Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жандос ОМАРОВ: «Әнсіз өмір мәнді емес»

0 451

Жандос Омаровтың есімі еліміздегі өнерсүйер қауымға кеңінен танымал. Музыканы өмірінің темірқазығына балаған ол жиырма жылдан астам уақыт Жамбыл өңірінің өнер саласын жандандыруға бар білімі мен ынта-жігерін аямай келеді. Жуырда ғана «Ән тарту» деп аталатын онлайн концертін жоғары дәрежеде өткізіп, тыңдарман қошеметіне бөленген сазгер, әнші, Мәдениет саласының үздігі Жандос Омаровтан сырлы сұхбат алудың сәті түскен еді.

– 20 жылдық шығармашылық кешіңіз онлайн форматта өтті. Жалпы көрерменсіз концерт өткізудің ерекшелігі неде? Қандай артықшылық пен кемшіліктерін атап өте аласыз?

– Елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты концертті онлайн форматта өткізуді ұйғардық. Әуелде кешті бұлай өткізу ойда болмаған еді. Көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін концертке бір күн қалғанда кештің онлайн түрде, қашықтықтан өтетінін хабарладық. Кештің түсірілімін көрермен филармонияның әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы тамашалады. Жалпы өзімнің облыс филармониясындағы лауазымдық қызметімнен бөлек, өз тыңдармандарымды шығармашылығыммен жақынырақ таныстыру мақсатында ұйымдастырылған концертті алдағы уақытта жамбылдық көрермен аймақтық телеарнадан да тамашалай алады. Бұл – менің үшінші шығармашылық кешім. Он жеті жыл сазгерлер мен ақындармен тығыз байланыста болып, тыңғылықты дайындық жүргіздім. Әуелден мақсатым – өңірдегі ақындардың шығармашылығын насихаттау болды. Туындыларымның 80 пайызы – аймақтағы ақындардың өнімдері. Ал концертке келер болсақ, кешті көрерменсіз өткізудің ешқандай артықшылығын сезінген жоқпын. Концерт басталмас бұрын барлық әріптестеріме, артистерге залда көрермен отырғандай өнер көрсетулерін өтіндім. Себебі он көрермен болсын, он мың көрермен болсын артист сахнада жан-тәнімен өнер көрсетуі тиіс. Менің жеке кешімді біздің филармонияның өнерпаздары, басшылар, шығармашылық ұжымның жетекшілері көрермен болып тамашалады. Концерт телевизиялық форматта болғандықтан, бейнетаспаға түсірерде крандарды пайдаландық. Ешқандай үзіліс болған жоқ. Екі сағаттық концертте репертуарымдағы 20-дан аса шығармаларым орындалып, кеш өз деңгейінде бір деммен өтті. Мұнымен қоса халық әндері мен жүрегіме жақын танымал композиторлардың шығармаларын шырқадым. Ал кемшілікке келер болсақ, көптеген жақындарым кешті кейінге шегеруді өтінді. Алайда дәстүр бойынша бұл шығармашылық концерт те менің туған күнімде, 13 наурызда өтуі тиіс. Сол себепті кейінге қалдырған жоқпын. Мұнымен қоса өнердегі әріптестерім, танымал эстрада жұлдыздары жолға билет алып шығынданғандықтан, олардың жоспарларын бұзғым келген жоқ. Сондай-ақ әу баста концерт тегін ұйымдастырылғандықтан, мақсат халыққа 2 сағат көлемінде тамаша мереке жасап беру болғандықтан, көп әбігерге түспейтінімді түсіндім.

– Дайындыққа қанша уақыт кетті?

– Концерттің негізгі дайындығына жалпы 3 ай уақыт кетті. Бағдат Самединова, Әділ Сламхан, Айгүл Иманбаева, Гүлнұр Өмірбаева сынды жұлдыздар келді. Шырқалған әндердің дені эстрадалық бағытта болғандықтан, аранжировкалардың дыбыстық өңделуін халыққа сапалы өнім ұсыну мақсатында ұлттық аспаптардың үнін қосып, арнайы Ташкент қаласында жасаттым.

