Кеңес үкіметі орнағалы талай нәубетті басынан өткерген ел үшін Ұлы Отан соғысының басталуы қасіретті күндерді еселей түскені рас. Совет халқы Азамат соғысы, аштық, колхоздастыру, қуғын-сүргіннен кейін енді бойын тіктеп жатқанда, 1941 жылдың 22 маусымында басталған соғыс қиындық пен қайғы әкелді. Араға жылдар салып, сұрапыл соғыста көзсіз ерлігімен танылған азаматтардың есімі халық арасында аңыз болып та айтылып жүрді. Солардың бірі Талас ауданынан шыққан батыр Сымық Бертаев десек артық айтпаған болар едік.
Сәндібек Піренов
Ерте жастан әскер қатарына алынған жауынгердің өмір жолы көпке үлгі. Батыр атамыз жазу-сызуды бала кезінде ауыл молдасынан үйренген. Қандай іспен айналысса да тындырымды тірлігімен ерекшеленіп, кез келген адаммен емен-жарқын араласып кететін қасиеті бар өр мінезді атамыз жастайынан айналасындағыларға сыйлы болған. 1925 жылы Аса ауылындағы мектепке барып, араға үш жыл салып үздік бітірген. Сол мектеп кіл рухы өр, ұстанымы берік адамдар тәрбиелеген дерсің, себебі онда Сымық Бертаев атамыз Бауыржан Момышұлы, Құрманбек Сағындықұлы, Әзімбек Исмаилов, Күзембай Сүгірбеков сынды қазіргі ел аузында жүрген азаматтармен бірге оқыпты. Бірге оқығаннан бөлек, Баукең екеуі түйдей құрдас екен. Сол мектепте Сымық Байдәліұлы орыс тілін жетік меңгеріп шығады.
1935 жылы Сымық Бертаев Ташкент қаласындағы Ленин атындағы әскери училищені оқып бітірген. Ол жылдары қазақ балаларының ішінде әскери училищені бітіргендер саусақпен санарлық болса, соның бірі – Сымық ата. Ал 1938 жылы аудандық атқару комитетіне жауапты хатшы, кейін комитет басшысының орынбасары болып жұмыс істейді. 1941 жылы әскер қатарына шақырылып, оқу-жаттығуды Түркіменстандағы Чарджоу қаласында өткереді. Өзінің 30 жасында майдан даласындағы алғашқы жорығы Мәскеу үшін соғыста басталады.
Алғашқыда ол 199-шы полктің саяси жетекшісі болып, араға бірнеше ай салып полк командирі болады. Соғыста жауынгер болып қана емес, саяси жетекші жұмысын да атқарған ол жаны мен тәні қажыған жауынгерлердің еңсесін тіктеп отырды. Жалпы түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстарына жетекшілік ете білді. Соғыс кезінде саяси жетекшінің орны ерекше, жұмысын бағалау қиын. Олар әрқашан батырлықтың, көзсіз ерліктің үлгісі бола білген. Жауған оққа қарамай майдандастарын шабуылға шақырып, жауынгерлік рухтарын шыңдаған. Дәл осы кездері атақты Панфилов дивизиясының Волоколамск тас жолында жаумен жан алысып, жан берісіп жатқан мезгіл болатын. Ол кезде батыр Бауыржан батальон командирі болған.
Сөйтіп, 1941 жылы Мәскеу маңындағы Химки қаласында Сымық Бертаев бастаған минометшілер ротасы 36-шы атқыштар бригадасының құрамында майдан даласына шығады. 1941 жылдың 4-5 қарашасы. Майданның суығы күздің суығын бір сәт ұмыттырып жіберетін уақыт. Түн ортасы. Майдан даласында қорғаныс шебінің бірінші сызығына байланыс сымы тартылған. Сымық Бертаевтың ротасы қорғаныс шебінде жүріп, траншея (ені тар ұзын шұңқыр) бойымен жаудан қорғана кезекті қадамын жасап, барлау жасайды. Осы тұста әскер басшысы К.К.Рокоссовскийдің өзі құрамында Сымық Бертаевтың ротасы бар батальон командирі майор Салимбаевқа Дьяково ауылында бекінген жауды тұтқиылдан басып қалу керек деген нұсқау береді. Батальон жауынгерлері басымдық көрсетіп, 2 сағат ерлікпен соғысқан. Осы тұтқиылдан жасалған шабуылдан кейін жау шебіндегілер 7 рет қарсы ұрысқа шыққан. Соған қарамастан Сымық Бертаев жағындағы әскер жаудың шабуылына тойтарыс беріп, қарсы шабуылға шығып, ақырында жеңіске жетіп, ауылды босатады. Осы арнайы операцияда майор Салимбаев «Кеңес Одағының Батыры» атағын алып, Сымық Бертаев «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Дәл осы кездері неміс басқыншыларының құрған жоспары орындалмай, 22 қарашада батысқа қарай ығысуға мәжбүр болады. Жауды 150 шақырымға дейін шегіндіру Кеңес әскері үшін оңайға түспеді, сайдың тасындай жігіттер Отан үшін от құшып жатты. Майдан даласы өртке оранып, жер беті тып-типыл болған. Сол соғыста Сымық Бертаевтың ротасындағы 22 минометтің 12-сі ғана қалған. Айқасқа бір түскен жауынгер ақтық демі қалғанша арпалысуға дайын болатыны анық. Себебі ортақ мақсат жеңіс болған соң, орта жолда шегіну ешкімнің де ақылына кіріп шықпайды. Ажалдың қай жақтан келетінін білмейтін сондай сұрапыл соғыстың бірінде Сымық Бертаев Гжатск қаласы үшін болған соғыста 2-рет жеңіл, 2-рет ауыр жараланады. 1943 жылы 79 гвардиялық дивизияда батальон командирі болады. 28 ақпан күні 6 гвардиялық армияның қолбасшысы, генерал-полковник Чистяков Ловец қаласын босатуда ерлік көрсеткен офицерлерге алғыс жариялап, жауынгерлік атақ беріпті. Осы кезде Сымық Бертаев гвардия майоры атанып, полк командирінің орынбасары болып тағайындалады.
