Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұрыдан ұят кетсе, кәрізден қақпақ кетеді

0 300

Қолды болған кәріз құдықтарының қақпақтары қоғамда көптен бері талқыға түсіп жүрген өзекті мәселеге айналған. Қала ішіндегі құдықтарды тұрғындар шама-шарқы келгенше бекітумен келеді. Әлекке түсетіндей жөні бар-ақ, себебі аулада ойын қуған балаларды айтпағанда, ересектердің өзі де ашық құдыққа аңдаусыз түсіп кетуі мүмкін. Кейде оқыс оқиға орын алғанда ғана жауаптылар саймандарын сайлап тұра қалатындай көрінеді.

Сәндібек Піренов

Осыған қарап, соңғы кездері күресті күшейткен сайын ұрлық-қарлық көбейіп бара жатқан жоқ па деген сауал туындайды. Сонымен, қала көшелерінде ашық жатқан құдықтардың қақпағы қашан жабылмақ? Бірге саралап көрелік.

Алдымен қала әкімдігіне қарасты тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен 2019 жылы атқарылған жұмыстардың тізімін алдық. Соған сәйкес «Таразтрансэнерго» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны балансында жалпы 2049 жылу жүйесінің құдығы бар болса, соның ішінде 277-сі ұрланып, ашық құдықтардың барлығы бетон плиталармен жабылған. «Жамбыл-Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны балансында жалпы 108 жылу жүйесі құдықтары болса, былтыр ашық қалған 32 құдық жабылыпты. «Қазақтелеком» АҚ балансында 7161 кабельді кәріз құдығы бар болса, ашық қалған 147 құдықты қақпақпен толықтырған. Аталған мекемелердің ішінде ең ірісі «Тараз-су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны балансында жалпы 15489 құдық бар.

Оның ішінде 7462 дана су желілері болса, қалған 8027 кәріз желілері. Жыл басынан бері 231 дана құдықтың қақпағы ұрланып, бетон плиталармен қайта қалпына келтіріліпті. Сондай-ақ жыл соңында үнемделген қаржы есебінен 6 000,0 мың теңгеге 640 дана пластикалық құдық қақпақтарын сатып алу жоспарланып, бүгінгі таңда жеке кәсіпкермен жалпы құны 5 702,4 мың теңгеге келісімшарт жасалған. Қазіргі уақытта құдық қақпақтары толық жеткізіліп, «Тараз-су» МКК балансына тапсырылыпты. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, пластикалық қақпақтар кәнігі темір қақпақтарға қарағанда әлдеқайда үлкен. Енді олар құдықтың үстіңгі бөлігін кеңейтіп, қақпақтарды орнататын болады. Мекеме басшылығы «уақыт алатын жұмыстар, ең бастысы, оң нәтиже берсе» дегенді алға тартады. Аталмыш қақпақтар 25 тоннаға дейінгі салмақты көтере алатын көрінеді. Сондықтан мамандардың көмегімен тиімді кәріз қақпағына тиісті орын табылатынына сенім мол.

Тізімге енбеген 80 құдық

Қала әкімдігіне қарасты тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен 2019 жылдың қорытындысы бойынша қолды болған қақпақтардың орны толығымен жабылған деген жауап алдық. Дәл сол уақытта іздегеніміз көктен түскендей «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанаты мен Төтенше жағдайлар департаменті бірлесіп, «Қауіпсіз қала» акциясы аясында қала аумағындағы ашық жатқан кәріз құдықтарының жайын бақылауға шығыпты. Рейд жұмыстарында 15 ерікті жас пен ТЖ департаментінің 20 қызметкері 7 топқа бөлініп, қала аумағын араладық. Жұмыс барысында «Қарасу» мөлтек ауданы, №26 үй маңынан 4 және 45 метр қашықтықта орналасқан 4 кәріз құдығының қақпағы қолды болғаны анықталды. Белгілі болғандай, ондағы құдықтардан газ және су құбырлары өтеді екен. Бұл туралы Тараз қалалық ТЖ департаментінің бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Қайрат Оразбаев «анықталған құбыр жүйелерінде улы газдардың болуы мүмкін» дейді. Артынша «Қаратау» мөлтек ауданына барғанымызда, №12 үй маңындағы кәріз құдығының қақпағын тұрғындар жапқаны белгілі болды.

– Үй маңында қолды болған кәріз құдықтары көп. Қас қарайғанда балаларды айтпағанда, ересектердің өзі ашық тұрған құдықты байқамай қалады. Сол үшін құдықты шама-шарқымыз келгенше қаңылтыр жабындысымен бекіттік. Бірақ бұл тұрғындар үшін қауіпсіз болмай тұр, – деген қала тұрғыны Мамай Қасымов мөлтек ауданда бұдан басқа ашық-шашық жатқан кәріз құдықтарының көп екендігін айтты.

