Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Баланы сүндеттеу – сүннет

0 39

Сүндеттеу – халқымыздың сан ғасырлық салт-дәстүрімен сабақтасып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан тағылымды ғұрып. Бүгінде заман өзгеріп, медицинада жаңа тәсілдер қолданысқа енген тұста ата-ананың көкейінде бұл рәсімге қатысты сан сауалдың туындауы заңды. Лазерлік сүндеттеудің бала денсаулығына әсері қандай? Сүндеттеуді тақ жаста жасаудың астарында қандай мән жатыр? Ұлттық дәстүр мен қазіргі медицинаның тоғысқан тұсындағы осы сауалдарға үңіліп көрсек.

Дін мен дәстүр үндестігі
Этнограф Болат Бопайұлының айтуынша, сүндеттеудің тарихы тым әріде жатыр. Ислам дәстүрінде оның бастауы Ибраһим пайғамбардан тарайтыны жөнінде діни деректер бар. Ал көне Мысырдан табылған мумиялар мен жазба деректерде де сүндеттеу рәсімінің болғаны айтылады. Кейбір деректерде бұл ғұрыптың б.з.д. 2400 жылдарға дейін жалғасатыны көрсетіледі.
– Сүндеттеудің ең көне іздерінің бірі Мысырдан табылған. Ал еврей мәдениетінде бұл Ибраһим пайғамбар мен Жаратушы арасындағы келісімнің белгісі ретінде түсіндіріледі. Мұсылман дәстүрінде сүндеттеу Мұхаммед пайғамбардың сүннеті саналады. Исламда ол тазалықтың, діни міндеттің әрі қоғамға қосылудың бір белгісі ретінде қарастырылады. Ал түркі халықтарының мәдениетінде сүндеттеу ер баланың ер жетуінің, азаматтық жолға қадам басуының нышаны ретінде орныққан, – дейді этнограф.
Қазақ даласында сүндеттеу жай ғана медициналық амал ретінде қабылданбаған. Ол – баланың азамат қатарына қосылғанын аңғартатын, ағайынның басын қосып, қуанышқа бөлейтін үлкен рәсім. «Сүндет той» деп аталып, ауыл-аймаққа сүйінші сұралып, балаға арнайы киім тігіліп, ат мінгізу секілді жоралғылар жасалған. Мұның бәрі ұл баланың ел-жұрт алдындағы жаңа мәртебесін айқындаған.
– Қазақта баланы сүндетке отырғызу бір күндік рәсім емес, үлкен тәрбиенің бастауы болған. Үлкен кісі баланың маңдайынан сипап, «Әпшуіңді берші, айналайын» деп еркелетіп, баланың көңілін аулаған. Бала да үлкеннің сөзін жерге тастамай, алақанын тосып, әпшуін беретін. Сөйтіп, үлкен мен кішінің арасында әзіл-қалжың аралас сыйластық орнаған.
Біздің бала күнімізде сүндетке отырғызу елдің қуанышы еді. Баланы қорқытпай, қайта еркелетіп, «сен азамат боласың» деп жігерлендірген. Сүндеттің өзін де біртүрлі үлкен іске баланың жүрегін дайындау деп түсінетінбіз. Ол кезде ауылға бір молда келіп, сүндетке отырғызатын балаларды үй-үйді аралап салтқа сай жасап кететін.
Қазіргі таңда «Әпшу бер» деген сөзді жиі ести бермейміз. «Жеке шекара» деді, «заман талабы» деді, бірақ қазақ әрбір істің астарын бағамдаған. Иә, қазір адамына қарай заманы дейміз. Дамыдық, өркендедік. Бүгінде осының мәнін жоғалтпай, баланың көңіліне қорқыныш емес, қуаныш ұялатқанымыз жөн. Өйткені қазақ баланы жасынан ер азамат болуға осылай тәрбиелеген, – дейді ақсақал Саттарбек Иманов.
Діни тұрғыдан алғанда сүндеттеу – тамыры тереңде жатқан пайғамбарлар сүннеті. «Сүннет» сөзі де пайғамбарлардың амалы мен сөзіне қатысты қолданылатын ұғым. Деректерде алғашқы сүндеттелген адамның Ибраһим пайғамбар екені айтылады.
– Ислам ғұламалары сүндеттеудің үкіміне қатысты әртүрлі пікір білдіргенімен, оның мұсылмандықтағы орнына күмән жоқ. Шафиғи мәзһабында сүндеттеу – уәжіп амал саналса, ханафи мәзһабы мен көптеген ғалымдардың ұстанымында – сүннет. Сондықтан бұл рәсімді орындауда баланың денсау-        лығы мен жас ерекшелігін ескерудің маңызы зор. Қасиетті хадистерде сүндеттеу адамның табиғи болмысына тән бес амалдың бірі ретінде аталады. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) адамның табиғатына тән бес нәрсенің қатарында сүндеттеуді, қолтық пен шаттағы түкті тазартуды, тырнақ алуды және мұртты қысқартуды атағаны баяндалады.
