Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 3 маусымдағы №282 бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы қалалар мен елді мекендерді абаттандырудың үлгілік қағидалары» 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді.
Құжаттың негізгі мақсаты – нормативтік базаны Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексіне сәйкестендіру және елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың қолданыстағы нормаларын қайта бекіту.
Сонымен қатар, қағидалар еліміздің барлық өңірлерінде аумақтарды күтіп ұстауға, тазалық пен санитарлық тәртіпті сақтауға қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейді. Қауіпсіз ортаны құруды, көгалдандыруды және инфрақұрылымды күтіп ұстауды реттейді және тұрғындар үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыруға бағытталған.
Қазақстан Республикасындағы қалалар мен елді мекендерді абаттандырудың үлгілік қағидаларының идеологиялық негізі: «Заң және тәртіп» қағидаты, экологиялық мәдениет және әлеуметтік жауапкершілік болып табылады.
Ережелерді енгізу келесіні қамтамасыз етеді:
– Орта қауіпсіздігін: жаяу жүргіншілер мен жүргізушілер үшін қолайлы және қорғалған кеңістіктер құру;
– Жайлылықты: саябақтарды, аулаларды және қоғамдық демалыс аймақтарын дамыту;
– Экологияны: табиғатты қорғау, көшелердің тазалығы және жасыл желектерді көбейту.
Абаттандырудың негізгі бағыттары:
– көгалдандыру: қалалар мен ауылдарда жаңа ағаштар отырғызу, көгалдар мен гүлдерге күтім жасау;
– жарықтандыру: тәуліктің қараңғы мезгілінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін көшелерге, аулалар мен саябақтарға шамдар орнату;
– шағын сәулет нысандарын орнату: орындықтар, қоқыс жәшіктері, балалар және спорт алаңдарын орналастыру;
– тазалық пен тәртіп: қоқысты жүйелі түрде жинау, жолдар мен ғимараттардың қасбеттерін күтіп ұстау.
Меншік нысанына қарамастан, әрбір нысан иесі тек өз учаскесінде ғана емес, сонымен қатар оның айналасындағы бес метрлік радиустағы аумақтың да тазалығын қадағалауға міндетті. Бұл шаралар абаттандыру мәдениетін арттыруға, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға және қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Негізінде, бұл құжат қаланы абаттандырудың жаңа моделін ұсынады. Егер бұрын тазалық пен тәртіпке деген жауапкершілікті көпшілік тек коммуналдық қызметтермен ғана байланыстырса, енді бұл жауапкершілік әлдеқайда кең ауқымда бөлінеді. Мемлекет қаланың жай-күйіне оның кеңістігін пайдаланатын барлық тараптар: тұрғындар, кәсіпкерлер, басқарушы компаниялар және әртүрлі нысан иелері жауапты болады деп күтілуде.
Жаңа ережелерде жеке тұрғын үй иелеріне ерекше назар аударылған. Олар үйдің қасбеті мен қоршауларының, нөмірлік белгілердің сыртқы көрінісін қадағалап, аумақты өсімдіктерден тазартып, жасыл желектерге күтім жасауы тиіс. Осы ережеге сәйкес, абаттандыру әр үйдің табалдырығынан басталады.
Жеке тармақпен қоғамдық жерлерде әртүрлі материалдар мен қалдықтарды сақтауға тыйым салынды. Аулаға құрылыс немесе басқа да ірі көлемді қоқыстарды тастағаны үшін, тіпті қысқа мерзімге болса да, қомақты айыппұл салынуы мүмкін.
Бұл ретте шектеулер тек көпқабатты үйлердің аулаларына ғана емес, жеке тұрғын үй иелеріне де қатысты болады. Енді жеке үй иелеріне іргелес аумақты құрылыс материалдарын, отын, тыңайтқыш, көң, сондай-ақ әртүрлі мүліктерді: автокөліктерді, тіркемелер мен арбаларды сақтайтын орын ретінде пайдалануға тыйым салынады.
Мұндай шаралар елді мекендердің сыртқы келбетін жақсартуға және тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Жаңа талаптар жөндеу және құрылыс қалдықтарын кәдеге жаратуды қатаңдатады, енді оларды шығару сол жұмыстарды жүргізген тұлғаның есебінен жүзеге асырылады. Осылайша, мемлекет стихиялық қоқыс үйінділерінің санын азайтуды және коммуналдық қызметтерге түсетін жүктемені төмендетуді көздеп отыр.
