Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен қала әкімдігі жанындағы Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Жиынға Жамбыл облысы Полиция департаменті Профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы, полиция полковнигі Данияр Асылбеков, құқық қорғау органдарының, мемлекеттік мекемелердің басшылары мен жауапты сала өкілдері қатысты.
Комиссия отырысының күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Атап айтқанда, «Тараз – қауіпсіз қала» жобасының іске асырылу барысы, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол жүрісі қауіпсіздігін арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар және қаладағы қоғамдық-саяси ахуал мен ықтимал наразылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар талқыланды.
Алғашқы мәселе бойынша Тараз қаласы Полиция басқармасы бастығының орынбасары Данияр Азимов баяндама жасап, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы криминогендік жағдайға тоқталды.
Баяндамада қабылданған профилактикалық шаралардың нәтижесінде жалпы тіркелген қылмыстар саны 15, 6 пайызға төмендеп, 1 194-тен 1 008 дерекке дейін азайғаны, ал қылмыстардың ашылу көрсеткіші 62, 1 пайыздан 67, 7 пайызға дейін өскені айтылды. Сондай-ақ ауыр қылмыстардың ашылуы 68, 2 пайыздан 76, 6 пайызға дейін жақсарған. Сонымен қатар әлеуметтік тұрақсыздық тәуекелдерін туындатуы мүмкін мәселелер тұрақты бақылауда екені айтылып, жалақы бойынша берешектер, кәсіпкерлердің көтерген мәселелері, инженерлік инфрақұрылым және экологиялық сипаттағы өзекті мәселелерді шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды.
Жиында сөз алған Жамбыл облысы Полиция департаменті Профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы, полиция полковнигі Данияр Асылбеков күн тәртібінде көтерілген мәселелер бойынша жауапты мемлекеттік органдардың басшыларына нақты сауалдар қойып, олардың шешілу барысын тұрақты бақылауда ұстаудың маңыздылығына тоқталды.
Отырыс қорытындысында қала әкімі Бақытжан Орынбеков жауапты мемлекеттік органдарға қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту, қоғамдық-саяси ахуалды тұрақты бақылауда ұстау және тұрғындардың өзекті мәселелерін уақытылы шешу бойынша нақты тапсырмалар берді.
Еркін САЙЫН