Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тойдың да естісі бар, есері бар

0 1  088

Жиған-тергенін тойға шашқан қазақ «асусыз жол, шашусыз той болмайды» деп білген. Дегенмен қара баланың қамымен қара қазанды қайнату үшін де қара терге түсесің. Табан ақы, маңдай тердің табысын той тойлап, қызық қуып, шығынға батып қалғаны тағы жайсыз. Десек те, «той бар жерде думан бар» деген түсінікпен, тапқан-таянғанын тойда шашып алып, той біткенде қарызға белшесінен батып, несиесін төлеп ғұмыр кешіп жүргендер қаншама?!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Иә, той десе, қу бас домалайтыны рас. «Он екі айда – он үш той» деген сөз осыған орай айтылса керек. Оның үстіне «Байдың асын байғұс қызғаныпты» десек те, белшеден қарызға батып, той өткен соң, несие төлеп жүргендер қаншама?! Бұл көзбояушылық кімге керек? Салтанаты мен сәні жарасып, үлде мен бүлдеге оранған той егелерінің той өткен соң салы суға кетіп, балшыққа баспен түскендей күй кешкенін көз көрді.
Той – халықтың қазынасы, бағзыдан қалған мұрасы екенін білеміз. Десек те, «судың да сұрауы бар». Әр кірістің шығысы да шаш етектен. Осы орайда, бүгінде той төрінен табылып, салтанаттың сәнін келтіріп жүрген асабадан, өзге тойдағы ысырап пен шығын, желге ұшқан ақша, той егесінің шектен шығып шашылған сәттерін той жүргізушілерінен өзге кім айтсын? Осы мақсатта той тізгінін алып, сәнін келтіріп жүрген бірнеше асабамен тілдесіп, сұрақ қойған едік.

  1. Сіз үшін тойда қандай жөн-жоралғы ерсі немесе артық?
  2. Сіз жүргізген тойлардағы ең үлкен ысырап? Қандай сәттерде ақша желге ұшты деп ойлайсыз?
  3. Той жүргізу барысында асаба тарапынан немесе той егесінің жасаған қандай қылық немесе әдістерін ұнатпайсыз?

Ардақ Ибрашов:

  1. Той үстіндегі жөн-жоралғының артық немесе ерсі көрінетіні жайлы есіме ештеңе түсе қоймады.
  2. Мен бір беташардан ерсі қылық көрдім. Келін шығып келе жатқанда, доллармен ақша шашты. Сол маған қатты ерсі көрінді. Сосын тойларда жасалатын нағыз ысырап – тойдағы дастарқан деп айтар едім. Шектен тыс жасалған дәмнің жартысы желінсе, жартысы тасталады. Міне, сол – нағыз ысырап.
  3. Мен асабалардың дөрекі сөйлегенін ұнатпаймын. Өздерін мақтайтындар сүйкімсіздеу. Ерсі ойындар, шектен шыққан, мәселен, «жылан бол, әлдебір жануар бол» деп талап қойылады. Міне, сол сәтте той қонақтары талапқа сай «өнер» көрсетемін деп аунап, домалап, масқарасы шығып жатады. Асабаның ақындық қасиеті, импровизациясы, сөз тапқырлығы міндетті түрде болса, сол асаба сұранысқа ие болады.

Самат Сатылғанов:

