Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтар Президент Ли Чжэ Мёңнің жаңа өнеркәсіп стратегиясының, соның ішінде Three Mega Projects және Seven Major SEED initiative секілді бастамалардың іске асу барысын асқан қызығушылықпен бақылап отырғанын жеткізді.
Бұдан кейін Президент Қазақстанның экономикалық жаңғыру стратегиясына егжей-тегжейлі тоқталып, қазақ-корей қарым-қатынасын одан әрі ілгерілететін басым бағыттарды атады.
– Өнеркәсіп саласындағы ықпалдастық экономикалық серіктестігіміздің берік негізіне айналды. Бүгінде ортақ портфельде автомобиль құрастыру, машина жасау, металлургия және басқа да салаларды қамтитын 51 бірлескен жоба бар. Олардың жалпы құны 4 миллиард доллардан асады. Кореялық компаниялардың тәжірибесі Қазақстанның бәсекеге қабілетті әрі сенімді өндіріс алаңы екенін анық дәлелдеді. Былтыр елімізде 170 мыңға жуық автомобиль шығарылды. Бұл – ұлттық деңгейдегі рекорд. Оның басым бөлігі Hyundai және Kia компанияларына тиесілі. Елімізде аталған автобрендтердің жеңіл және жүк көліктері, автобустары құрастырылады. Бұдан бөлек, Қазақстанда кореялық тұрмыстық техника өндірісі өркендеп келеді. Қазіргі кезде Samsung тұрмыстық техникалары жергілікті зауыттарда өндіріледі. Осылайша, кореялық компаниялар елімізге көптеп келе бастады. Мақсатымыз – толықтай интеграцияланған, яғни, бөлшектердің, озық материалдардың, электр құрал-жабдықтары мен электрониканың жергілікті өндірісін түгел қамтитын, кең ауқымды Еуразия нарығына қызмет көрсете алатын өнеркәсіп экожүйесін құру. Кореялық компанияларды осы мүмкіндікті пайдаланып, Қазақстаннан өндіріс орындарын ашуға шақырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Құрылыс және қала дамуы ынтымақтастықтың тағы бір перспективті бағыты ретінде аталды.
– Сіздің ел құрылыс, инжиниринг және инфрақұрылымды дамыту салаларында әлемдік деңгейдегі тәжірибеге ие. Кореялық компаниялар күрделі жобаларды тез, сапалы әрі озық технологиялар арқылы іске асыруымен танымал. Қазіргі таңда Қазақстан инфрақұрылымды жаңғыртудың маңызды кезеңіне қадам басты. Біз көлік, коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымынан бастап тұрғын үй және әлеуметтік нысандарға дейінгі барлық бағытта құрылыс қарқынын жандандыруды жоспарлап отырмыз. Мұны Президент лауазымындағы басым міндеттерімнің бірі деп санаймын. Мақсатымыз – Қазақстанды алып құрылыс алаңына айналдыру. Аурухана, балалардың оңалту орталығы, көпбейінді медицина мекемелері, заманауи мектептер, спорт ғимараттары секілді әлеуметтік нысандар мен көлік инфрақұрылымын жетілдіруге ерекше мән береміз. Бұл – кореялық корпорацияларға тың мүмкіндік. Олар Қазақстандағы ауқымды жобаларға белсене атсалысады деп ойлаймыз. Үкіметіміз өзара тиімді шарттар негізінде жаңа кәсіпорындар құруға және инвестициялық бастамаларды ілгерілетуге бағытталған осы тектес ірі жобалардың нақты тізімін жасақтайды, – деді Президент.