Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Тараздық тарландар – күміс жүлдегер

Сурдо спортшылар Қазақстан Республикасының IV Спартакиадасында екінші орынға ие болды

0 47

Жамбылдық спортшылар Сурдлимпиадалық спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының IV Спартакиадасында жоғары нәтиже көрсетіп, командалық есепте 186 ұпай жинап, ІІ орын иеленді.

Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын дүбірлі дода еліміздің түкпір-түкпірінен келген үздік спортшылардың басын қосып, олардың спорттағы шеберлігі мен жігерін, табандылығы мен кәсіби дайындығын сынға салған айтулы бәсекеге айналды.
Биылғы Спартакиадаға еліміздің 19 өңірінен 1 500-ден астам спортшы қатысып, спорттың 10 түрінен 274 медаль жиынтығы сарапқа салынды.
Жарыстар бірнеше өңірде ұйымдас- тырылды. 10-12 тамыз аралығында Алматы қаласында сурдо жеңіл атлетикадан, 10-15 тамыз күндері Алматы облысы, Алмалыбақ ауылында сурдо жүзуден жарыстар өтті. Ал 17-25 тамыз аралығында Орал қаласында еркін және грек-рим күресі, шахмат, футбол, таеквондо, дзюдо, бадминтон және үстел теннисі бойынша жарыстар ұйымдастырылды.
Спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімі 17 тамызда, ал жарыс- тың жабылу рәсімі 25 тамызда өтті. Бірнеше күнге созылған тартысты спорттық додада Жамбыл облысының спортшылары жоғары дайындықтарын көрсетіп, облыс намысын абыроймен қорғады. Нәтижесінде 186 ұпай жинап, 96 медаль (27 алтын, 23 күміс, 46 қола) жеңіп алып, командалық есепте ІІ орынға ие болды.
Жалпы командалық есептің қорытындысы бойынша, І орынды Алматы қаласы, ІІ орынды Жамбыл облысы, ІІІ орынды Астана қаласының құрамалары иеленді.
Жетістік – қажырлы еңбектің нәтижесі. Жалпы, Жамбыл облысының спортшылары Сурдлимпиадалық IV Спартакиада барысында жоғары шеберлік, табандылық және жігер танытып, облыс спортын ел көлемінде тағы бір мәрте биік деңгейде таныта білді. Жамбылдықтардың командалық есепте күміс жүлдеге ие болуы – өңірдегі сурдлимпиадалық спорттың жүйелі түрде дамып келе жатқанын көрсететін маңызды жетістік.
Команданы дайындауға және спортшылардың Спартакиадаға қатысуын ұйымдастыруға мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының басшысы Нұржан Жолдасбеков пен клуб әдіскерлері елеулі үлес қосты. Олардың жаттығу үдерісін үйлестіру, спортшыларға ұйымдық және әдістемелік қолдау көрсету, сондай-ақ жаттықтырушылар құрамымен өзара іс-қимылды қамтамасыз ету бағытындағы еңбегі команданың жалпы дайындығының ажырамас бөлігіне айналды.

Гульнура Парымбекова,
Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт
клубының әдіскері

Суретті түсірген
Алтынай Балабекова,
әдіскер

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.