Қаланың көркі – оның зәулім ғимараттарымен өлшенбейді. Ол тап-таза көшелерімен, күтімі келіскен аулаларымен, жайқалған жасыл желегімен және тұрғындардың тазалыққа деген мәдениетімен өлшенеді. Таза әрі көрікті орта – әрбір адамның жайлы өмір сүруінің кепілі. Сондықтан да мемлекет елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған жаңа талаптарды кезең-кезеңімен жетілдіріп келеді.
Осы мақсатта 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда абаттандырудың жаңа Үлгілік қағидалары күшіне енді. Жаңартылған құжат қалалар мен ауылдардың тазалығын қамтамасыз етуге, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, сәулеттік келбетін жақсартуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Ең бастысы – бұл құжат мемлекет пен жергілікті атқарушы органдардың ғана емес, кәсіпкерлер мен тұрғындардың да ортақ жауапкершілігін нақты айқындап берді.
Жаңа қағидалардағы ең маңызды өзгеріс- тердің бірі – іргелес бес метрлік аумақты күтіп-ұстау міндетінің енгізілуі.
Енді жергілікті қағидаларда өзгеше талап көзделмеген жағдайда, тұрғын үйдің немесе кәсіпкерлік нысанның меншік иесі өз ғимаратының периметрі бойынша бес метрге дейінгі аумақтың тазалығын қамтамасыз етуге міндетті болады. Бұл аумақта қоқыс жиналмауы, арамшөп өспеуі, тұрмыстық қалдықтар шашылмауы және санитарлық талаптардың сақталуы қажет.
Бұл өзгерістің басты мақсаты – тазалықты тек коммуналдық қызметтердің міндеті деп қарамай, әр азаматтың өз аумағына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру. Өйткені әркім өз үйінің немесе нысанының айналасын таза ұстаса, бүкіл көше, аудан, қала көркейе түседі.
Құрылыс материалдары көшеде үйілмеуге тиіс
Көпшілік арасында жиі кездесетін мәселелердің бірі – құрылыс материалдарының көшелер мен тротуарларда ұзақ уақыт сақталуы. Бұл тұрғындардың жүріп-тұруына қолайсыздық туғызып қана қоймай, жол қозғалысының қауіпсіздігіне де кері әсер етеді.
Жаңа Үлгілік қағидаларға сәйкес, құрылыс материалдарын тек құрылыс немесе жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан кезеңде ғана уақытша орналастыруға рұқсат беріледі. Оның өзінде олар жаяу жүргіншілердің еркін қозғалысына немесе көлік қатынасына кедергі келтірмеуге тиіс. Бұл талап елді мекендердің эстетикалық келбетін сақтаумен қатар, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де бағытталған.
Ауладағы тәртіпке жаңа талаптар
Тұрғындардың жайлы өмір сүруіне әсер ететін маңызды мәселелердің бірі – көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларындағы тәртіп.
Жаңа қағидаларға сәйкес, енді аулаларда ұзақ уақыт бойы пайдаланылмайтын, техникалық жағынан жарамсыз көлік құралдарын қалдыруға жол берілмейді. Мұндай көліктер аула кеңістігін тарылтып қана қоймай, балалардың қауіпсіздігіне қауіп төндіреді және өрт қауіпсіздігі талаптарына да қайшы келеді.
Сонымен қатар кейбір тұрғындардың автотұрақ орнын өз бетінше қоршап, түрлі темір бағаналар немесе шектеуіштер орнату тәжірибесіне де шектеу қойылды. Ортақ аумақ – барлық тұрғынға ортақ игілік. Сондықтан заңсыз тұрақ шектеуіштерін орнатуға тыйым салынады.
Жасыл желек – баршаға ортақ байлық
Ағаштар мен гүлзарлар – қаланың көркін ашып қана қоймай, қоршаған ортаның экологиялық жағдайын жақсартатын маңызды факторлардың бірі.
Жаңа қағидаларда жасыл желектерді күтіп-ұстауға жауапты тұлғалар нақты белгіленді. Бұдан былай саябақтар, скверлер және жалпы пайдаланылатын гүлзарлар үшін жергілікті атқарушы органдар жауап береді. Ал көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларындағы ағаштар, көгалдар мен гүлзарларды күтіп-баптау міндеті мүлік иелері бірлестіктеріне (МИБ) және басқарушы компанияларға жүктеледі.
Бұл өзгеріс жасыл аймақтардың күтімсіз қалмауына және жауапкершіліктің нақты бөлінуіне мүмкіндік береді.
Қоғамдық кеңістіктер бұрынғыдан да жайлы болмақ
Қазіргі заманғы қала тек әдемі ғимараттармен ғана емес, адамдарға қолайлы қоғамдық кеңістіктерімен ерекшеленеді.
