Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Алаш аманатын арқалаған алтын ұя

0 72

Қазақ даласында елдің ертеңін ойлаған Алаш арыстарының ең үлкен мұраттарының бірі – ұрпақты оқыту, білімге ұмтылдыру, елдің көзін ашу еді. ХХ ғасырдың басында ұлт тағдыры таразыға түскен тұста Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған қазақ зиялылары оқу-ағарту мәселесін ұлт болашағымен тікелей байланыстырды. Олар мектеп ашу, оқулық шығару, ана тілінде білім беру, мұғалім даярлау мәселелерін көтеріп қана қоймай, ел ішінде осы бағыттағы нақты істердің жүзеге асуына күш салды.

Тәуелсіздік жылдарында елімізде білім беру саласына ерекше көңіл бөлініп, оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, білім сапасын арттыруға, жаңа үлгідегі мектептер ашуға мүмкіндік туды. Соның қатарында жекеменшік білім беру ұйымдарының да қатары көбейіп, ата-аналар мен оқушыларға білім алудың жаңа мүмкіндіктері ұсыныла бастады. Осындай ізденістің бір көрінісі – Талас ауданы, Қаратау қаласында бой көтерген жекеменшік «Alash School Qaratau» мектебі. Біз 1 қыркүйек – Білім күніне орай аталған мектептің тыныс-тіршілігімен танысу үшін тасын түртсең тарихы төгілетін Тараз шаһарынан қарт Қаратаудың қойнауындағы Талас топырағына барып қайтқан едік.
Мектеп ауласына енгенімізде оқу ошағында «Біліммен бірге – болашаққа!» атты Білім күніне арналған мерекелік шара өтіп жатыр екен. Салтанатты жиынның қызу дайындығын көріп, мектеп директоры Айгерім Бердімұратқызын сөзге тарттық.
– Өткен жылы пайдалануға берілген «Alash School Qaratau» мектебі биыл екінші оқу жылын жағымды жаңалықтармен бастап отыр. Мектебіміз алғашқы жылын 36 оқушымен бастап, 56 баламен аяқтаған болатын. Ал биыл жаңа оқу жылын 181 оқушымен бастап отырмыз. Оның ішінде 79 оқушы бірінші сыныпқа қабылданды.
Қазіргі таңда мектепте 25 педагог еңбек етеді. Оның ішінде бастауыш сынып мұғалімдерімен қатар, үйірме жетекшілері де бар. Жалпы 220 оқушыға шақталған ғимаратқа биыл 181 баланың қабылдануы – өткен жылмен салыстырғанда едәуір жоғары көрсеткіш. Бұл, ең алдымен, ата-аналардың мектебімізге деген сенімі артып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар мектепке қатынап оқитын оқушылар үшін арнайы автобус қарастырылған. Бұл балалардың ата-аналарына үлкен қолайлылық туғызып отыр, – дейді білім ұясының директоры.
Оның сөзінше, мектеп ұжымы білім беру үдерісінде оқушының жеке қабілетін ашуға басымдық береді. Мұнда ағылшын тілін тереңдетіп оқытуға ерекше көңіл бөлінген. Бұған қоса оқушылардың логикалық ойлау қабілетін жетілдіруге бағытталған сабақтар мен жылдам оқу курстары ұйымдастырылады. Сонымен бірге оқушылар футбол, шахмат, би секілді бағыттар бойынша өз қабілеттерін шыңдай алады.
Ұстаздар, оқушылар мен ата-аналар бас қосқан мерекелік шара барысында шаһар тұрғыны Мөлдір Томанды әңгімеге тарттық. Ол бүгінде екі баласының осы мектепте білім алатынын айтып, білім ошағының жұмысына көңілі толатынын жеткізді.
– Жалпы, «Alash School Qaratau» мектебінің оқыту бағдарламасы бізге ұнайды. Қазір осы мектепте 4-сыныпта Айдос есімді ұлым білім алып жүр. Балалардың жағдайы жақсы, сапалы білім мен саналы тәрбие алуы үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Әр ата-ана баласының білімді, қауіпсіз әрі жайлы ортада тәрбиеленгенін қалайды. Осы тұрғыдан алғанда бұл мектепті таңдағанымыз- ға көңіліміз толады.
Биыл бірінші сыныпқа баратын Айша есімді қызымды да осы мектепке оқуға әкелдім. Өйткені ұлымның оқу барысындағы жетістіктерін көріп, қызымның да осындай ортада білім алғанын жөн көрдім. Мектептің негізгі бағдарламасымен қатар, балалардың қабілетін дамытуға бағытталған қосымша сабақтардың болуы да көңіл қуантады. Балаларымыздың сапалы білім алып, жақсы тәрбие көруіне үлес қосып жүрген ұстаздарға ризашылығымды білдіремін, – дейді М.Томан.
Сонымен қатар «Alash School Qaratau» мектебі облыс орталығындағы жекеменшік мектептермен келісімшарт негізінде бірлесіп жұмыс істейді. Бұл әртүрлі бағыттағы жарыс- тар мен байқауларға оқушыларды қатыс- тырып, олардың білімін тәжірибе жүзінде шыңдау- ға мүмкіндік береді. Әсіресе, оқушылардың өзара тәжірибе алмасуына, қабілетін жетілдіруіне және бәсекелестік ортада өзін сынауына баса мән беріледі.
