Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Ұлағатты ұстаздар ұлықталды

Қала әкімі Бақытжан Орынбеков үздік мұғалімдерді марапаттады

0 93

Кеше Тараздағы «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында Мұғалімдер күніне орай «Ұстаз – ұлттың шамшырағы» атты мерекелік шара өтті. Салтанатты жиынға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қатысып, ізгі тілегін жеткізді.

– Бүгінде қаламызда өскелең ұрпақты сапалы біліммен қамтамасыз ету мақсатымен ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқанда, соңғы 3 жылда 7 жаңа мектеп, 2 жапсарлас ғимарат пайдалануға берілді. Нәтижесінде оқушы орны 7 580-ге артты. Оның ішінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында заман талабына сай 4 оқу ошағы ашылып, онда 6 мыңнан аса бала білім алуда.
Білім мекемелерін жаңғырту бойынша да жүзеге асырылып жатқан ілкімді істер жетерлік. Мәселен, соңғы 3 жылдың бедерінде 7 мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Бұған қоса биыл «Орта білім беру нысандарына кешенді жөндеу жұмыстарын жүргізудің 2025-2029 жылдарға арналған жоспары» аясында №54 орта мектеп ғимараты жаңғыртудан өтті.
Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өткен оқу жылында мектеп оқушылары пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларында, интеллектуалдық конкурстар мен шығармашылық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп, жүлдегерлер саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 16 пайызға өсті. Қос оқу ордасы республиканың «100 Үздік олимпиада мектебінің» қатарына еніп, білім сапасында оң динамика қалыптасты. Сондай-ақ оқушыларымыз өнер, спорт, ғылым бағыттарында биік белестерді бағындырды, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жас ұрпақты тәрбиелеуге қомақты үлес қосқан 32 үздік педагогқа түрлі дәрежедегі марапаттарды табысталды.
Шара соңы концерттік бағдарламамен түйінделді.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.