Сондықтан жаңа Үлгілік қағидаларда жаяу жүргіншілер жолдарының сапасына, балалар ойын алаңдарының қауіпсіздігіне, спорт алаңдарының жағдайына, көшелердің жарықтандырылуына, көгалдандыру жұмыстарына және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған кедергісіз орта қалыптастыруға ерекше назар аударылған.
Бұл талаптар қалалардың барлық тұрғындары үшін қауіпсіз әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруды көздейді.
Үй жануарларын серуендетудің жаңа мәдениеті
Қала тазалығын сақтау тек көшелер мен аулаларды жинаумен ғана шектелмейді. Үй жануарларын ұстау мәдениеті де маңызды рөл атқарады.
Жаңа қағидаларға сәйкес, иттерді арнайы белгіленген орындарда серуендету ұсынылады. Сонымен бірге жануар иелері серуендеу кезінде үй жануарларының қалдықтарын дереу жинауға міндетті. Ал балалар ойын алаңдарында және спорт алаңдарында үй жануарларын серуендетуге жол берілмейді. Бұл талап ең алдымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және санитарлық тазалықты сақтауға бағытталған.
Түсіндіру жұмыстары басталды
Тазалық – бір күндік сенбілікпен немесе коммуналдық қызметтің еңбегімен ғана қалыптаспайды. Ол – күнделікті өмір салтының, азаматтық мәдениеттің және туған жерге деген жанашырлықтың көрінісі.
Жаңа Үлгілік қағидалар әр тұрғынға нақты міндет жүктейді. Бір қарағанда қарапайым көрінетін аумақты таза ұстау, қоқысты уақытында шығару, ағаш отырғызу немесе балалар алаңын күтіп ұстау сияқты әрекеттердің өзі үлкен нәтижеге бастайды.
Жаңа Үлгілік қағидалардың талаптарын тұрғындар мен кәсіпкерлерге кеңінен түсіндіру мақсатында Әулиеата ауданында арнайы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдас- тырылды. Іс-шара барысында кәсіпкерлік нысандары, сауда орындары мен халық көп шоғырланатын аумақтар араланып, жаңа заң талаптарының мазмұны мен олардың орындалу тәртібі жан-жақты түсіндірілді.
Түсіндіру жұмыстарына Әулиеата ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығын дамыту бөлімшесінің басшысы Д.Егеубаев, бөлімшенің бас маманы Қ.Амангелді және Әулиеата УПП №7 инспекторы, полиция аға лейтенанты Қ.Жаманбаев қатысты. Мамандар кәсіпкерлермен және тұрғындармен жүздесіп, енгізілген өзгерістердің негізгі мақсаты тазалықты сақтау ғана емес, қоғамдық тәртіпті нығайту, елді мекендердің көркін арттыру және қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру екенін атап өтті.
– Кездесулер барысында тұрғындарға жаңа талаптардың әрқайсысы жеке-жеке түсіндірілді. Кәсіпкерлерге нысандарының сыртқы келбетін жақсарту, қасбеттерін ретке келтіру, қоршауларын жөндеу, автотұрақтардың жолақтарын жаңарту, аумақты көгалдандыру, ағаштар мен гүлзарлар отырғызу бойынша нақты ұсыныстар берілді. Мұндай жұмыстар елді мекеннің сәулеттік келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындар үшін қолайлы әрі тартымды орта қалыптастыруға ықпал ететіні айтылды.
Түсіндіру барысында азаматтардың қойған сұрақтарына жан-жақты жауап беріліп, жаңа талаптарды орындау тәртібі мен жауапкершілік шаралары түсіндірілді. Сондай-ақ абаттандыру қағидаларын сақтамаған жағдайда Қазақстан Респуб- ликасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделгені, заң талаптарын бұзған тұлғаларға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатыны ескертілді, – деді Әулиеата ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығын дамыту бөлімшесінің басшысы Дархан Егеубаев.
Мұндай кездесулердің басты мақсаты – тұрғындар мен кәсіпкерлерді жауапкершілікке тарту емес, ең алдымен заң талаптарын кеңінен түсіндіріп, қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыру. Өйткені таза әрі көрікті елді мекен – мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір тұрғынның, әрбір кәсіпкердің және бүкіл қоғамның ортақ еңбегінің нәтижесі. Өз қаламыздың көркеюі мен тазалығы әрқайсымыздың күнделікті ісімізден басталады. Сондықтан жаңа талаптарды орындау – заң алдындағы міндет емес, туған өлкеге деген құрметтің, қоғамдық мәдениеттің және ортақ жауапкершіліктің айқын көрінісі. Таза қала – әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі.
Арайлым Шабденова