Бірлескен рейд жұмыстары барысында білгеніміз, қала аумағындағы темір қақпақтарды ұры-қарылар қолды қылса, бетоннан жасалған жабындылар уақыттың өтуімен үгітіле бастаған. Екі апта бойы жүргізілген рейд жұмысының нәтижесін қарасақ, қала көшелерінде ашық қалған 80 құдық бар көрінеді. Ал қала тұрғындары мұнымен келіспейді. «Шамасы біздің жеңіл-желпі жасаған жабындыларымыз есептелмеген шығар» деп мұңын шағуда.

Заң талабы орындалған ба?

Бүгінде кәсіпкерлер кәріз қақпақтарын бүтіндей қабылдамағанымен, сынғандарын қабылдаудан жасқанар емес. Нарықтағы бағасынан әлдеқайда арзанға өткізілетін темірдің 1 келісін 55-70 теңгеден қабылдайтын кәсіпкерлерге оңай олжа бұл. Олай деуіміздің себебі, ұры-қарылар темір қабылдайтындарға бір ғана қақпақ әкелумен шектелмейді. Бұл мәселе сала мамандарының мойнына ауырлық салып отыр. Ал мемлекет тарапынан кәріз қақпақтарына ақша бөлінбесе, ашық қалған құдықтардың саны тіпті көбейіп кететін еді. Бір өкініштісі, полиция қызметкерлері қылмыстың үстінен түспесе, кәсіпкерлерді жөн-жосықсыз айыптай алмайды.

Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, 2019 жылдың қорытындысы бойынша кәріз құдықтарын ұрлағандарға қатысты 18 арыз түсіп, 11 азамат айыпталған. Сондай-ақ кәріз құдықтарының ұрлану фактісі тіркелгенде, оған жауапты мекемелер уақтылы және толық мәлімет бермейтін көрінеді. Өз кезегінде полиция қызметкерлері темір қабылдайтын орындарды тексеріп, заң талаптарына сәйкес ұрланған заттарды, әсіресе, қолды болған кәріз қақпақтарын қабылдағандарды қандай жауапкершілікке тартылатынын айтып ескерткен. ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес ұрлық орын алса, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру оқиғасы тіркелсе, жауаптының мүлкі тәркіленеді немесе 1 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Сондай-ақ 800 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Қақпақсыз қалған кәріз құдықтары төңірегінде туындаған оқиғалар тек бізді ғана емес, көршілес елдерді де алаңдатып отыр. Мәселен, Ресейде кәріз қақпағын ұрлағандарға қатысты заң талаптары күшейді. Дегенмен ұрыларды тұсауға бұл да жеткіліксіз секілді. Себебі өз ісіне әбден машықталған әккі ұрылар әлі де болса сұғанақтығының зардабын тартпай жүр.

Сондай-ақ кәріз құдықтарының ұрлану фактісі тіркелгенде, оған жауапты мекемелер уақтылы және толық мәлімет бермейтін көрінеді. Өз кезегінде полиция қызметкерлері темір қабылдайтын орындарды тексеріп, заң талаптарына сәйкес ұрланған заттарды, әсіресе, қолды болған кәріз қақпақтарын қабылдағандарды қандай жауапкершілікке тартылатынын айтып ескерткен. ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес ұрлық орын алса, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру оқиғасы тіркелсе, жауаптының мүлкі тәркіленеді немесе 1 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Сондай-ақ 800 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Қақпақсыз қалған кәріз құдықтары төңірегінде туындаған оқиғалар тек бізді ғана емес, көршілес елдерді де алаңдатып отыр. Мәселен, Ресейде кәріз қақпағын ұрлағандарға қатысты заң талаптары күшейді. Дегенмен ұрыларды тұсауға бұл да жеткіліксіз секілді. Себебі өз ісіне әбден машықталған әккі ұрылар әлі де болса сұғанақтығының зардабын тартпай жүр.

Ұрланған қақпақтардан бірі оңай олжаға кенелсе, енді бірі майып болуы мүмкін. Жыл сайын кәріз құдықтарына жауапты мекемелерге қақпақтар алынып, ашық құдықтардың орнын толтырғандай болады. Бірақ бір ашық құдық жабылса, екінші жақтан сол қақпақтарды жымқырып жүргендер бар. Неге екені белгісіз, темір қақпақты ұрлап, темір торға түсіп жатқандарды көп естімейміз. Әлде заң талабы күшейтілмеген соң, осындай ұрлықтың орын алуы жиілеп кетті ме? Алдағы уақытта қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін ашық құдықтарға пластикалық қақпақтар орнатылмақ. Олардың қаншалықты тиімді екенін кезі келгенде білетін боламыз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.