Тараз қаласы әкімдігінің ұйымдас- тыруымен БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Шараға Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дамир Жаманбаев қатысып, атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен алдағы жоба-жоспарлар жайында кеңінен баяндады.
Ең әуелі журналистер Рысбек батыр көшесіне барды. Қазір мұнда жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Ұзындығы 1,9 шақырымды құрайтын жол учаскесінде атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жолдың ені 8 метрден 12 метрге дейін кеңейтілген. Бұл көшенің көлік өткізу қабілетін арттырып, қозғалысты біршама жеңілдетуге мүмкіндік беріп отыр.
Жолдың техникалық жағдайын жақсартумен қатар, аталған аумақтың абаттандырылуына да ерекше көңіл бөлінуде. Осыған орай, келер жылы Төле би мен Рысбек батыр көшелерінің қиылысын көгалдандыру көзделуде.
Келесі кезекте БАҚ өкілдері Қолбасшы Қойгелді көшесіне аялдады. Бүгінде бұл көшенің Төле би даңғылы мен Қапал көшесіне дейінгі аралығында жөндеу жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр. Жөнделетін жолдың жалпы ұзындығы 3,15 шақырымды құрайды. Былтыр басталған құрылысты биыл толықтай аяқтау жоспарлануда.
Бұдан кейінгі бағыт А.Асқаров көшесі болды. Мұндағы жаңғырту жұмыстары Ғ.Байтасов көшесінен бастап, А.Асқаров көшесіндегі айналма жолға дейінгі 5,2 шақырымдық аралықты қамтиды. Құрылыс мердігері – «ЕрНұрЖан Құрылыс-2010» ЖШС. Жалпы аталған көшелерде жол жабынын толық жаңарту, инженерлік желілерді ретке келтіру, жол жиегін абаттандыру және көлік қозғалысын заманауи талаптарға сәйкестендіру жұмыстары қатар атқарылуда. Бұл жобалар аяқталғаннан кейін көлік ағынының өткізу қабілеті артып, жолдардың пайдалану мерзімі ұзара түседі.
– Биылға арналған жоспарға сәйкес, қала аумағында ұзындығы 34,7 шақырымды құрайтын 42 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Нәтижесінде бұрынғы тозығы жеткен көшелер жаңартылып, жол жамылғысының сапасы жақсарады. Сонымен қатар көлік қозғалысы қолайланып, тұрғындардың күнделікті қатынауына жайлы жағдай қалыптасады.
Жол инфрақұрылымын дамыту тек автомобиль жолдарын жөндеумен ғана шектелмейді. Биыл қалада тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы жүріп-тұруы үшін ұзындығы 14,8 шақырымды құрайтын жаңа жаяу жүргіншілер жолдарын салу жоспарланған. Бұл жоба, әсіресе, мектептер, балабақшалар, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй алаптарының маңындағы жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстардың нәтижесінде Тараз қаласында қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесі 71,5 пайызға дейін өсті. Бұл көрсеткіш қала жолдарының сапасын жақсарту бағытындағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесін көрсетеді, – дейді Дамир Исмаилбекұлы.
Баспасөз туры аясында шаһарда тұрғын үй құрылысы да қарқынды жүзеге асырылып жатқанына көз жеткіздік. Айталық, биыл облыс орталығында 62 тұрғын үй көтеруде. Бүгінге дейін оның 4-еуі ел игілігіне беріліп үлгерсе, жыл соңына дейін тағы 27 тұрғын үй құрылысын аяқтау көзделіп отыр екен.
– Соңғы жылдары Таразда баспанаға деген сұраныс айтарлықтай артты. Қазіргі таңда тұрғын үй алу кезегінде 32 мыңнан астам азамат тіркелген. Осыған байланысты бүгінде «Ұлы дала» шағынауданында – 11, «Балауса» шағынауданында – 17, «Шапағат» шағынауданында 34 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр.
Сонымен қатар әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарды баспанамен қамту мәселесі де назардан тыс қалмайды. Биыл аталмыш санатқа жататын азаматтарға 180 пәтер сатып алу үшін республикалық және жергілікті бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Осы жылдың соңына пәтерлерді толығымен сатып алып, мемлекет меншігіне өткізуді көздеп отырмыз, – дейді Д.Жаманбаев.
Таразда мемлекеттік бағдарламалар мен бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатқан жобалармен қатар, жеке инвесторлардың бастамасымен де жаңа көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеріп келеді. Осындай жобалардың қатарында «Aulet» және «Atlas Estate» тұрғын үй кешендерін атап өтуге болады. Құрылыс нысандарында тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетуге бағытталған заманауи шешімдер мен инфрақұрылымдық мүмкіндіктер қарастырылған.
Мәселен, «Aulet» тұрғын үй кешенінде қауіпсіздік пен тұрғындардың жайлылығына ерекше мән берілген. Мұнда IP бейне үй қоңырауы жүйесі қарастырылған. Цифрлық желі арқылы жұмыс істейтін бұл технология тұрғындар мен келушілер арасындағы бейнебайланыстың сапасын арттырып, үйге кіріп-шығуды бақылауға мүмкіндік береді.
Кешеннің тағы бір ерекшелігі – электромобильдерге арналған қуаттау станцияларының орнатылуы. Бүгінде электр көліктеріне деген сұраныс артып келе жатқанын ескерсек, мұндай инфрақұрылым – тұрғындар үшін маңызды артықшылықтардың бірі. Автокөлікті арнайы станцияда қуаттандыру мүмкіндігі уақытты үнемдеумен қатар, қоршаған ортаға зиянды шығарындыларды азайтуға бағытталған экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да ықпал етеді.
Тұрғындардың көлік мәселесін шешуге арналған жабық тұрақ – кешеннің маңызды бөліктерінің бірі. Мұндай тұрақ көлікті жауын-шашыннан, қатты аяздан және аптап ыстықтан қорғауға септігін тигізеді.
«Atlas Estate» тұрғын үй кешенінің де құрылысы қарқынды жүргізілуде. 12 қабаттан тұратын тұрғын үй заманауи талаптарға сәйкес жоспарланып, болашақ тұрғындарға қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған.
Аталған ауқымды жобалар Тараздың құрылыс саласындағы белсенділігін арттырып, тұрғындардың баспанаға деген сұранысын өтеуге қосымша мүмкіндік беретіні белгілі. Көне шаһарда жолдардың жөнделіп, жаңа тұрғын үйлердің бой көтеруі Тараздың сәулеттік келбетіне де оң әсер етіп, заманауи урбанистикалық ортаның қалыптасуына жол ашады.