Қоғамдық орындарда от жағуға, қоқыс, құрғақ шөп, жапырақ және басқа да қалдықтарды өртеуге тыйым салынады. Бұл шектеу өрт қаупінің алдын алумен қатар, атмосфералық ауаның ластануын азайту қажеттілігіне байланысты енгізілді. Тағы бір маңызды жаңалық – көпқабатты үйлердің аулаларында қозғалысты шектейтін құрылғыларды өз бетінше орнатуға тыйым салу. Көптеген аулада бұрыннан қалыптасқан өздері шығарған ережелері бар. Біреулер ортақ автотұрақтағы бос орынға ескі дөңгелек қойса, енді біреулер металл бағана қағып, шынжыр тартып немесе бетон блок қойып алады. Ресми түрде аула ортақ болғанымен, әркімнің «өз» тұрағы бар және көршілер оны бос ұстауға тырысады.
Жаңа ережелер мұндай өз бетімен әрекет етуге енді жол бермейді. Жүріп-тұруды шектейтін немесе тұрақ орындарын иемденіп алатын кез келген құрылғыларды өз бетінше орнатуға енді тікелей тыйым салынады. Тұрғындардың аула аумағының бір бөлігін өздеріне бекітіп алу үшін жиі қолданатын бетон блоктары, бағаналар, қоршаулар және басқа да кедергілер тыйым салынған заттар қатарына жатады.
Осылайша, жаңа тәртіп қоғамдық кеңістіктерді пайдалануда бірыңғай тәсілді қамтамасыз етуге бағытталған.
Айтарлықтай өзгерістер үй жануарларына күтім жасауға да әсер етеді, әсіресе бұл мәселе серуендеу кезінде иелері жануарларынан кейін тазалауына және жергілікті атқарушы органдар тиісті белгілермен жабдықталған арнайы үй жануарларын серуендету алаңдарын құруына қатысты. Бұл тәжірибе көптеген елдерде бұрыннан бері қолданылып келеді.
Сонымен қатар, аталған қағидалар қай жерде тұрақ қоюға болмайтынын тағы бір рет еске салады. Машиналарды тротуарларда, көгалдарда, ойын алаңдарында, жасыл желектері бар учаскелерде, контейнерлік алаңдарда және оларға іргелес аумақта қалдыруға тыйым салынады. Жаңа аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді жобалау кезінде тіпті көліктердің көгалдарға кіруіне жол бермейтін физикалық кедергілер жасау қарастырылған.
Қағидалар талаптарының сақталуына: жергілікті атқарушы органдар, жылжымайтын мүлік объектілерінің меншік иелері мен пайдаланушылары, мүлік иелерінің бірлестіктері (МИБ), кооперативтер мен басқарушы компаниялар, кәсіпкерлік субъектілері, коммуналдық кәсіпорындар, инженерлік желілерді пайдаланатын ұйымдар, мердігерлік ұйымдар, жеке тұлғалар жауапты болып табылады.
Үлгілік қағидалар қолданысқа енгізілуімен бір мезгілде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер енгізілді. Осыған сәйкес жергілікті атқарушы органдарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау және кінәлі адамдарды Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 505-бабы (абаттандыру қағидаларын бұзу) және 434-2-бабы (жалпы пайдалану орындарының ластануы) бойынша әкімшілік жауаптылыққа тарту жөніндегі өкілеттіктер берілді. Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 729-бабына сәйкес мұндай істерді тиісті деңгейдегі әкімдер мен олардың орынбасарларына да жүктелген (505 бап. Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру).
Тараз қаласында жаңа үлгілік қағидаларды іске асыру мақсатында келесі іс-шараларды жүзеге асыру жоспарлануда:
– Тараз қаласын абаттандыру қағидаларын жаңа редакцияда әзірлеу және бекіту;
– жергілікті атқарушы органдардың, ішкі істер органдарының, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын ұйымдастыру.
– жөндеуді, реконструкциялауды немесе ауыстыруды талап ететін объектілерді анықтай отырып, абаттандыру элементтеріне түгендеу жүргізу.
– қаланың бюджеттік мүмкіндіктерін ескере отырып, қағидалар талаптарын кезең-кезеңімен іске асыру жоспарын әзірлеу.
– ережелерді сақтау мониторингін ұйымдастыру;
– кәсіпкерлік субъектілерімен, мүлік иелерінің бірлестіктерімен, басқарушы компаниялар мен және қала тұрғындарымен бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер, қала әкімдігінің ресми интернет-ресурстары арқылы кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Қазіргі уақытта бекітілген медиа-жоспарға сәйкес ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Тараз қаласы әкімдігі ішкі
саясат бөлімінің басшысы Г. Сматилдаева