Майдан даласында тек батылдық пен қара күштің иесі болып жауды жеңе алмайсың. Ажал оты адам таңдамай, өзімен бірге небір мықты сарбаздарды жер бетінен алып кетіп жатты. Тірі қалғандар сол әуел бастағы мақсатынан танбады, Отан үшін қасық қаны қалғанша күресті. Өмір мен өлім арасы бір ғана сәтпен өлшенді. Осындай жан алысып, жан беріскен соғыстардың бірінде, 28 ақпан күні тағы да шағын ауылдағы жауды ығыстыру тапсырмасы жүктеледі. Сонда полк командирі И.Дегтяров қатты жараланып, госпитальге түседі. Ендігі кезде полк командирінің орынбасары ретінде командирдің міндетін атқарушы Сымық Бертаевқа жүктеледі. Нұсқау бойынша полк жауынгерлері Блины станциясына тұтқиылдан шабуыл жасап, сонда қорғанысқа берік орныққан жауды жеңу керек болатын. Жау жағы әр үй мен іргелерінде бекініп күтіп отырғаны белгілі болған соң, полк командирі барлаушыларды жіберіп, басты міндет ретінде қару-жарақ сақталған қойманы анықтауды тапсырады. Тапсырма орындалған соң, жау жағы ұйқыға кеткенде Сымық Бертаев бастаған жауынгерлер үйлерді отқа орап, ашық ұрысқа шығады. Ақырында таң атқанға дейін жау жағы Кеңес әскеріне бағынады. Осы соғыста полк сарбаздары жаудың 305 сарбазын, 39 офицерін қолға түсіріп, 26 зеңбірек, 35 танк, 30 көлік, 270 миномет пен оқ-дәрілер сақталған қойманы табады.
Осы арнайы операциядағы жеңістен кейін дивизия командирі К.Х.Баграмян жеке өзі полкке келіп, Жоғарғы кеңестің төралқасы атынан жанкештілікпен күрескен жауынгерлерді марапаттаған. Полк командирінің айтқанын бұлжытпай орындап, ерлік көрсеткен минометшілер полкінің сержанты Сыдықов «Кеңес Одағының Батыры» атанады. Ал Сымық Бертаев пен аға командирлер және офицерлерге «Александр Невский» орденін генералдың өзі келіп таққан. Біздің білуімізше, осы орден тек санаулылардың ғана кеудесінде жарқыраған.
«Шалғыншың шалдырмаса, жауға алдырмайсың», дегенмен де соғыс даласында майдандастарымен бірге 4 жыл жаумен алысқан Сымық Бертаев 1944 жылы ауыр жараланып, соғыстан оралады. Соғыстан кейін «Талас» совхозының директоры болып, кейінгі жылдары өмірінің соңына дейін Шолақтау (Қаратау) поселкесінде кеңестің төрағасы қызметін атқарған. Аңғарсақ, атамыз сонда 20 жылдан аса уақыт еңбек етіпті. Кейін сол ауылдағы көшеге Сымық Бертаевтың есімі берілген.
Қазақ батырларының ішінде сол кездің өзінде Сымық Бертаев секілді гвардия подполковнигі дәрежесіне екінің бірі жете бермеген. Одан қалса батыр атамыздың тік мінезі, шындықты бетің бар, жүзің бар демей тіке айтатын қасиеті жерлестері мен көрші-қолаңдардың шамына тимейтін. Себебі батыр атамыз қолында билігі бар азаматтарды да жөнге салып отырған. Сол үшін де атамыздың соғыс жылдарында өзі жазып қалдырған хаттары мен майдан даласындағы көзсіз ерлігі өскелең ұрпақтың жадында сақталып, келер ұрпаққа үлгі болып қала бермек. Ер есім ел есінде мәңгілік сақталады.