– Жамбыл өңіріндегі өнердің бүгінгі ахуалы туралы не айтасыз?

– Аймақтағы өнердің жайы туралы сөз қозғағанда, бірнеше жылдан бері арнайы оқу орны қажеттігі айтылып келе жатыр. Біздегі таланттардың бәрі сыртқа кетіп жатыр. Көбі Астанада, Алматы сынды мәдениеттің қайнаған ортасында жүр. Бұл, әрине, жақсы. Дегенмен таланттарымызға қолдау көрсетуде аянып қалмауымыз керек. Көбісі сол шаһарларда білім алып, сол ортада қалып қойып жүр. Бізде тек өнер бағытына арналған оқу орны болғанда, өз өнерпаздарымызды өз ортамызда алып қалар едік. Дегенмен өңірдегі өнер саласы өзге облыстардан кем емес. Неге десеңіз, сырттағы танымал өнер иелері біздің әншілерімізге өте жоғары баға береді. Біріншіден, біздің кәсіби өнерпаздардың бойына сіңірген жақсы қасиеті – репертуарды жақсы таңдай біледі. Сахнада жүріп тұру, әнге лайықты киіну, эстетикалық талғам, сапалы дүние ұсыну, түрлі эксперименттерге бару сынды өнердің басты атрибуттарын өңірдегі әншілер қатаң ұстанады. Бізде таланттар көп. Өз басым сол таланттарды тәрбиелеп отырған ұстаздар мен ата-аналар қауымына шексіз ризамын. Облыста қазақ және орыс театрлары бар. Оқу орындарында тәрбиеленіп жатқан шәкірттер, халық шығармашылығы орталықтары, халық театрлары өз дәрежесінде лайықты жұмыс жүргізіп жатыр. Мысалы, былтыр Өзбекстандағы Қазақстан жылында біздің аудандардағы өнер ұжымдарының көрсеткен өнеріне, киген костюмдеріне ала шапанды ағайын қатты таңданды. Аймақтағы мәдениет басқармасының басшысы Дүйсенәлі Дыбысалыұлы аудан өнерпаздарына әрдайым шет мемлекеттерде өнер көрсетуге мүмкіндік беріп, барынша қолдау көрсетіп келеді. Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония – халыққа қызмет көрсететін гастрольдық ұжым. Өңірде өтетін барлық салтанатты жиындар мен мәдени іс-шаралардың барлығына біздің ұжым айлап-жылдап дайындық жүргізеді. Ауылды жерлерге, аудан орталықтарына барып, алыс-жақын өңірлердегі ағайынға өнер көрсету үшін ақылы концерттер де ұйымдастырамыз. Өкінішке орай, аудан тұрғындарының өнерге деген қызығушылығы аса жоғары емес. Себебі ауыл адамдарының шаруадан қолы босай бермейді. Әлеуметтік желі мен ғаламтордың дамуы да бұған тікелей әсер етіп отыр. Сонымен қатар өнерді дамыту мақсатында түрлі ән-би байқауларын ұйымдастырып келеміз. Бұл жұмыстардың барлығы келешекте жүйелі түрде жүзеге асатын болады. Барлығына облыстық мәдениет басқармасы тікелей мұрындық болып отыр.

– Репертуарыңызға ән таңдағанда қандай талаптарды басшылыққа аласыз?

– Өзім жазған әндердің барлығы менің тенор дауысыма сәйкес келе бермейді. Кейде ән жазуға өтініш жасаған әншілердің табиғатына ыңғайлап жазамын. Кейде әнді жазып болған соң, сол туындыға сәйкес келетін әншіге шығармамды ұсынамын. Репертуарыма ән таңдағанда, ең бірінші, ел алдына шығып шырқағандағы табиғатыма жарасымдылығына мән беремін. Дауысыма қонымдылығы, ән мәтінінің тағдырыммен байланысына да назар аударамын.

