Қасым-Жомарт Тоқаев аса маңызды минералдар әлемдік экономиканың стратегиялық тұрғыдан маңызды әрі тез дамып келе жатқан секторы саналатынына назар аударды.
– Қазақстанның жер қойнауында аталған стратегиялық ресурстардың мол қоры бар. Бұл өндірістің озық салаларында және басқа да табысы жоғары секторларда қазақ-корей ынтымақтастығын дамытуға жол ашады. Қазақстанның қазба байлықтарын игеруге Корея тарапы инвестиция салып қана қоймай, технологиялық тәжірибесімен бөліскенін де қуана құптаймыз. Бұл ретте қосылған құны бар толыққанды өндіріс тізбегін бірлесіп дамыту үшін «Ресурс – технология – өнеркәсіп» моделін ұсынамыз. Алматы қаласында ашылатын Сирек кездесетін металдар саласындағы технологиялық ынтымақтастық орталығы жаңа үлгі аясындағы серіктестікті қалыптастырудың қисынды қадамы болмақ. Ғалымдардың ортақ ізденісінің нәтижесінде ресурстық базаны зерттеу жұмыстары нақты өнеркәсіп жобасына ұласады деп сенеміз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент екі елдің ынтымақтастығында энергетика саласы да маңызды екенін айтты. Ол кореялық компаниялар Қазақстанның энергетика секторына қызығушылық танытып отырғанын жоғары бағалады.
– Hyundai Engineering қазірдің өзінде Қарашығанақ газ өңдеу зауытының құрылысында жетекші рөл атқарады. Аталған жобаны кореялық компаниялардың біздің нарықта стратегиялық тұрғыдан ұзақмерзімді тұрақтап қалуына септігін тигізетін бастапқы қадам ретінде қарастырамыз. Газ өңдеу, мұнай химиясы, энергетика инфрақұрылымы және жаңартылатын қуат көздері секілді салаларда серіктестік аясын кеңейтуге айтарлықтай мүмкіндік бар. Әлемдегі ең ірі уран өндіруші ретінде Қазақстан атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануда мол әлеуетке ие. Әлемдік энергетика секторында шағын модульді реакторлардың маңызы зор. Бізге де осыған айрықша мән берген жөн. Қазақстан Кореямен осы салада өзара тиімді ынтымақтастықты жолға қоюға әзір, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.