Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Намаз – жүректің нұры

0 68

Исламның бес парызының алғашқысы иман болса, екіншісі – намаз. Намаз – діннің тірегі, иманның белгісі, жүректің нұры, рухтың қуаты, мусылманның миғражы. Адам баласының ең қайырлы, ең пайдалы амалы – намаз. Біздер намаз арқылы Жаббар иені әрдайым еске алып, оған бір табан болса да жақындай түсеміз. Бұл тұрасында аятта : «Мені еске алу үшін намаз оқы» делінген. Намаз оқудан бұрынғы үмбеттерге де парыз етілгендігі тұрасында Құран кәрімде көптеген аяттар бар. Адамдар үшін ең сауапты құлшылық болып табылады.

Намаз – мазмұны мен мәні терең, қасиетті құлшылық. Оның артықшылығын санап тауыса алмайсың. Құлшылық етіп намаз оқығандар ақиретте Жаратушының көз көріп, құлақ естімеген сый-сияпатына бөленіп, жүзі нұрлы болады. Ал оны біле тұра оқымағандарға тиісінше азап бар. Абай атамыз: «Ақылдыға иман парыз, ал имандыға ғибадат парыз» дегені де осыған сай айтылған болса керек. Хадисте: «Біреу намаз оқығанда, ол іштей Алламен сөйлесіп тұрады» делінген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен игілігі болсын) намазға қатты көңіл бөлетін, бір сөзінде: «Намаз –менің көзімнің қарашығы (нұры), жұбанышым» – деген.
Біздің намаз құлшылығымыз күнәларды жуып-шаяды, тозақ отыннан алыстатады. Мұны білген халифа Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) намаз уақыты жақындағанда: «тұрыңдар жаққан оттарыңды өшіріңдер» – деп, күнә адамды тозақ отына жетелесе, намаз ол отты сөндіруші екендігін ескерткен. Алла Тағала жер жүзінде әр бір адам баласына, намазға лайықты болуымызды нәсіп етсін.

Шүкіршілік

Шүкір – жаратылыстың сыры, шүкір – дүниенің мәйегі, шүкір – адамдық-тың рәмізі, шүкір ету – пенденің ең үлкен міндеті. Шүкір – жақсылық иесіне жақсылығы үшін қарыздар екеніңді сезіну, оның алдында бас иіп, алғыс-рақметіңді білдіру.
Міне, жаратылыста шүкір осыншалықты маңызды бола тұра, өкініштісі, адам баласының көбі бұл қасиеттен мақұрым. Құран Кәрім бұл шындықты: «Құлдарымның арасында шүкір етушілер өте аз», – деп ескертеді.
Иә, адам баласы кішкене ойланып-толғанса, өзін қоршаған қай нәрсенің болмасын Алла тарапынан арнайы әзірленіп, адам баласының қыз- метіне ұсынылғанын түсінері сөзсіз. Тіпті, өзінің жоқтан бар етіліп, тіршілік иесі болуының өзі баға жетпес нығмет. Бірақ, бір қынжылтатыны, бұл нығметтің қадірін жете түсініп, Жаратушысына деген шүкірінен жаңылмайтын тіршілік иесі өте аз.
Мысалы, дарға асылайын деп тұрған жерінен бір адамды екінші бір адам құтқарып қалса, өлім аузынан қайтқан адам өміріне себеп болған әлгі адамға: «Мен саған бұдан былай қарыздар болып өтемін, – деп оның алдында құрақ ұшады. Істеген бір ғана жақсылығы үшін бас иіп, өмір бойы ізет білдірері сөзсіз. Ал енді бізді жоқтан бар етіп жаратып, әр ауа жұтып, тыныс алған сайын бізді бір өлімнен құтқарып, бір өмір сыйлаған Жаратушымызды ұмыт қалдырып, жақсылығы үшін алғысымызды білдірмеуіміз дұрыс па?
Ұлы Жаратушымыздың адамға берген жақсылық, нығметтері шексіз. Құранда: «Егер Алланың сендерге берген нығметтерін санасаңдар, санап тауыса алмайсыңдар», – делінеді.
Біз, адам баласы, денсаулықтың, әрбір он екі мүшеміздің баға жетпес нығ-мет екенін ойлап, қадірін түсіндік пе? Оларды бізге тегін берген Раббымызға рақметіміз бен алғысымызды білдіріп, Оған қарыздар екенімізді сездік пе? Шындығында, бізге бұл сұраққа жауап беру оңайға соқпаса керек.

Ішкі парыздары

1. Ифтитах (бастау, ашу) тәкбірі: Ифтитах тәкбірі – намазға бастарда алынатын тәкбір. Яғни, тіке тұрып, «Аллау әкбар» сөзін айтып, құлақ қағу. Тәкбір ниеттен кейін алынып, имамның тәкбірінен кейін алынуы қажет-дүр.
2. Қиям (түрегеп тұру): Қиям – тіп-тік түрегеп тұру деген мағынаға келеді. Намазда негізгі парыздардың бірі саналып, әр рәкатта Құраннан бір сүре оқылатындай уақыт тұру.
3. Қырағат: Қырағат – оқу деген сөз. Бұл жерде «Құран оқу» мағынасын білдіреді. Намазда оқылатын аяттың ең қысқасы Әбу Ханифа бойынша үш аят немесе осы үш аяттың көлеміндей бір яки екі аят.
4. Рүкүғ: Намаздың негізгі тіректерінен болған рүкүғ қолдарды тізеге қойып, төмен қарай иілу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жасаған ең жақсы рүкүғ – арқа мен бастың түп-түзу иілуі.
5. Сәжде: Сәжде – намаздың парызы. Сәждеде маңдай, жүз, екі аяқ пен екі қол, екі тізе жерге немесе жермен жалғасқан бір нәрсеге қойылады. Сәжде әрбір рәкатта – екі рет жасалады.
6. Ақырғы отырыс: Намаздың соңында «тәшәһһүд» шамасындай отыру – намаздың тіректерінің бірі, яғни парыз. Тәшәһһүд шамасы деген – «әт-та-хият» дұғасын оқитындай уақыт.

Жұма намазы

Жұма намазы – дінімізде өте маңыз- ды саналатын, жамағатпен орындалатын апталық ғибадат. Жұма күнінің ежелде еврей және христиандар үшін апталық ғибадат күні болғандығы, кейіннен еврейлер бұл күннің орнына сенбі күнін, христиандар жексенбі күнін апталық ғибадат күні ретінде өзгертіп қабылдағаны және Ислам діні келгеннен кейін ұмыттырылған қасиетті бұл күннің мұсылмандарға қайтадан оралуы жайлы Пайғамбарымыз (с.а.у) былай дейді: «Біз – бұрынғы кітап берілгендерге қарағанда, ең соңғысымыз. Қияметте – ең алға өтеміз. Олар Алланың өздеріне парыз еткен осы жұма намазы күні жайында қарама-қайшы пікірге түсті. Алла оны бізге көрсетті. Басқа адамдар бұл туралы бізге бағынады. Жұма күнінің ертеңі – яһудилердікі, одан кейінгі күн – хрис- тиандардікі».

Жұма намазының парыздығының шарттары

Жұма намазының кімге парыз екені жайлы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Аллаға және ақырет күніне сенгендерге – жұма намазы парыз. Бірақ жолаушы, құл, бала, әйел және науқастар бұдан тыс». Яғни бұлардан басқа барлық мұсылмандарға жұма намазы парыз.

Абдул Дургалов,
дінтанушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.