– Өз ұғымыңыздағы шығармашылық туралы не айтасыз?

– Шығармашылық деген ұғым – мен үшін өнер әлемінде еркін қанат қағып шарықтауым. Өнер адамы тоқырауға да ұшырауы мүмкін. Себебі шығармашылықтың жандануы отбасымен, ұжыммен, елмен тығыз байланысты. Егер осы аталғандармен сіздің байланысыңыз нашар болса, шығармашылығыңыз дамымайды. Көңіл-күйім дұрыс болмаса, көйлегім жыртық, қарным аш, бала-шағам тоқ болмаса, нағыз тоқырау сонда болады. Барлығы тепе-тең болуы тиіс. Шығармашылық – мендегі міндеттердің шешілу жолы, алға қойған мақсатым мен сол жолда жасаған іс-әрекетімнің үйлесім табуы деп түсінемін. Бұл жолда талант пен бойымдағы бар қасиеттер бір арнада тоғысуы тиіс. Шабыт болмаған жерде ісіміздің өнбейтінін білеміз. Ал мен үшін әнсіз өмір мәнді емес. Егер математик өз есебін бар жан-тәнімен шешпесе, жауабынан шатасады, ақындарда да сезім болмаса сөзі зая кетеді, күйшіге де тебіреніс, толғаныс қажет. Сол секілді композитор үшін де жаңа дүние жасауға жағдай керек. Меніңше, «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп Абай айтпақшы, барлық өркениеттің қайнар бастауында поэзия тұр. Бәрі сөзден, өлеңнен басталады, өлеңмен аяқталады. Сол себепті біз сөзге жіті мән береміз. Бүгінде махаббат туралы ән жазу оңай болып кетті. «Сүйдім, күйдім» деп ән жазу да көп күш қажет етпейді. Кей жас композиторлардың осы әдеттеріне қарным ашады. Бүгінгі тыңдарманға тәлімі мол өнім қажет. Бұл ретте әр өнерпаз өз шығармашылығына әртүрлі ракурста қараса, көкірек көздерін бітемей, қарашықтарын аша түссе, оңай олжаға кенелемін деген ойдан арылса деген тілек бар.

– Әлем аты жаман аурудан айыға алмай әбігерге түсіп жатқанда, табиғатынан сезімтал өнер адамдары да іштен тынып, толағай мұң кешеді. Бұл дағдарысты қалай өткеріп жатырсыздар?

– Рас, бүгінгі ахуал ешкімге де оңай тиіп жатқан жоқ. Әлеуметтік желіде де, радио мен теледидарда да жаңалықтың бәрі осы қауіпті індет туралы. Бұл көңіл-күйге қатты әсер етеді. Ел ішіндегі қорқынышты сейілту үшін филармония ұжымы халық ән тыңдасын деп, бұқараға рухани емші болайық деген мақсатта түрлі челлендждер ұйымдастырып жатыр. Оған желі қолданушылары куә. Мұндай жағдайда кімнің де болсын рухани сынып кетпеуі маңызды. Осындай алағай шақта өзімнің «Ән тарту» атты ән жинағымның өмірге келгенін хабарлап, өнердегі барлық әріптестеріме шығармаларымның минусовкаларын пайдалануға толық құқық бердім. Жинақтың алғы сөзін Алтынбек Қоразбаев жазып шықты. Мектептегі музыка пәнінің оқытушыларына өз туындыларымды таратпақпын. Әндерді сату ешқашан ойыма кіріп-шыққан емес. Әнді сату – өнерді сату. Бұл қиын-қыстау шақ та өтер. Індеттің беті қайтып, баяғы мамыражай қалпымызға түсерміз. Осындай шақтарда сазгерлердің ән қоржыны жаңа да мағыналы, тәлімі мол дүниелермен толығады деп сенемін.

– Мазмұнды әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.