Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жердің тілін білетін еңбек адамы

0 22

Ауыл шаруашылығында табысқа жетудің бір ғана жолы бар – жердің жайын терең түсініп, маңдай термен еңбек ету. Мойынқұм ауданындағы Бірлік ауылында осы ұстанымды өмірлік қағидасына айналдырған азаматтардың бірі – Алмабек Әбдіхалықов. Ол көп жылдан бері егін шаруашылығымен айналысып, тәжірибесін ұдайы жетілдіріп келеді. Ең бастысы – әр маусымда жердің мүмкіндігін тиімді пайдаланып, мол өнім алуға күш салады.

Биыл шаруашылықта тары өсіруге ерекше көңіл бөлінген. Бұл дақыл үш гектар алқапқа егілген. Егістікке қарап-ақ оған тұрақты күтім жасалғанын аңғаруға болады. Суару жұмыстары уақытылы жүргізіліп, барлық агротехникалық талаптар сақталған.

Алмабек Әбдіхалықовтың айтуынша, тары – қазақ даласында ежелден өсіріліп келе жатқан құнарлы әрі өнімді дақылдардың бірі. Оның басты ерекшелігі – дұрыс күтім жасалған жағдайда мол өнім беруінде.

– Егіншілік – күнделікті жауапкершілікті талап ететін сала. Жерге дән сепкеннен кейін жұмыстың бәрі енді ғана басталады. Әр күнгі суару, күтіп-баптау, арамшөппен күресу – бәрі өнімнің сапасына әсер етеді. Еңбекке адал болсаң ғана жер есесін қайтарады, – дейді шаруашылық иесі.

Оның есептеуінше, биыл әр гектардан шамамен 35 центнер өнім жинауға мүмкіндік бар. Үш гектар жерден алынатын өнім көлемі он тоннаға жуықтайды деп күтілуде. Әрине, тазалау мен сұрыптау жұмыстары аяқталғаннан кейін өнім көлемі азаяды. Дегенмен барлық шығындарды есептегеннің өзінде шаруашылықтың табысты болуы күтіледі.

Шаруашылық тек тары өсірумен ғана шектелмейді. Мұнда 18 гектар алқапқа жоңышқа егілген. Мал азығына қажетті бұл дақыл жылына үш рет орылып, шаруашылықтың тұрақты табыс көздерінің біріне айналған.

Алмабек Әбдіхалықов алдағы уақытта өнімділігі жоғары «алабүйрек» тары сұрпына толық көшуді жоспарлап отыр. Оның пікірінше, сапалы тұқым мен дұрыс агротехника қатар жүргенде ғана жоғары нәтижеге қол жеткізуге болады.

Шаруашылықтың жұмысы бір адамның еңбегімен ғана шектелмейді. Алмабек Әбдіхалықов «Байбарақ Агро» ауыл шаруашылығы құрылымына жетекшілік етеді, ал «Батеке» шаруа қожалығын ұлы Мархабат Тезекбаев басқарады. Әкеден балаға жалғасқан еңбек дәстүрі бүгінде өз жемісін беріп келеді.

Бұдан бөлек, отбасы ауылдағы кәсіпті әртараптандыруды көздеп отыр. Алдағы уақытта үй ауласынан бес сотық жерге жылыжай салып, қияр мен қызанақ өсіру жоспарда бар. Бұл бастама ауыл тұрғындарын сапалы көкөніспен қамтамасыз етуге және отбасының шаруашылығын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Алмабек Әбдіхалықовтың өмір жолы – адал еңбек пен табандылықтың нақты көрінісі. Ол басшылық қызметте болғанымен, күнделікті жұмыстан шет қалмайды. Таңсәріден егістік басында болып, жердің жағдайын өзі бақылайды, суару жұмыстарын ұйымдастырады. Осындай жауапкершілік пен еңбексүйгіштіктің арқасында шаруашылық жылдан-жылға дамып, тұрақты нәтиже көрсетіп келеді.

Жерге жанашырлықпен қарап, әрбір маусымды тиімді пайдалану – ауыл шаруашылығындағы табыстың басты кепілі. Бірлік ауылындағы еңбек адамдарының тыныс-тіршілігі осының айқын дәлелі. Еңбекке деген құрмет пен туған жерге деген жанашырлық ұштасқанда ғана ауылдың берекесі артып, елдің ырысы молая түседі.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.