Тараз қаласының «Сұлутөр» алабында жаңа заманауи кітапхана пайдалануға берілді. Нысанның салтанатты ашылу рәсіміне Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы қатысты.
– Бүгінгі күн – тұрғындардың рухани өмірі мен елді мекеннің мәдени дамуына жасалған ерекше сәт. Өйткені кітапхана – білім мен ізденістің, руханият пен мәдениеттің ордасы.
Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында сөйлеген сөзінде, қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға ерекше мән берген болатын. Ал ағымдағы жылдың 16 мамыр күні ел Президенті кітап оқу мәдениетін көтеруге және зияткерлік әлеуетті нығайтуға бағытталған «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.
Жарлық аясында бірқатар маңызды міндеттер белгіленіп, соның ішінде, Заманауи кітапханаларды дамыту және Ұлттық цифрлық кітап- хана платформасын іске қосу бағыттары қарастырылды. Бұл бойынша Тараз қаласында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып келеді, – деген шаһар басшысы кітапхана ұжымына табыс тіледі.
Сонымен қатар еңбек ардагері Қасымхан Төлендиев пен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, облыстық «Aq Jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.
Қала әкімдігінің қолдауымен ашылған нысанда кітап қоры 9 418 дананы құрайды. Кітапханада оқырмандардың кітап оқып, компьютерлік білімін жетілдіруіне, бос уақыттарын тиімді өткізуіне және өзара пікір алмасуына барлық мүмкіндік қарастырылған.
Атап айтқанда, руханият ордасына келушілердің бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуіне, жан-жақты дамуына ықпал ету мақсатында «Домбыра», «Сурет салып үйренеміз», «Қолөнер» және ардагерлерді кітап оқумен қатар, компьютерлік сауаттылыққа үйрететін «Компьютерді оңай үйренеміз» үйі- рмелері жұмыс істейді.
Сонымен қатар «Коворкинг» білім орталығында жастармен әртүрлі тақырыптарда мәдени іс-шаралар өткізіледі. Сондай-ақ абонемент, оқу залы бөлімдерінде ақын-жазушылардың мұралары, тарихи бастаулары көне дәуірлердің тереңіне бойлап жатқан басылымдар топтастырылған.
Айта кетейік, қала аумағына 14 елді мекеннің қосылуы нәтижесінде кітапханалардың да саны артып, олардың қатары 9 жаңа нысанмен толығып отыр.
Құрмаш Қаптағай