Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Буллингке жол жоқ!

Жастардың құқықтық сауаттылығы артуда

0 54

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің колледжінде жасөспірімдер арасындағы буллинг пен кибербуллингтің алдын алуға бағытталған «Жасөспірімдер арасындағы буллинг және кибербуллинг» тақырыбында құқықтық-ақпараттық кездесу өтті.

Шараның негізгі мақсаты – студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру, құқықбұзушылықтың, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, заң талаптарын түсіндіру және өскелең ұрпақтың құқықтық мәдение- тін қалыптастыру. Сонымен қатар жастардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырып, заңды құрметтеуге және оны сақтауға тәрбиелеу көзделді.
Кездесуді колледждің педагог-психологы Айнұр Берденова ашып, қатысушыларды шараның бағдарламасымен және арнайы шақырылған қонақтармен таныстырды. Жиын барысында тақырыпқа арналған бейнеролик көрсетіліп, ақпараттық слайдтар ұсынылды.
Жиынның алғы сөзін Тараз қаласы прокуратурасының аға прокуроры Гүлназ Сапахова «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу» тақырыбында баяндама жасап, жасөспірімдердің заң талаптарын білуі мен құқық бұзушылықтың алдын алудағы жауапкершілігі туралы түсіндірді.
Ал «Студенттердің психикалық денсаулығы буллинг пен харассментке қарсы орталығының» басшысы Гүлжамал Саменова «Қорлауға емес, қолдауға қадам жаса» тақырыбында сөз сөйлеп, буллингтің адам психологиясына тигізетін кері әсеріне тоқталды. Ол жастарды бір-біріне құрметпен қарауға, қиын жағдайға тап болған қатарластарына қолдау көрсетуге шақырды. Сондай-ақ сергіту сәтінде студенттермен тренинг өткізді.
«Жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік» тақырыбында Тараз қаласы Әулиеата АПБ ҚҚБ ЮПТ УПИ полиция аға лейтенанты Бекжан Досов сөз алып, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, әлімжеттіктің қауіптілігі және оның салдары жөнінде ақпарат берді.
Сондай-ақ Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы, облыстық психологиялық қолдау орталығының әдістемелік бөлім басшысы Торғын Байдәулетова «Біз буллингке қарсымыз!» тақырыбында ой бөлісіп, буллингке қарсы орта қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Бүгінгі таңда буллинг тек білім беру ұйымының қабырғасындағы мәселе емес, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы да көрініс табатын күрделі құбылыс. Сондықтан жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, цифрлық ортадағы қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру және өз құқығы мен міндетін білуі – қоғам үшін аса маңызды.
Осындай құқықтық-ақпараттық кездесулер жастарға заң талаптарын түсініп қана қоймай, өз әрекетінің салдарын бағалауға, өзгенің құқығы мен қадір-қасиетін құрметтеуге мүмкіндік береді.
Буллингке қарсы күрес – әр адамның жауапкершілігінен басталады. Қорлауға емес, қолдауға қадам жасау – қауіпсіз әрі ізгі қоғам қалыптастырудың маңызды жолы.

Зере ҚУАНЫШ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.