Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Таразда салтанат сарайы салынады

0 19

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2027-2029 жылдарға арналған бюджеттің негізгі басымдықтарының бірі – аурухана, балаларды оңалту орталығы, мәдениет, спорт ғимараттары секілді инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандар құрылысын жеделдетіп салу керек», – деп нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Бұл бағытта Тараз қаласында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып келеді.

Соның жарқын дәлелі – көне шаһарда жаңа салтанат сарайының құрылысы басталуына орай капсула салу рәсімі өтті.
Салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков, ардагерлер, жастар мен қала тұрғындары қатысты.
Шара барысында Ербол Шырақпайұлы бұл нысанның өңірдің мәдениет саласын дамытудағы маңызына кеңінен тоқталды.
– Жаңа сарайдың құрылысы қаланың мәдени инфрақұрылымын жаңартып қана қоймай, Тараздың туристік тартымдылығын да арттырады. Көне шаһарға келетін қонақтар тарихи орындармен қатар, заманауи мәдени нысандарды да тамашалайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет пен өнерді дамытуға, азаматтарға қолайлы орта қалыптастыруға ерекше мән беріп келеді. Бүгінгі жоба – осы бағыттағы өңірлік жұмыстардың нәтижесі, – деді аймақ басшысы өз сөзінде.
Тараздың «Балауса» (14) шағынауданында бой көтеретін мәдениет ордасында халықаралық және республикалық деңгейдегі концерттер, фестивальдер, театр қойылымдары, конференциялар мен түрлі ресми іс-шаралар өткізуге барлық жағдай жасалады.
Жобада көрермендер залы, 1 300 орындық сахна, 90 орындық баспасөз бөлмесі, гардероб және сахна қызметін қамтамасыз етуге арналған арнайы үй-жайлар қарастырылған.
Жалпы аумағы 13 мың шаршы метрді құрайтын жаңа ғимарат заманауи техникалық жабдықтармен, соңғы үлгідегі жарық және дыбыс құрылғыларымен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ аудармашыларға арналған арнайы кабиналар қойылып, нысанның барлық кеңістігінде қажетті дыбыс оқшаулағыштар орнатылады.
Бұдан бөлек, тұрғындардың бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуіне ықпал ету мақсатында домбыра, би, вокал, қылқалам, қолөнер, актерлік өнер шеберлігі және сұранысқа сәйкес өзге де үйірмелер ашылады. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының құрылуына септігін тигізеді.
Ерекше атап өтерлігі, салтанат сарайының құрылысы «Казфосфат» компаниясының демеушігімен жүзеге асырылады.

Айта кетейік, қазіргі таңда Тараздағы ең ірі концерттік зал 951 орынға арналған. Аталған нысан 1980 жылы салынып, 2017 жылы қайта жөндеуден өткен. Дегенмен, қолданыстағы залдың сыйымдылығы шектеулі болғандықтан, бүгінде ауқымды аудиторияны қамтитын ірі мәдени іс-шараларды өткізуге мүмкіндігі жеткіліксіз. Осы ретте заманауи талаптарға сай жаңа салтанат сарайының бой көтеруі шаһардың мәдени әлеуетін жаңа деңгейге көтеретіні белгілі.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.