Мектепте 4-сынып оқушыларын Назарбаев Зияткерлік мектептеріне түсуге арнайы дайындау жұмыстары да жүргізіледі. Сондай-ақ «Alash School Qaratau» мектебінің өзге білім ошақтарынан ерекшеленетін тағы бір тұсы – мұнда оқушылар толық күндік оқу бағдарламасы бойынша білім алады. Яғни балалардың сабақтан тыс уақытын да тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік бар.
– Мұнда бірінші сыныптан төртінші сыныпқа дейінгі оқушылардың оқу жүктемесі жүйелі түрде ұйымдастырылған. Біздің басқа мектептерден басты ерекшелігіміз – толық күндік оқу жүйесінің енгізілуі. Мұнда балалар таңертеңнен кешке дейін мектепте болады. Таңертеңнен түскі үзіліске дейін мемлекеттік стандартқа сәйкес бекітілген білім беру бағдарламасы бойынша сабақ оқиды. Ал түстен кейін оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және дене қабілетін дамытуға бағытталған түрлі жұмыстар жүргізіледі.
Сонымен қатар оқушылар үй тапсырмаларын да мектепте орындайды. Оқу үдерісіне қажетті барлық құрал-жабдықтар мектепте сақталады. Осылайша балалар күн сайын ауыр сөмке көтеріп жүруге мәжбүр болмайды. Мектебіміздің тағы бір ерекшелігі – оқушыларға арналған арнайы мектеп формасының болуы. Бізде мектеп формасын әзірлейтін арнайы маман бар. Ол әр баланың өлшеміне қарай киім үлгісін дайындайды. Бұл ата- аналар үшін де қолайлы. Яғни, олар баласына мектеп формасын іздеп, дүкен немесе базар аралап уақыт жоғалтпайды. Біз балаға білім берумен қатар, ата-анаға да барынша қолайлы жағдай жасауға тырысамыз, – деген мектеп директоры Айгерім Бердімұратқызының бастауымен білім ордасының ішін аралап, оқу кабинеттері мен шәкірттерге жасалған жағдаймен таныстық.
Есіктен кіргеннен-ақ жинақылық пен тазалық көзге түседі. Сынып бөлмелері ретімен жабдықталып, оқушылардың білім алуына қолайлы жағдай жасалған. Интерактивті тақталар мен панельдер оқу материалын көрнекі әрі түсінікті жеткізуге мүмкіндік берсе, арнайы кабинеттер оқушылардың практикалық білімін арттыруға жағдай жасайды. Бала қауіпсіздігіне де айрықша мән беріліп, білім ошағында бейнебақылау жүйесі орнатылған екен.
Мектептің ішін аралап, оқу кабинеттерімен танысқан соң, асханаға да бас сұғып, ондағы ас мәзіріне назар аудардық. Мұнда оқушылардың дұрыс әрі құнарлы тамақтануына ерекше мән берілетіні байқалады. Мемлекеттік талаптарға сәйкес, мектеп оқушылары күніне екі мезгіл – таңертең және түскі уақытта ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Ас мәзірінде балалардың жас ерекшелігі мен денсаулығына қажетті тағам түрлері ескерілген.
Сонымен бірге мектепте ұлттық тағамдарға да басымдық берілген. Оқушылардың тамақтану мәзіріне жылқы еті қосылып, ол аптасына бір рет – әр сәрсенбі күні беріледі екен. Айгерім Бердімұратқызының айтуынша, бұл балалардың құнарлы тағаммен қамтамасыз етілуімен қатар, ұлттық тағам мәдениетін танып-білуіне де мүмкіндік береді.
Осы жерде 3 «Ә» сынып оқушысы Еркеназ Ыдырысты да әңгімеге тартып, мектебі туралы пікірін білдік. Ол ұстаздары мен сыныптастары, сабақтардың қызықты өтетіні жайлы айтып, осы білім ордасында оқып жүргеніне қуанышты екенін жеткізді.
– Мұнда ұстаздарымыз бізге сабақты жақсы түсіндіреді, білмегенімізді қайтадан сұрауға мүмкіндік береді. Мектепте достарым көп. Олармен бірге сабақ оқып, үзілісте ойнаймыз. Ұстаздарымыз бізге тек білім беріп қана қоймай, бір-бірімізді сыйлауға, тәртіпті болуға, үлкендерді құрметтеуге үйретеді. Маған мектептегі қосымша сабақтар да ұнайды. Бос уақытымызды пайдалы өткізіп, өзімізге қызықты бағыттар бойынша білімімізді жетілдіреміз. Мектебіміз таза әрі жарық, бізге қолайлы жағдай жасалған. Мен болашақта жақсы оқып, көп нәрсе үйреніп, елге қызмет ететін үлкен тұлға болғым келеді, – деген жас өрен Білім күніне арналған тәрбие сағатының басталғанын айтып, бізбен жылы қоштасты.
Байқағанымыз – мектеп оқушыларының бойынан білімге деген құштарлық пен ізденіске деген ынтаның айқын көрінгені. Кешегі Алаш арыстарының асқақ арманы – елінің еркіндікке жетіп, азат мемлекетке айналуы еді. Бүгінде сол арман жүзеге асып, еркін елдің төрінде Еркеназ сынды білімге құштар, ойы еркін жас ұландар өсіп келеді. Жалпы, «Alash School Qaratau» мектебінің ұлттық құндылықты заманауи біліммен ұштастырып, еркін ойлайтын, білімді әрі елжанды ұрпақ тәрбиелеуге ден қойған білім ордасының бағыты бізді қуантты. Осы оймен Қаратаудағы сапарымызды қорытындылап, алған әсерімізді көңілге түйіп, темір тұлпардың тұмсығын Таразға бұрдық…

Жұматай КӨКСУБАЙ.
Тараз-Қаратау-Тараз

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.