Саяси жүйедегі өзгерістерді тек жаңа институттардың пайда болуымен өлшеу жеткіліксіз. Шынайы жаңару қоғамның саяси мәдениетінен, азаматтардың пікір білдіру тәсілінен және мемлекеттік шешімдерге деген көзқарасынан көрінеді.
Құрылтайдың қалыптасуы Қазақстандағы осындай жаңа кезеңнің басталуымен байланысты.
Бір палаталы жоғары заң шығарушы органның құрылуы заң шығару жүйесінің архитектурасын өзгертеді. Бірақ оның нәтижесі тек құрылымдық өзгерістен емес, жаңа институттың жұмыс мәдениетінен де байқалады.
Саяси мәдениет дегеніміз – азаматтың өз пікірін еркін білдіруі ғана емес. Ол өзгенің пікірін құрметтеу, пікір алуандығын қабылдау, заң шеңберінде әрекет ету және қоғамдық мәселелерді эмоциямен емес, дәлел мен дерек арқылы талқылау қабілетін де қамтиды.
Қазіргі қоғамда бұл мәселенің маңызы артып отыр. Ақпараттық кеңістіктегі пікірлердің көптігі адамдардың саяси көзқарасына әсер етеді. Сондықтан саяси сауаттылық пен ақпараттық мәдениет қатар дамуы қажет.
Құрылтай депутаттары үшін де жаңа саяси мәдениеттің талаптары жоғары болады. Депутат қоғамның белгілі бір бөлігінің ғана емес, заң шығарушы органның мүшесі ретінде кең ауқымды мәселелерді қарастырады. Бұл өз кезегінде пікірлердің алуандығын ескеруді, шешім қабылдау кезінде жеке мүддеден жоғары қоғамдық жауапкершілікті ұстануды талап етеді.
Саяси мәдениеттің тағы бір маңызды белгісі – сынға деген көзқарас. Сын мемлекеттік институттардың әлсіздігін білдіретін құбылыс ретінде емес, мәселені анықтауға мүмкіндік беретін қоғамдық кері байланыс ретінде қабылданғаны жөн. Бірақ сын нақты дерекке, заң талаптарына және конструктивті ұсынысқа негізделген кезде ғана пайдалы нәтижеге жеткізеді.
Институттар өзгереді, заңдар жаңарады, басқару тетіктері жетілдіріледі. Ал осы өзгерістердің ұзақ мерзімді нәтижесі қоғамның оларды қабылдау мәдениетіне және азаматтардың қоғамдық үдерістерге жауапты қатысуына байланысты.
Сондықтан Құрылтайдың қалыптасуы – жаңа заң шығарушы органның пайда болуымен қатар, саяси мәдениеттің де жаңа деңгейін қалыптастыруға мүмкіндік беретін кезең.
Қамысбай Сауқымов,
Талс аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары