Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жастар орталығы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

0 53

Қазіргі таңда жастар – қоғамның негізгі қозғаушы күші, елдің болашағын айқындайтын маңызды әлеуметтік топ. Сондықтан жас буынның сапалы білім алып, кәсіби тұрғыдан қалыптасуы, шығармашылық қабілетін дамытуы және қоғамдық өмірге белсенді араласуы бүгінде мемлекеттік жастар саясатының басты бағыттарының біріне айналып отыр.

Бұл ретте Тараз қаласының Жастар ресурстық орталығы шаһар жастарына әлеуметтік, ақпараттық, құқықтық, психологиялық және басқа да бағыттар бойынша қолдау көрсетіп келеді. Орталықтың негізгі мақсаты – жастардың әлеуетін арттыру, қоғамдық белсенділігін дамыту және олардың өз бастамаларын жүзеге асыруына мүмкіндік жасау.
Айталық, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, жастарды әлеуметтік қолдау және қоғамдық белсенділігін арттыру мақсатымен осы жылдың 7 айында 703 іс-шара ұйымдастырылып, оларға 35 229-ға жуық жас қамтылды. Оның ішінде мәдени-шығармашылық, рухани-адамгершілік, құқықтық, спорттық, психологиялық-танымдық, әскери-патриоттық, діни, этносаралық келісім, экологиялық және мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес беру бағыттарында жұмыс- тар жүргізілді.
Қазіргі таңда Жастар ресурстық орталығы тек іс-шаралар өткізумен ғана шектелмей, жастардың өз ойын еркін білдіріп, жаңа идеяларын жүзеге асырып, қажетті ақпарат пен кеңес алатын маңызды алаңға айналды. Бұл тұрғыда жастардың шығармашылық әлеуетін қолдау, мәдени демалысын ұйымдастыру және жас дарындарды ынталандыруға да ерекше көңіл бөлінеді. Оған Халықаралық жастар күніне орай Тараз қаласындағы Тұңғыш Президент саябағында мерекелік Гала-концерттің ұйымдастырылуы дәлел. Думанға толы кештің негізгі мақсаты жастардың шығармашылық әлеуетін қолдау, қоғамдық белсенділігін арттыру, талантты жастарды ынталандыру және жастар арасында достық пен ынтымақтастықты нығайту болды.
Салтанатты шара барысында Тараздың әлеу- меттік-экономикалық дамуына, мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға, қоғамдағы бейбітшілік пен рухани келісімді нығайтуға елеулі үлес қосып жүрген белсенді жастар шаһар басшысының Алғыс хаттарымен марапатталып, оларға қаржылай сертификаттар табысталды.
Кеш барысында барысында Думан Марат, Али Отенов, Асыл Лұқман және өзге де өнерпаздар көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ауқымды шараға 5 мыңға жуық көрермен қатысып, жастарға арналған мерекелік бағдарламаны тамашалады. Әрине, мұндай мәдени іс-шаралар жастардың шығармашылық қабілетін дамытып, өнерге деген қызығушылығын арттыруға және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беретіні белгілі.
Бүгінде жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруда еріктілер қозғалысының да маңызы зор. Орталық еріктілерді әлеуметтік, қайырымдылық, экологиялық және қоғамдық жобаларға тартып, жастардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал етуде. Жалпы, еріктілік – жастардың бос уақытын тиімді өткізуінің ғана емес, қоғамға пайдалы болудың, азаматтық жауапкершілікті қалыптастырудың және жаңа тәжірибе жинақтаудың маңызды тетігі. Қоғамдық бастамаларға белсенді араласқан жас өзгенің мәселесіне бейжай қарамай, көмек көрсету мәдениетін қалыптастырады. Сонымен қатар еріктілік арқылы жастар түрлі ортада тәжірибе жинап, қарым-қатынас жасау, ұйымдастырушылық және көшбасшылық қабілеттерін дамытады. Сондықтан жастарды еріктілік қозғалысына тарту белсенді әрі жауапты азамат қалыптастыруға зор септігін тигізеді.
Қоғамның тұрақты дамуы, ең алдымен, жастардың еңбекке араласуы және өз болашағына нақты мақсат қоя білуімен тығыз байланысты. Осы ретте жастар арасындағы жұмыссыздық пен білім алудан тыс қалған азаматтарды азайту – мемлекет назарындағы маңызды міндеттердің бірі. NEET санатына жататын жастардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау арқылы олардың еңбек нарығына бейімделуіне, кәсіби дағдыларын жетілдіруіне және тұрақты жұмысқа орналасуына жол ашылады. Сондықтан бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар жастардың әлеуетін тиімді пайдалануға ғана емес, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге де мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда қалада осы санаттағы жастардың үлесі 2 пайызды құрап отыр. Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылы бұл көрсеткіш 4,4 пайыз болған. Осы бағытта атқарылған жүйелі жұмыс- тардың нәтижесінде 2 954 жас NEET санатына жатқызылды. Аталған жастармен адресаттық жұмыстар жүргізіліп, 227 адамның деректері анықталды.
Сондай-ақ NEET санатындағы жастар арасында жоспарға сәйкес 60 іс-шара ұйымдастырылып, 3 450 жас қамтылды. Оның ішінде кеңес беру алаңдары, кездесулер, бос жұмыс орындары жәрмеңкелері, экскурсиялар, «ашық есік күні», тікелей эфирлер және адресаттық жұмыстар өткізілді.
Жастардың білім алып, мамандық игеруі мен тұрақты жұмыспен қамтылуы қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Осыған байланысты жастарға еңбек нарығында өз орнын табуға мүмкіндік жасау, кәсіби қабілетін шыңдауға жағдай қалыптастыру және жаңа жұмыс орындарына жол ашу – алға қойған басты мақсаттарымыздың бірі. Бүгінде жастарды жұмыспен қамту бағытында түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылып, жас мамандарды қолдауға және олардың еңбекке араласуына нақты мүмкіндіктер берілуде. Осыған орай есепті мерзімде 7 кеңес беру алаңы мен 8 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдас- тырылды. Жәрмеңкелер нәтижесінде 1 688 жас «Enbek.kz» порталына жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, 1 416 жас жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар «Жастар практикасы» арқылы – 89 жас, ақылы қоғамдық жұмыстарға – 336 жас, әлеуметтік жұмыс орындарына 7 жас тартылды. Сондай-ақ «Бастау Бизнес» жобасы арқылы 121 адам, кәсіптік бағдар беру мақсатында онлайн форматта 69 жас оқытудан өтті.
Экологиялық бағыттағы жұмыстардың ішінде «Таза Қазақстан» акциясы ерекше орын алады. Акция аясында тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған 4 түсіндірме кездесу, 7 тал егу акциясы және 24 тазалық жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде 5 мың шаршы метр аумақ тазаланып, 1,5 тонна күл-қоқыс шығарылды.
Акцияның ақпараттық сүйемелдеуі де назардан тыс қалмады. Жергілікті «Jambyl», «77 TV», «Taraz24» телеарналарында 28 сюжет, мерзімді басылымдарда 31 мақала, интернет-ресурстарда 32 материал, әлеуметтік желілерде 4 896 пост жарияланып, қала көшелерінде 25 баннер орналастырылды.
Қала тазалығын сақтауға «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жастары да белсенді атсалысуда. Қазіргі таңда еңбек жасақтарының құрамында 326 жас жұмыс атқаруда. Олар абаттандыру, көгалдандыру, тазалық жұмыстарын жүргізу арқылы қаланың көркеюіне өз үлестерін қосып келеді. Бұл бастама жастарға еңбек етуге, қоғамдық ортаға жауапкершілікпен қарауға және туған қаланың тазалығына үлес қосуға мүмкіндік береді.
«Жасыл ел» жасақтарының жұмысы тек маусымдық еңбекпен шектелмей, жастардың бойында еңбекқорлық пен ұқыптылықты қалыптас- тыруға бағытталған. Қоғамдық пайдалы іске араласқан жас өз ортасына үлгі болып, табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны таза ұстаудың маңызын түсінеді. Ал «Таза Қазақстан» акциясы осы игі бастамаларды біріктіріп, қала тұрғындарын ортақ іске жұмылдыруға жол ашып отыр.
Бүгінде тазалық сақтау – тек коммуналдық қыз- меттердің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Осы ретте жастардың белсенділігі ерекше маңыз- ға ие. Себебі қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау, қоғамдық орындарды таза ұстау және туған жерді абаттандыру мәдениеті ең алдымен өскелең ұрпақтың күнделікті дағдысына айналуы қажет. Жастардың осындай бастамаларға белсенді қатысуы – таза әрі жайлы қаланы қалыптастыруға қосылған нақты үлес.
Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқықбұзушылықтың алдын алу да орталық жұмысының маңызды бөліктерінің бірі. Осы мақсатта жастар мен жасөспірімдер арасында 95 іс-шара ұйымдастырылып, оған 4 200 жас қамтылды. Оның ішінде кездесулер, семинарлар, дөңгелек үстелдер, конференциялар, акциялар, челлендждер, спорттық ойындар, профилактикалық түсіндіру және рейдтік жұмыстар өткізілді.
Жалпы, мемлекеттік жастар саясатының негізгі мақсаты – жас азаматтардың әлеуетін толық ашуға жағдай жасау. Осы ретте Жастар ресурс- тық орталығы жастардың мәселелерін зерделеп, олардың бастамаларын қолдауға және қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік туғызып келеді. Бұл бағыттағы ілкімді істер орталық тарапынан алдағы уақытта да үздіксіз жалғаса береді.

Азамат ЛЕСБЕК,
Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі
«Жастар ресурстық орталығы» КММ
директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.