Жыл сайын 1 қазан Қарттар күні біздің елде ғана емес, бүкіл дүниежүзі бойынша да атап өтіліп, қарттарға лайықты құрмет көрсетіліп келеді. Себебі бұл күн – күнтізбедегі жай ғана атаулы күн емес, өмірін ұрпағына, күш-жігерін елі мен жеріне арнаған жандарға тағзым ететін, рахметімізді жаудыратын, ақылын тыңдап, батасын алатын, тәжірибесін бөлісетін, мейірімін сезінетін ерекше күн.
Сондықтан бұл күнді елеусіз қалдырмай, Тараз қаласының «Бәйтерек» шағынауданындағы №4 кітапхана ұжымы да №66 орта мектеппен бірлесе отырып, «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» тақырыбында тағылымды кеш өткізді.
Оның негізгі мақсаты – қарттарды қадірлеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрін дәріптеу, оқушылардың бойына адамгершілік, мейірімділік, ізгілік қасиеттерін қалыптастыру, қарттарымыздың өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ету және ұрпақтар сабақтастығын насихаттау еді.
Кешті кітапхана меңгерушісі Бағира Бұлтанқұлова құттықтау сөзімен ашып, қарттардың отбасында да, қоғамда да атқарар рөлі мен алар орны ерекше екендігіне кеңінен тоқталды. Сондай-ақ қарттық әлсіздік емес, өмір тәжірибесі мен даналықтың биігі екенін және қарияларды құрметтеудің ұлттық тәрбиедегі маңызын да атап өтті. Сөзін жыр-шашу ретінде белгілі ақын Бақытжан Әліқұловтың «Қарттарым – қазыналарым!» атты өлеңімен аяқтады.
«Құлақтан кіріп, бойды алар, әсем ән мен тәтті күй», – деп хәкім Абай айтпақшы, музыкалық бағдарлама бойынша №66 мектептің оқушысы Нұрасыл Мұрат домбырамен «Ерке сылқым» күйін орындап, көпшіліктің көңілін серпілтіп тастаған соң кезек кеш қонақтарына берілді.
Әр салада елеулі еңбек етіп, құрметті демалыста жүрсе де қоғамдық жұмыстардан қол үзбей, бала тәрбиесімен де айналысып жүрген түрлі марапаттың иелері, асқар таудай аталарымыз бен ақ жаулықты апаларымыз Бестерекбай Бекмеров, Баян Мамытбекқызы және Құнанбай Өскелеңовтер өздерінің балалық шақтарынан бастап, бүгінге дейін жүріп өткен жолдары мен бастарынан өткізген түрлі оқиғалары және ел үшін еткен еңбектері жайлы тұщымды да қызықты әңгімелеп берді. Көпшіліктің сұрақтарына да жауап берді.
Содан кейін ұрпақтар сабақтастығын айшықтай түсу мақсатында «Асыл сөз – атадан, ақыл сөз – әжеден» атты мақал-мәтелдер сайысы ұйымдастырылды. Оқушылар мақалдың алғашқы бөлігін айтып, ал, қонақтар оның жалғасын тауып, ұлттық сөз өнерінің тәрбиелік мәнін көрсетті әрі тіл байлығы алдымен оқу мен тоқудан екенін ұғындырды.
Тақырып аясында оқушылардың қатысуымен арнайы дайындалған «Тоқта, балам, атаң келеді артыңда» атты сахналық шағын қойылым көрсетілді. Онда үлкенге құрмет көрсетудің, қарттарға қолдау білдірудің маңызы зор екені бейнеленіп, адам бойындағы жақсы және жаман қасиеттер көрініс тапты.
Тартымды да әсерлі шыққан қойылым «Қарттарым – асыл қазынам» деген атпен кітап көрмесіне жалғасып, оған жан-жақты библиографиялық шолу жасаған кітапханашы Гүлнұр Советова қатысушыларға көнекөз қарттардың өнегесі, ұлттық тәрбие, салт-дәстүр, отбасы құндылықтары туралы шығармалармен таныстырды.
Өз кезегінде аталмыш мектептің оқушылары Гүлсана Жақып, Раяна Жанай және Инабат Болат әсем әндер шырқап берді.
«Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» демекші, шарапатты шараның есте қалар сәттерінің бірі – ақсақал аталарымыздың көпшілікке ақ баталарын берулері болды.
Осы орайда көркем кешті тартымды да татымды жүргізген кітапхана қызметкері Аңсаған Жақанаеваның да еңбегі атап өтуге лайық.
Ешкімнің ешқашан қарттықтан қашып құтыла алмайтынын тағы да ойға салып, қарттарын қадірлеген елдің абыройы арта беретінін тереңнен ұғындырған мәні мен мағынасы зор тағылымды кеш соңында кітапхана меңгерушісі Б. Бұлтанқұлова уақыттарын бөліп келген қарттарға өз ұжымының атынан алғыс айтып, естелікке сыйлықтар табыс етті. Және жоғарыда аталған мектеп кітапханасының меңгерушісі Раушан Тажиева да 6 «Е» сынып оқушылары атынан сый-сияпаттарын табыстады.
Жиналғандар да ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, әдемі әсермен тарасты.
Қашан да қарттарымыз ортаймас қазынамыз. Бірақ, қарттардың көңілін ортайтпай, жандарына қаяу түсірмей, қандай жағдайда да қадірлеп, барынша құрметтеп жүру баршамыздың міндетіміз. Өйткені ертең қарттық бәріміздің есігімізді қағатыны да, соларға жасағандарымыздың алдымыздан шығатыны да анық.