Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қаржы есептілігінің аудиті

0 990

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» 2015 жылғы 12 қарашадағы №392-V Заңының 3 бабы 1 тармағына сәйкес, Мемлекеттік аудиттің мақсаты бюджет қаражатын, мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін басқарудың және пайдаланудың тиімділігін арттыру болып табылады.

Мемлекеттік аудит типтерінің бірі – қаржылық есептілік аудиті, бұл мемлекеттік аудит объектісінің қаржылық есептілігінің, бухгалтерлік есебінің және қаржылық жай-күйінің анықтығын, негізділігін бағалауды білдіреді.

Аталған заңға сүйенсек, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қаржылық есептілігіне, оның ішінде шоғырландырылған қаржылық есептілігіне және мемлекеттік мекемелердің қаржылық есептілігіне тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде жыл сайынғы аудит жүргізу – Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның, яғни Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің ішкі мемлекеттік аудит комитетінің құзыретіне жатады.

Қаржы есептілігіне аудит жүргізудегі негізгі мақсат – көзделіп отырған пайдаланушылардың қаржы есептілігіне деген сенімділік дәрежесін арттыру. Бұл мақсат аудитордың қаржы есептілігі дайындалды ма, жоқ па, қаржы есептілігін ұсынудың қолданыстағы негізіне сәйкес келе ме, барлық қырынан дұрыс әрі нақты ма, осы жөнінде пікір білдіруі жолымен жүзеге асырылады.

      Қаржылық есептілік аудитіне республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелердің Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2017 жылғы 1 тамыздағы № 468 бұйрығымен бекітілген Қаржылық есептілік нысандарын және оларды жасау мен ұсыну қағидаларында белгіленген көлемде және нысандар бойынша қаржылық есептілігі және республикалық және жергілікті бюджет есебінен ұсталатын бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнің Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2016 жылғы 6 желтоқсандағы № 640 бұйрығымен бекітілген Бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi мен бюджеттi атқару жөнiндегi жергілікті уәкiлеттi органдардың шоғырландырылған қаржылық есептiлiктi жасау қағидаларында белгіленген көлемде және нысандар бойынша шоғырландырылған қаржылық есептiлiктері жатады.

Қаржы есептіліне аудит Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің «Қаржылық есептілік аудиті» рәсімдік стандартын бекіту туралы»  2017 жылғы 24 сәуірдегі №272 бұйрығы негізінде жүзеге асырылады.

Алдымен мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесі Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 19 наурыздағы № 392 бұйрығымен бекітілген Ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау қағидаларының 2-тарауында белгіленген тәртіппен қалыптастырылады.

Жамбыл облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментімен 2019 жылға бекітілген мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесі бойынша 32 мекемеге қаржылық есептілік аудитін жүргізу жоспарланған.

Департаметтің қаржылық есептілік аудиті бөлімінің мамандарымен 2019 жылы мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесімен жоспарланған 32 объектінің 30-ында аудиторлық іс-шаралар жүзеге асырылды, 2 объекті ішкі мемлекеттік аудит комитетінің тапсырмасымен тоқтатылды.

Жүргізілген аудиторлық іс-шаралар нәтижесінде бюджеттік және басқа да заңнамаларды бұзушылықтардың жалпы сомасы 14 013,5 млн.теңге, оның ішінде қаржылық бұзушылықтар 13990,1 млн.теңге, рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар 23,4 млн.тенге. Анықталған бұзушылықтарды жою бойынша берілген нұсқамалар негізінде 5,0 млн.теңгенің бұзушылықтары өндірілді, 13985,1 млн.теңгенің бұзушылықтары есепке алу жолымен қалпына келтірілді.

Аудит барысында Департамент тарапынан Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 238 бабы 1 бөлігі 2 тармағымен «жеке тұлғалардың және лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасында көзделген мiндеттердi:  бұрмаланған қаржылық есептiлiк жасау, бухгалтерлiк есепте көрсетiлуге жататын деректердi жасыру, сол сияқты бухгалтерлiк құжаттаманы жою, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын iс-әрекет белгiлерi болмаса» көзделген әкімшілік құқық бұзушылық үшін мемлекеттік аудит объектілерінің 26 лауазымды тұлғаларына қатысты  әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 1,7 млн.теңгеге айыппұл салынып, мемлекеттің пайдасына өндірілді және 29 лауазымдық тұлғаға тәртіптік жаза қолданылды.

Сонымен қатар, «Сарысу ауданы әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қаржылық есептілігіне жүргізілген аудит нәтижесінде депозиттік шоттан жалпы сомасы 1,6 млн.теңге негіздемесіз аударылғаны анықталып, аудит материалдары мекеменің лауазымды тұлғаларына қатысты тиісті процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды. 

Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның, яғни Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің ішкі мемлекеттік аудит комитетінің және оның департаменттерінің тарапынан бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қаржылық есептілігіне, оның ішінде шоғырландырылған қаржылық есептілігіне аудит  жыл сайын жүргізу заңмен көзделген.

Е.Нұрпейісов

Жамбыл облысы бойынша ішкі мемлекеттік

аудит департаментінің қаржылық есептілік

аудиті бөлімінің  басшысы 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.