  1. Заманына қарай адамы дегенмен, заманауи үрдіске ілесемін деп той қаймағын бұзып алып жатқандары расында жанға батады. Жастардың үйлену тойында қос тарапты жарыстыру, қос құдағиды алаөкпе етіп жүгірту, тәтті тағам – тортты кестіріп, ата-енесінің аузына ұсынуы – маған ерсі һәм қазақта жоқ дүниелер. Бұл ерсі қылық бізге сырттан еніп, қанымызға сіңіп бара жатыр. Үлкендерге тиісінше сый-құрмет көрсетудің орнына күлдіремін деп бүлдіріп жатқан асабалардың да қателігі көзге көрініп тұрады. «Сырт көз – сыншы». Той төрінде болса да, тәрбие мен тәлімі бар нәрселерді ұсына білу керек деп ойлаймын.
  2. Ата-әжеміздің заманында есіктің алдында, етене жақын ағайынды жинап, той палаткада өтетін. Сол заманда ешкім бір-бірімен жарысқан жоқ. Бір тойдан көрген тағамды екінші той одан асырып жасауға талпынбады. Сол ескі тойларда той иесіне деген құрмет, ата салтқа деген адалдық сезілетін. Қазіргі заманда палатканың орны зәулім сарай, хан сарайындай мейрамханаларға ауысты. Әрине, өте әдемі көрінеді. Қызыға қарайсың. Бірақ өкініштісі, ысырапшылық көп жасалады. Мысалы, кей мейрамханаларда көлік кіріп-шығады, шетел әртістерін пәленбай ақшаға жалдап шақырады. Олардың барлық тілек-талабын орындап, жатар орын, ас-ауқатпен қамтуының өзі бір бөлек. «Пәленше тойына бес әнші шақырса, мен тойыма он әнші шақырамын. Ол бір асаба жалдаса, мен екі асаба жалдаймын» деген той егелерінің әңгімесін де құлағымыз шалып жүргені шындық. Қазіргі тойға келген ағайын тойдан шаршайтын сияқты. Себебі тойлардан сән-салтанат, думаннан гөрі бір-бірінен қалыс қалмау, бәсекенің иісі аңқып тұрады. Шоу көп деп ойлаймын. Мүмкін, бұл әдіс жастарға ұнайтын шығар, бірақ үлкендермен де санасу керек қой. Тілекті тыйып тастадық. «Қырықтың бірі – қыдыр», «Жақсы сөз – жарым ырыс» емес пе? Үсті-үстіне әнші, биші, шоу бағдарламаны көбейту – нағыз ысырап. Одан да үлкеннің ақылын тыңдаған мен үшін мың артық.
  3. Ең бірінші, бос сөз, арзан дүниелерді ұнатпаймын. Қазіргі асаба – байырғы шешен. Олар, біріншіден, салмақты сөз саптай білуі керек деп ойлаймын. Жүректен жүрекке жететін сапалы сөз айтқаны дұрыс. Тойды жандырып, қыздыру мақсатында түрлі ойындар шықты. Ерсі ойындарды ойнату. Басқа ұлттың менталитеті бөлек болғандықтан бізге ерсі, шешіндіріп, киіндіріп жатады. Күлдіремін деп бүлдіретін тұстары осы.

Ербол Тұрғынбаев:

  1. Өзі кеш басталған той үстінде алтын тағып, құндыз бөрік кигізіп, шапан жауып жатқаны артық деп ойлаймын. Той алдында құдалық өтеді, сол уақытта тағар алтын тағылып, шапан жабу үрдісін орындау керек сияқты. Той үстінде осылай топырлатпаса деймін. Қыз ұзату тойында күйеу жігіт төрге отырмаса, қыз құрбыларымен төрге отыруға тиіс сияқты маған.
  2. Жастардың үйлену тойында лимузин, джип, гелендваген жалдайды. Дәл сол сәтте жастар ақшаны желге шашады. Ол аз келгендей отшашуы тағы бар. Бес айлық табысты бес минуттың ішінде көкке шашып жібереді. Торт мәселесімен де күресіп келеміз. Қабат қабатымен жарысып торт жасау, дастарқанды жасауда да ысырап көп.
  3. Жап-жас бала, үлкен кісілерге бата беруі, әзіл айтуы ерсі көрінеді. Сосын үлкен кісілерді сайқымазақ етуі, екі ер адамды билетуі. Біреудің шашына, енді біреудің басына, бойына, алтынына тиіседі. Мұның барлығы ерсі. Таяқ ұстаған әжелерге «ходовойыңыз кетіпті» деген әңгіме айтып тұрады. Міне, соның барлығы ыңғайсыз. Тиынға қарамай, жиынды қыздыруды ойласа асаба деген. Асаба сөйлесе шешен, бастаса батыр, бес қаруы бойында, толғата қалса ақын, үлкенмен үлкен, баламен бала бола білуі шарт.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.