Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жамбылдық дәрігерлер ірі қан тамырына тараған қатерлі ісігі бар науқастың өмірін сақтап қалды

0 32

Жамбыл облысының онкологиялық қызметі күрделі хирургиялық операцияларды жергілікті жерде орындауға мүмкіндік беретін жоғары деңгейге көтеріліп келеді. Мұның тағы бір айқын дәлелі – облыстық онкология және хирургия орталығы дәрігерлерінің 54 жастағы науқасқа жасаған бірегей әрі күрделі отасы.

Науқасқа жүргізілген тексеру барысында сол жақ бүйректе орналасқан қатерлі ісіктің ірі қан тамырының ішіне дейін тарағаны анықталған. Мұндай жағдай хирургиялық емдеуді айтарлықтай күрделендіріп, жоғары кәсіби шеберлікті, дәлдікті және заманауи медициналық мүмкіндіктерді талап етеді.

Дәрігерлер бір операция барысында қатерлі ісік орналасқан сол жақ бүйректі алып қана қоймай, қан тамырының ішіне өскен ісіктік тромбты да толық алып тастады. Ең күрделі сәттердің бірі – ірі қан тамырына зақым келтірмей, ісік тінін толық ажырату болды.

Операцияны облыстық онкология және хирургия орталығының директоры Жандос Сейдахметов жасады. Хирургиялық топ құрамында ассистент Мадияр Қамбарұлы мен анестезиолог Хашим Исманов болды. Мамандардың үйлесімді жұмысының арқасында жоғары күрделіліктегі ота сәтті аяқталды.

Отадан кейін науқаста асқыну байқалмай, жағдайы тұрақталды. Бұл – дәрігерлердің кәсіби біліктілігі мен тәжірибесінің, сондай-ақ облыстық онкологиялық қызметтің материалдық-техникалық базасы мен медициналық мүмкіндіктерінің артып келе жатқанының нақты көрінісі.

Бұған дейін осындай күрделі хирургиялық емді қажет ететін науқастар жоғары технологиялық медициналық көмек алу үшін Астана, Алматы сияқты ірі медициналық орталықтарға жіберілетін. Ал бүгінде Жамбылдық онкологтар мен хирургтер күрделі операциялардың бірқатарын өз өңірінде орындауға мүмкіндік алып отыр.

Бұл – пациент үшін де, өңір медицинасы үшін де үлкен жетістік. Себебі қажетті медициналық көмектің туған жеріне жақын жерде көрсетілуі науқастың уақытын үнемдеп қана қоймай, емді дер кезінде бастауға және оның нәтижелілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жамбыл облыстық онкология және хирургия орталығы бүгінде аймақтағы онкологиялық көмектің маңызды тірегіне айналып отыр. Мұнда тәжірибелі мамандардың кәсіби әлеуеті, заманауи диагностика мен хирургиялық емдеу тәсілдерінің енгізілуі медициналық көмектің сапасын жаңа деңгейге көтеруге жол ашуда.

Жамбылдық дәрігерлердің бұл жетістігі – аймақ медицинасының әлеуеті жоғары екенін көрсететін маңызды мысал. Ең бастысы, күрделі диагноз қойылған науқастарға сапалы әрі жоғары технологиялық медициналық көмекті өз өңірінде көрсету мүмкіндігі кеңейіп келеді.

Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.