Қазақ халқы баласын көбіне үш, бес, жеті жасында сүндетке отырғызған. Халық танымында тақ сандардың өзіндік орны бар. Үш, бес, жеті сандары халқымыздың дүниетанымында киелі ұғымдармен сабақтасып жатады. Сондықтан баланы тақ жаста сүндеттеу де уақыт өте келе дәстүрге айналған.
Дегенмен, діни тұрғыдан сүндеттеудің дәл үш, бес немесе жеті жаста жасалуға тиіс деген нақты талап жоқ. Кейбір діни деректерде баланы ертерек сүндеттеудің қолайлы екені айтылса, ханафи мәзһабы ғалымдарының пікірінде де белгілі бір жас шегі нақты бекітілмеген, – дейді «Һибатулла Тарази» мешітінің бірінші наиб иманы Нұралы Бақытұлы.
Медицина не дейді?
Халқымыздың ғасырлар бойы ұстанып келген сүндеттеу дәстүрін бүгінгі медицина да өзінше саралап, оның денсаулыққа қатысты қырларын зерттеп келеді. Алайда ата-ана үшін сүндеттеудің қай жаста жасалғаны ғана емес, баланың оған физикалық әрі психологиялық тұрғыдан дайындығы, дұрыс әдіс таңдалуы және кейінгі күтімі де аса маңызды.
Хирург Нұртуған Әлқуатовтың айтуынша, сүндеттеудің шариғатта немесе медицинада дәл белгіленген бір ғана жасы жоқ. Баланы туғаннан кейінгі алғашқы күндерден бастап, кез келген жаста сүндеттеуге болады. Халық арасында кең тараған үш, бес, жеті жас секілді тақ сандарға қатысты түсінік – дәстүрлік ұғым. Дәрігерлік тұрғыдан сүндеттеу уақытын баланың денсаулығы мен жеке жағдайына қарай белгілеген жөн.
Маман сүндеттеудің алғашқы күндері жасалуына медициналық тұрғыдан да себеп бар екенін айтады. Ағзадағы қанның ұюына жауап беретін факторлар бала өмірінің алғашқы күндерінде қалыптасып, жетінші күнге қарай өз деңгейіне жетеді. Дегенмен, нақты уақытты әр баланың жағдайына қарай дәрігермен кеңесіп таңдаған дұрыс.
Қазіргі таңда сүндеттеудің бірнеше әдісі бар. Олардың қатарында скальпель, қайшы және медицинада коагулятор немесе электропышақ деп аталатын құрал арқылы жасалатын тәсілдер кездеседі. Қоғамда «лазерлік сүндеттеу» деген атау жиі айтылғанымен, мұндағы басты ерекшелік – қан тамырларын бір мезетте коагуляциялап, қан кетуді азайту мүмкіндігі.
– Ата-аналар  көбіне қанамайды деген себеппен  коагуляторды  таңдайды.  Бұл   әдістің   артықшылығы  – ұсақ қан тамырлары бірден жабылады. Бірақ тінге күйік әсері болғандықтан, жазылу процесі скальпель немесе қайшымен жасалғандағыдан сәл ұзағырақ болуы мүмкін. Сондықтан әр әдістің өз артықшылығы мен кемшілігі бар, – дейді хирург.
Дәрігердің айтуынша, сүндеттеу әдісінен бұрын баланың анатомиялық ерекшелігін анықтап алған маңызды. Кейбір балалардың жыныс мүшесі терінің ішінде орналасып, сыртқа толық шықпауы мүмкін. Мұндай жағдайда бірден сүндеттеуге болмайды. Алдымен уролог қарап, қажет болса, хирургиялық ем жүргізуге тиіс. Сондай-ақ жыныс мүшесінің басы бұрыннан қабынып, фимоз секілді мәселелер болған балаларда жараның жазылуы ұзағырақ болуы ықтимал. Сондықтан мұндай жағдайды ата-ана алдын ала білгені жөн.
Сүндеттеуде баланың психологиялық дайындығы да назардан тыс қалмауы керек. Әсіресе, мектеп жасына жақындаған балалар бейтаныс ортадан, ауырсынудан немесе медициналық процедурадан қатты қорқуы мүмкін.
