамын жеген Жүзбай атамыз большевиктер билігінің қазақтарды қынадай қырған озбырлығын түсініп-түйсіне отырып, осындай қанқұйлы саясатқа қасқайып қарсы шығады. Нәтижесінде 1937 жылғы 8 қыркүйекте «халық жауы» деген жалған ат таңылып, осы жылдың 20 қазанында атылады.
Қарап отырсақ, жаппай саяси қуғын-сүргін саясаты кезінде атылғандардың әлеуметтік негіздері сан алуан болғандығы көрініп тұр. Айтар болсақ, тек оңтүстік өңірімізде жоғарыда қарастырылып өткен топтардан бөлек, 22 сазгер, 18 дәрігер, 23 машинист, 41 бухгалтер, 2 журналист, 8 агроном, 2 арбакеш, 18 аспаз, 2 экспедитор, 3 тракторшы, 6 солдат, 10 заңгер, 6 фотограф, 3 музыкант, 3 кассир, 3 студент, 1 кітапханашы, 26 мұғалім және басқа да мамандық иелері – барлығы 1600-ден аса азаматымыз ең жоғары жазаға тартылған.

Суретте:
«Қосшы» одағының II съезі. 1924 жыл. Екінші қатарда, оң жақтан санағанда үшінші – қоғам қайраткері, жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған Жүзбай Мыңбаев.

Сейдахан Бақторазов,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз мемлекеттік университетінің
тарих ғылымдарының
кандидаты, доцент

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.