– Баланы қорқыныш үстінде сүндеттеуге болмайды. Кейде ата-аналар үйде дастархан жайылып, қонақтар күтіп отырғанын айтып, баланың жылап тұрғанына қарамастан рәсімді жасатқысы келеді. Бірақ бұл жерде бірінші орында баланың денсаулығы тұруы керек. Қатты қорқып, эмоционалды түрде ширыққан балаға процедура кезінде қиындық туындайды. Сондықтан бала дайын болмаса, асықпаған дұрыс, – дейді Нұртуған Айтуғанұлы.
Маман кей жағдайда баланың психологиялық жарақаты дене жарақатынан да ұзаққа созылуы мүмкін екенін ескертеді. Қатты қорқыныштан кейін кей балалардың мінез-құлқында өзгерістер, төсекке жіберіп қою, кекештену сияқты мәселелер туындауы ықтимал. Сондықтан баланың көңіл күйін алдын ала ескеріп, қажет болса, жансыздандыру тәсілін дәрігермен бірге таңдаған жөн. Жансыздандырудың жергілікті және жалпы түрлері бар. Қай әдістің қолданылатыны баланың жасына, салмағына, психологиялық жағдайына және медициналық көрсеткіштеріне байланысты анықталады. Дәрігердің сөзінше, анестезияны тиісті мөлшерде және маманның бақылауымен қолдану маңызды.
Сүндеттен кейінгі күтім де рәсімнің өзінен кем емес. Дәрігердің айтуынша, жазылу мерзімі қолданылған құралға ғана байланысты емес. Баланың жыныс мүшесінің жағдайы, қабынудың болуы және мүшенің басының ашық-жабықтығы маңыз-   ды рөл атқарады. Егер қабыну болмаса және мүшенің басы ашық болса, жара шамамен бес-жеті күнде жазылуы мүмкін. Ал бұрын қабыну болған немесе мүшенің басы жабық жағдайда сүндеттелген балаларда жазылу екі-үш аптаға дейін созылуы ықтимал.
Сүндеттен кейін баланы қысып тұратын киім кигізбей, кең әрі ыңғайлы киіммен жүргізген жөн. Арнайы іш киімді де қолдануға болады. Ал ауырсыну байқалса, балаға дәрігер ұсынған ауырсынуды басатын дәрілер ғана берілуі керек. Суға шомылдыру мәселесінде де дәрігердің кеңесін ұстанған дұрыс. Әдетте жараның бастапқы қабаты қалыптасқаннан кейін, шамамен үш-төрт күн өткен соң жуындыруға болады. Бірақ жараның жағдайына қарай бұл мерзім өзгеруі мүмкін.
Ең бастысы – сүндеттеуге дейін баланы урологқа көрсету. Кейбір туа біткен ерекшеліктерді алдын ала анықтамай тұрып жасалған рәсім кейін қиындық тудыруы мүмкін. Әсіресе, жыныс мүшесі терінің ішінде орналасқан балаларды асығыс сүндеттеуге болмайды. Дәрігер ата-аналарға тағы бір маңызды кеңес береді: баланың денсаулығына қатысты халық арасындағы түрлі түсінікке ғана сүйенбей, міндетті түрде маманға қаралған жөн. «Сүндеттеліп туды» деген жағдайдың өзінде баланы дәрігер қарап, анатомиялық тұрғыдан бәрі дұрыс екеніне көз жеткізуі қажет.
Айта кететін жайт, бүгінде заман талабына сай сіз молданың үйіңізге келгенін күтпей-ақ, өзіңіз қалаған дәрігерге, медициналық орталықтарға барып, қалаған уақытта балаңызды мұсылман ете аласыз. Тек қалтаңызда ақшаңыз болса болғаны. Медициналық орталықтардағы жұмыстың бағасы 30 мың теңгеден басталады. Мақала жазу барысында сұрап білгеніміз, қаланың тең жартсы Аюпов есімді азаматқа бұл үрдісті сеніп тапсырады екен. Ол кісі телефон арқылы тапсырыс алып, сіз айтқан мекенжайға келіп, 15-20 мың теңгеден бастап өз жұмысын тындырып кетеді.
Тобықтай түйін:
Сүндеттеу – халқымыз үшін қастерлі дәстүр. Дегенмен, дәстүрдің қадірін сақтай отырып, бүгінгі медицинаның мүмкіндігін де дұрыс пайдаланған жөн. Бала үшін ең маңыздысы – рәсімнің қалай атқарылғаны емес, оның қауіпсіз әрі сауатты жасалуы. Сондықтан ата-ана сүндеттеу уақытын таңдаудан бастап, әдісін анықтау, баланың психологиялық дайындығы мен кейінгі күтіміне дейін дәрігермен кеңесіп отырғаны абзал.
Арайлым ШАБДЕНОВА
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.